Сенатта «Қазақстанның инвестициялық ахуалы және инвестициялық тартымдылығы» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндамасы тыңдалды.
Жиынды ашқан сенатор Сұлтанбек Мәкежанов елімізде инвесторларға, бизнес-климаттың қолайлы аспектілеріне көңіл бөлініп отырғанына назар аударды. Осы орайда, Үкімет сағатын өткізудің басты мақсаты – қазіргі таңдағы инвестициялық ахуалды және онымен байланысты проблемалық мәселелерді, инвесторлар үшін тартымдылық факторларын, инвесторлармен жұмыс істеу тәсілдерін талдау екенін атап өтті.
Үкімет сағатында кіріспе сөз сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина заңнамада елімізде инвестициялық белсенділікті ынталандырудың түрлі тетіктері қарастырылғанын атап өтті. Осылайша, Қазақстанда инфрақұрылымды және кең ауқымды инвестициялық преференцияларды қамтамасыз ететін 14 арнайы экономикалық және 33 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бизнесті ашу және жүргізу рәсімдері жеңілдетілді, берік нормативтік құқықтық база және инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
«Қазақстан тартымдылығының негізгі көрсеткіші – 2022 жылы елімізге құйылған рекордтық көрсеткіштегі 28 млрд долларды құраған тікелей шетелдік инвестиция. Бұл соңғы 10 жылдағы инвестицияның ең үлкен көрсеткіші. Ішкі жалпы өнім көлемі 2022 жылы 2,1 пайызға көбейді. Ал нақты өсіммен 220,5 млрд долларды құрады. Еліміз сыртқы сауда айналымын өте қарқынды ұлғайтып келеді. Өткен жылы 134,4 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артты», деді О.Перепечина.
Баяндамашының айтуынша, шетелден тікелей тартылған инвестицияның ауқымды екеніне қарамастан, Қазақстан әлі де шикізат сатумен ғана айналысып отыр. Мәселен, тау-кен өнеркәсібіне 12,1 млрд доллар инвестиция құйылса, өңдеу өнеркәсібіне небәрі 5,6 млрд қаражат келген. Депутат шетелдіктер Қазақстанда тек шикізат өңдеуге ғана қызығатынын алға тартты.
Сенат төрағасының орынбасары өз сөзінде елімізге бет алған инвестицияның басым бөлігі, өкінішке қарай, шикізат секторы мен инфрақұрылымға ғана келіп жатқанын атап өтті. Депутат еліміздің арнайы экономикалық аймақтарын дамыту жағдайын мысалға келтірді. АЭА аумағында өнеркәсіп кәсіпорындарын құруға келген инвестицияның жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрағанын, оның 65%-ы квазимемлекеттік сектордың қатысуымен болып отырғанын атап өтті.
«Осыдан кейін Қазақстанға келген шетелдік капиталды шикізат өндіруден басқа ешқандай сала қызықтырмайды деген қорытынды сұранып тұр. АЭА-ға инвестиция тартуға кедергі келтіретін негізгі проблемалар инфрақұрылымның аяқталмауы, білікті кадрлардың тапшылығы, АЭА-ның жұмыс істеу мерзімінің аяқталу кезеңі мен инвестор ақшасының өтелуінің мерзімінің қолайсыздығы және тағы басқа мәселелер өзекті болып отыр», деді О.Перепечина.
Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз кезегінде бүгінгі таңда инвестициялық келісімшарттар жасасу жөніндегі функцияны Сыртқы істер министрлігінен алып жергілікті атқарушы органдарға беру қажеттігін атап өтті.
«Инвестициялық келісімшарттар аясында инвесторлардың қарсы міндеттемесінің көзделуі, жасалған уағдаластықтар бойынша атқарушы органдардың бұрын қабылданған міндеттемелерді негізсіз қайта қарауына тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекіту, инвесторлар шағымдарының тиімді қаралуы, сондай-ақ олардың мәселелерін сотқа дейінгі тәртіппен шешу мақсатында Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде инвестициялық омбудсмен орынбасары лауазымын енгізу арқылы Инвестициялық омбудсмен институтын күшейту қажет. Осы және басқа да ұсыныстар Үкіметке ұсыным түрінде жіберіледі», деді сенатор.
Бұдан кейін сөз алған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлемдік инвестициялық қызметтің өзгеруінің бірқатар үрдісін атап өтті. Біріншіден, әлемдік тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 24 пайызға төмендеген. Бұған геосаясат және жалпы әлемдегі экономикалық, қаржылық жағдайлар ықпал етіп отырғанына тоқталды.
«Екінші, инвестициялардың жаһандық нарығының бөлшектенуі байқалады. Елдердің бүгінде географиялық жақындыққа қарағанда, геосаяси жақындығы инвестициялау туралы шешім қабылдауда үлкен рөл атқарады. Бұл геосаяси жағдайларға байланысты және достас емес елдерден достас елдерге капиталдың көшірілуіне әкеледі. Бұл ретте, мұндай жағдайда дамушы елдер экономикасы дамыған елдерге қарағанда осал.
Үшінші, экономиканың даму деңгейіне байланысты инвестициялық саясат көп бағытты. Дамыған елдер қабылдаған 113 шара осы елдердің экономикаларына шетелдік инвестицияларды да, өз елдерінен үшінші елдерге инвестицияларды да шектейді. Бұл көбінесе санкциялық және санкцияға қарсы шараларға байланысты. Дамушы елдерде жағдай керісінше. Олар қабылдаған шаралардың жалпы санының 95 пайызы инвестициялар ағынын ынталандырады», деді Ә.Қуантыров.
Төртіншіден, инвестициялардың салалық құрылымы өзгерген. Атап айтқанда, мұнай-газ саласына инвестициялар артып отыр. Сала басшысы 2022 жылы геосаяси жағдайларға байланысты осы салаға инвестиция артқанына назар аударды.
«Күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, 2022 жылы Қазақстан экономиканың нақты өсуі 3,2 пайызды құрады. Елге бұрын-соңды болмаған, 18 пайызға өсіп, 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2012 жылдан бері рекордтық деңгейде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 8 пайызға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 млрд долларды құрады.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27 пайызға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға артып, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 33,5 пайыздан 36 пайызға дейін өсті. Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық сенімділік деңгейіндегі тәуелсіз рейтингісін растады», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, биыл негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция құйылған. Бұл өткен жылдың қорытындысынан 22 пайызға артық. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шаралары кеңейтілген.
«Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 116-ға ұлғайтылды. Қызметтің бірқатар басым түрлері бойынша пайыздық ставканы субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру 224 млрд теңгеге дейін жетті. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделген. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.
Өткен жылдың шілдесінде Қазақстанның 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Ол жаңа инвестициялық циклді қалыптастыруға және жаңа трендтерді, соның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға бағытталған. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама шеңберінде Инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларының кең секторы жұмыс істейді.
Инвестициялық преференциялар ретінде келісімшарттар мен арнайы инвестициялық келісімшарттар шеңберінде басым секторларда жұмыс істейтін компаниялар салықтар мен кедендік баждардан босатуды, заттай гранттарды алады», деді Ә.Қуантыров.
Сала басшысы арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Мәселен, Жер кодексіне барлық инвестициялық міндеттемелерді орындағаннан кейін оған қатысушылар үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін көздейтін өзгертулер енгізілген.
Іс-шара барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП басшылары, сондай-ақ салалық сарапшылар да баяндама жасады.
Сенаторлар жұмыс барысында қатысушылармен бірлесе отырып инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау, кедендік бақылау, салық және басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелерін де қарады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ