Қарлаг еңбекпен түзеу лагері КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы мамырдағы қаулысы бойынша ашылды. Келесі жылы, 1931 жылдың 19 желтоқсанында Қарағанды еңбекпен түзеу лагері қайта құрылып, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка кенті болып бекітілді. Оған 120 мың гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді.
Қарлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағын алып жатты. Егер 1931 жылы Қарлаг аумағы 53 мың гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектарға жетті. 1931 жылы Қарлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске қалыптасты. Ал 1953 жылы олардың саны 26 бөлімше, 192 лагерь учаскесіне жетті. Әрбір бөлімше бірқатар шаруашылық бөлімшесіне бөлініп, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша мен 10 егістік учаскесі болды. Лагерьдің экономикасын дамыту үшін осында тұтқында отырған ғалымдар еңбегі кеңінен қолданылды. Қарлаг ғалымдары шаруашылық жерлерін зерттеумен белсене шұғылданып, топография, гидротехника, ботаника, метеорология, топырақтану ғылымдары бойынша терең зерттеулер жүргізді. Олар лагерь экономикасын ғылыми деңгейге көтере білді. Қарлаг өз заманының озық үлгілі, үкімет тапсырыстары мен жоспарларын үнемі артығымен орындап отырған ірі шаруашылық болып қалыптасты. Бұл жетістіктер бірінші кезекте тұтқындардың еңбегін аяусыз қанап, адам төзгісіз жағдайда ауыр жұмыс істетуге негізделді. Осындай қиыншылықтар мен қорлықтарға шыдай алмаған Қарлагтың Шахан елді мекеніндегі суландыру жүйесінде жұмыс істеп жүрген бір топ шешендер мен ингуштер молдаларының ұсынысымен өздерін-өздері улап, дәрігерлік көмектің арқасында ғана тірі қалады.
Қарлаг қызметшілері тұтқындарға неше түрлі айуандық жасап баққан. Мұсылман тұтқындарды бөлектеп, олардан «нацмендер бригадасы» («нацмен» – «национальное меньшинство» деген сөздің қысқартылған түрі) атты топтар құрған. Бригада мүшелерін жазықсыз қорлап, балағаттап, ұрып-соғу фактілері жиі кездескен. Қарлагтың мас бақылаушылары тұтқындардың діни нанымдарын келеке етіп, оларды соққыға жығып, «құдайдан бездіру» тәсілін қолдануды әдет қылған. Қарлагта күнара шығып тұратын «Путевка» атты газеттің 1934 жылғы 19 шілдедегі санында Бұрма бөлімшесінде күндізгі бақылаушы Петров дегеннің №13 баракта тұратын Хаджи Мұсаевты жазықсыз соққыға жыққаны туралы айтылады. Петров әуелі Мұсаевтың бас киімін жұлып алып, аяғымен таптап, балағаттаған. Соңынан таяқпен төпелеп ұрып, ауыр жарақаттаған. Аталған газеттің №38 санында лагерьдің Шахан бөлімшесінде Гордиенко деген звено жетекшісі Шынтаев деген тұтқынның нанын тартып алып, өзін балағаттап, ұрып, сабағаны туралы, №39 санында Бұрма бөлімшесінде Топоров дегеннің Итбаев және Тайбеков есімді қазақтарды соққыға жыққандығы, №40 санында Мещеринов деген құрылыс прорабы еңбек екпіндісі Уәлиевті ұрып-соққандығы туралы жазылады. Бір айта кетерлігі, Қарлагтың өз газеті, баспаханасы болған. «Путевка», «Жаңа жол» (бұл газет латын қарпімен басылған), «За социалистическое животноводство» деген газеттер тұрақты шығып тұрған.
Қарлаг басшылығы мұсылмандардың қасиетті деп саналатын қорымдарын да қорлаған. Сарысу өзенінің жағасындағы Қара деген белгілі адамның зиратын Қарлаг иттерін қамайтын орынға айналдырған. Көптеген адамның молаларының кірпішін бұзып, құрылысқа, басқа да қажеттілікке пайдаланған. Жаңаарқа аупарткомының бірінші хатшысы Ж.Сүлейменов Қарағанды облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Галайдинге аудан көлеміндегі Ортау, Алабас, Жайдақ су деген жерлердегі ондаған моланы Қарлаг қызметшілері бұзып тастағанын, Жидебай батырдың ұлы Сыздықтың бейітін мал қорасына айналдырғанын баяндап, хат жолдаған.
Қазақстанда 1937-1938 жылдары 160 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады. Қарағанды облысында 6 288 адам жазаланып, олардың ішінде 1 495 адам атылды. 1930-1943 жылдары Қарлагта және Қарағандыда атылған 3 026 адамның ішінде 588 қазақ фамилиясы кездеседі. Олардың басым көпшілігін діндар адамдар құрады.
Қарлагта 1937 жылы 19 наурызда Степняк қаласының имамы Қалиакпар Айтқожин атылды. Көкшетау өңіріне белгілі пірәдар адам, Меккеге барып қажы атанған Науан хазіреттің күйеубаласы Қалиасқар інісі Сабырмен бірге ұсталып, екеуі де ату жазасына кесілді. 1937 жылы 8 қарашада Қу ауданының тумасы, 59 жастағы молда Әмин Базылбеков атылды. Аталған жылы 9 қазанда Шет ауданының тұрғыны, молда Базылбай Әжібеков, келесі күні молда Арыстанбек Мағыбасов ату жазасына кесілді. Әкесі сияқты өзі де қажы болғаны үшін сотталған Ақмола уезі Нілді болысының тумасы Иса Омарбекұлы дін жолынан қайтпағаны үшін 1938 жылы 14 қаңтарда атылып, 1957 жылы ғана сот шешімімен ақталды. 1937 жылы 14 қыркүйекте Қарағанды облысының тұрғыны молда Мірғабитжан Хасанов атылды.
Белгілі драматург, Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі де сол зобалаң жылдары «халық жауы» атанып, ауылдан қалаға айдап әкелініп, тапа тал түсте, елдің көзінше, тергеусіз, сотсыз атып тасталған. Арғы тегі пайғамбар әулетінен өрбитін тірі теолог, Сыр бойы мен Оңтүстік өңіріне асқан діни білімімен танылған Мұхамеджан хазіреттің осы қайғылы қазасы туралы жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Шерменде дәуір шежірешісі» атты эссесінде аянышты баяндалады. Өкінішке қарай, 1943-1959 жылдары аралығында атылған мұсылман тұтқындардың тізімі табылмады. 1943-1944 жылдары Қазақстанға жүздеген мың чешен, ингуш, қарашай, балқар, түрік, әзербайжан, қырым татарлары, т.б. жер аударылған Кавказ халықтарының арасынан сотталып, ату жазасына кесілген дінбасылар туралы мәліметтер де жоқ.
Қарлаг тұтқындарын өлім жазасына кесу үкімі төмендегідей тәртіппен орындалып отырған. Лагерьдің орталығы Долинка кентіндегі Қарлаг басқармасы ғимаратына таяу І оперчекистік бөлімнің жертөлесіне ату жазасына кесілгендерді қамайтын болған. Үкім шығысымен сол түнде оларды қазіргі Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайынан 3-4 шақырым жердегі күні бұрын басқа тұтқындардың қолымен қазылып, дайындалған терең ұраға алып барып, тізерлеп отырғызып, желкесінен пистолетпен атып, шұңқырға құлатып отырған. Әрбір шұңқырға 3 қатардан қол-аяқтарына рет сандары жазылған қаңылтыр білезік кигізген 15 өлікті көмген. Ұра таяз қазылған жағдайда қыс күндері аш түлкі-қасқырлар өлекселерді қазып жеген фактілер де кездескен. Осыған ұқсас жағдай Қарлагтың басқа бөлімшелерінде де болған.
Қарлагтың Спасскідегі бөлімшесінде өлексе жерлеуші болып істеген тұтқын, Краснодар өлкесі Староминск стансасының тұрғыны Виталий Сагайдактың айтуынша, лагерьге әр этаппен 2-5 мыңдай тұтқын айдалып келген. «Қарлагтың моласы» аталған бұл зонадан лагерь сыртындағы өліктерді жерлейтін қорымға күніне жүзден астам өлексе жеткізілген. Кейде жүк көлігінің үстіне қатарлап үйген өліктердің арасынан «начальник, мен әлі тірімін» деген әлсіз дыбыстарды В.Сагайдак өз құлағымен естігенін айтады. Өлекселерді шұңқырға құлатар алдында Қарлагтың әскери қызметкері әрқайсысын кеуде тұсынан жүрегін көздеп, мылтықтың сүңгісімен бірнеше рет шаншуды әдет қылған. Бірнеше өлік көмілген шұңқырдың басына тақтайшалар қағылған қадалар орнатып, оларға тұтқынның сериясы мен рет санын шегемен тырнап немесе күйдіріп жазған. Алайда бұл тәртіп көп жағдайда сақтала бермеген.
2006 жылы Астана қаласында «Эхо политических репрессий. Трагические судьбы священников Казахстана» атты кітап жарық көрді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті деректерінің негізінде құрастырылған бұл жинақта басқа дін өкілдерімен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ молдаларының тізімі келтірілген. Бір ғана Қарағанды облысынан 16 дін өкілі түрлі жазаға тартылған.
Қарлаг тұтқынынан аман-есен елге оралған дін өкілдері бірен-саран ғана. Солардың бірі ұзақ жыл бойы қалың бұқараға діни уағыз айтып, молдалық құрған Темешәлі Барболұлы ақсақал еді. 1932 жылы тұтқындалып, көп жыл бойы Қарлагта жазасын өтеген ол кейіннен Жәйрем кен-байыту комбинатында экономист болып қызмет істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қарағанды облысындағы Жәйрем мешітінің алғашқы имамы болды.
Қарлаг тамұғындағы тұтқындар қатарында басқа дін өкілдері де көп болған. Мәселен, православие, католицизм, протестантизм, иудаизм діни өкілдері, тіпті меннониттер мен баптистер де діни наным-сенімдері үшін жазаланып, өмірлерінің бірқатар бөлігін айдауда, лагерьлерде өткізген. Қарағанды лагерінде тұтқында болған басқа дін өкілдерінің көпшілігі кеңес одағының түкпір-түкпірінен жер аударылған адамдар еді. Айталық, Алматы және Қазақстан митрополиті Иосиф Митрополит Иосиф (Иван Михайлович Чернов), Липецк епископы Уар (Шмарин), Глухов епископы, Чернигов епархиясының викариі Дамаскин (Цедрик), Воронеж және Задонск архиепископы Захария Лобов, Горький және Арзамас митрополиті Евгений (Зернов), Алматы епископы Герман (Вейнберг), т.б. Сондай-ақ Қарлагтың түрлі бөлімшелерінде көптеген монахиниялар да жазасын өтеді. Өкінішке қарай, бұл дінбасылардың да басым бөлігі бар өмірін тұтқында өткізді. Көпшілігі ату жазасына кесілді. Жаза мерзімін аяқтап, үлкен өмірге аман оралғандары некен-саяқ.
Сталиндік концлагерьлерде шейіт болған дін өкілдерінің тарихы – Қарлагтың қара таңбалы бір беті. Миллиондаған жазықсыз жанның тағдырын тәлкекке салған сталиндік қуғын-сүргін саясаты дүниежүзі тарихына өз халқына жасалған қатыгез және адамгершілікке жатпайтын қырғынның көрінісі ретінде енді.
Жомарт ОСПАН,
журналист