Жеке куәлікті бөтен адамның қолына беруге болмайтыны жиі айтылады. Сөйте тұра, құжатқа салғырт қарайтындар бар. Ал ақпараттық технология дәуірінде жеке деректің қолды болуының зардабы ауыр.
Бір ғана Қарағанды облысында жыл басынан бері 677 интернет-алаяқтық тіркелген екен. Әсіресе, жалған банктік операциялар туралы хабарласып, тұрғындардың есепшотына қол салатындар көп.
Алаяқтықтың күрт өсуіне байланысты Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин облыс тұрғындарына арнайы үндеу жариялады.
– Интернет алаяқтық фактілері бойынша ескертулер мен алдын алу жұмыстарына қарамастан, облыс тұрғындары тарапынан алаяқтардың алдауына түсіп жатқан азаматтардың саны күн санап өсіп барады. Сіздерге тағы да үндеу жасауға мәжбүр болып отырмын. Жыл басынан бастап аумақтық ішкі істер органдарында алаяқтардың арбауына түсу фактісі бойынша 677 қылмыстық іс тіркелді. Алаяқтардан тұрғындарға келтірілген шығын 1 миллиард 16 миллион 179 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бастап, полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында ақпараттық жүйе арқылы бірнеше қылмыс жасаған 12 адам ұсталды, – деді Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Оның айтуынша, алаяқтардың арасында өздерін «банк қызметкеріміз» деп таныстырып, жымысқы ойын жүзеге асыратындар көп. Дәл осындай сипаттағы алаяқтықтың 212 дерегі тіркеліп, одан тұрғындар 400 миллион теңге көлемін зардап шеккен екен.
Алаяқтың шырмауына түскен жанның бірі Шет ауданы Нұраталды ауылының тұрғыны Зәуре Молдабайқызы биыл 21 ақпанында «жем» болды. Сол күні оған алаяқ оған «Ұлттық банк қызметкерімін» деп хабарласып, есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтқан. Ізін ала әлгі қызметкер кейіпкеріміздің жеке куәлігін сұратқан. Осылайша, айналдырған 10 минуттың ішінде оның есепшотындағы бар қаржы алаяқтардың оңай олжасына айналып кеткен.
Абай аудандық полиция басқармасына 53 жастағы қала тұрғынынан арыз түскен екен. Оның телефонына да белгісіз біреу банк қызметкері ретінде хабарласып, есепшотын сақтандырамын деген желеумен 10 млн теңгеден астам ақшасын иемденіп алған.
Бір ғана Осакаров аудандық полиция бөлімінің өндірісінде алаяқтық бойынша қозғалған 12 қылмыстық іс бар. Күдікті аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеген. Осылайша, жәбірленушілерге 12 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.
– Кейбір жағдайларда бұндай қылмыстарға қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысы анықталып жатады. Мысалы, полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары кезінде 40 жастағы банк қызметкері ұсталды. Ол өзінің қызметін пайдаланып, 33 жастағы танысына 66 жастағы зейнеткердің жеке деректерін беріп, күдікті зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазір күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, – дейді Әбіл Әбілдин.
Көшедегі көмек сұрағандарға да сенім жоқ. Олай дейтініміз, полицияға 28 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші қаладағы базарда белгісіз біреу одан шұғыл қоңырау соғу мақсатында ұялы телефонын сұраған. Кейін біреумен сөйлескен болып, телефонды иесіне қайтарып берген. Алайда осы аралықта күдікті жәбірленушінің ұялы телефонындағы мобильдік қосымша арқылы 600 мың теңге несие рәсімдеп, оны аударып алғаны белгілі болды. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы азамат ұсталды.
Ал Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 37 жастағы қала тұрғыны арызбен келген. Ол белгісіз біреу жеке басын куәландыратын құжатын ұрлап әкетіп, кейін жеке деректерін пайдалану арқылы шағын несие ұйымдарынан 6 несие рәсімдегені туралы айтқан. Жедел-тергеу тобы қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы күдікті анықталды.
Бүгінгі күні облыста «Тоқта, алаяқ!» атты кең көлемді акция өтіп жатыр. Акция тұрғындарды ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға шақырады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы