Ертіс бойын ен жайлаған елді мекендердің жұрты алаңдап отыр. Биыл көктемде еліміздің шығысындағы каскадты су қоймаларынан босатылған тіршілік нәрі өзен жайылмаларының небәрі 30 пайызын ғана қамтығаны жайында жазған едік. Соның салдарынан шабындықтардың үштен екісі күйіп кеткелі тұр. Мал азығын жеткілікті жинамаса, шаруалар күзде түліктерін етке өткіземіз деп отыр.
«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Бұған қоса былтырғы Жолдауында еліміздегі су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанына айрықша мән бергені мәлім. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. «Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Алайда мамандар су жетіспеушілігі тек ауыл шаруашылығына ғана емес, өндіріске де зиянын тигізетінін болжап қойды. Мәселені ескерген Павлодар облысының билігі таяу жылдарда өңірде жаңадан су қоймасының құрылысын салуды ұйғарып отыр.
Жығылғанға жұдырық, мамыр айының соңы мен маусым айының басында әдетте Кереку өңірінде жүріп өтетін нөсер жауын да жоқ биыл. Жайылымдар мен шабындықтардың күйіне қарасаң, жұрттың көңіліндегі алаңды түсінуге болады. Осы уақытта жап-жасыл шалғын болып жататын аумақтар жаз басталмастан күйіп, сарғайып кеткен. Жақын күндері жаңбыр болмаса, өзен бойындағы ғана емес, қырда мал ұстайтын халық үшін де қиын болатындай.
Мәселен, Ақтоғай ауданының жұртшылығы биыл күзде шөптің бір арбасы 50 мың теңгенің үстіне шығатынын болжап отыр. Себебі жыл сайын мал азығын молынан дайындап келген жайылмалардың көбіне су жетпей қалыпты. Ертіс өзені аз тасығаны себепті, шабындықтар тіршілік нәрінен қағылып отыр. Ал оның соңы экологиялық апатқа апарып тірейтіні анық. Жергілікті тұрғын Бауыржан Сақыптың айтуынша, бұған дейін Жаңабет, Мүткенов, Естай ауылдарының жұрты шауып жүрген жайылымдар құрғап қалған. Ендігі үміт маусым айының жаңбырлы болуы. Жаңбыр мол жауса, бұрынғы шабындықтардың біраз бөлігі шалғынданып, шөп дайындауға септігі тиеді. Алайда бұл да мәселенің шешімі емес. Жыл сайынғы табиғи босатылатын судың құрып кетуі шын мәнінде, өзен бойын жағалаған елге ауыртпалық түсіретіні сезіледі.
«Ауыл адамдары кездесе қалған жерде шабындық пен шөп бағасына қатысты мәселелерді қаузаймыз. Мұнда тұратын халықтың барлығында шөпті өзі шауып алатын мүмкіндігі жоқ. Техникасы барлардан, шама келсе шаруа қожалықтарынан сатып аламыз. Олар қазірдің өзінде шөптің қымбат болатынын, бір арбасының құны 50-55 мың теңгеге жететінін айтып отыр. Мұншалықты қымбатшылық болса, онда қолда ұстап отырған төрт-бес ірі қарамды күзде сойып, етке өткіземіз. Себебі мал азығын сатып алудың шығыны малдың пайдасынан екі-үш есеге асып кеткелі тұр. Малға қарап отырған отбасымыз», деп мұңын шақты отағасы.
Айтып өтейік, биыл сәуір айының соңын ала Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасынан босатылған су жылдағыдан едәуір аз болып, табиғи су босату шарасының үдерісі нәтижесіз аяқталды. Негізі Ертіс өзенінің ресурстық әлеуеті өзеннің жоғарғы жағында орналасқан су қоймаларындағы жағдайға тәуелді. Көктемде Салааралық су босату комиссиясының шешімімен жалпы көлемі 4,59 текше шақырым болатын, ұзақтығы 22 күнге созылатын су босату туралы шешім қабылданған. Шүлбі су қоймасының бүйірлік ағынының көлемі өзгере қалған жағдайда кестеге шұғыл түрде өзгерістер енгізу мүмкіндігін сақтай отырып, Ертіс өзенінің жайылмасына табиғат қорғау мақсатында су босату кезеңі жүргізілді. Алайда Үлбі және Оба өзендеріндегі бүйірлік ағындарының көлемі азайғаны себепті, судың ағыны өте төмен жүріп, жайылмаларға су шыға алмай қалды. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның сөзінше, шын мәнінде, Бұқтырма су қоймасынан Ертіс өзеніне 4 млрд 11 млн шаршы метр ғана су жіберілген. Табиғаттың ырзығы Ертіс өзенінің Павлодар облысында орналасқан жайылмаларының небәрі 30 пайыздайын ғана қамти алды. Оның үстіне Су ресурстары комитетінің біздің өңір бойынша бекіткен су пайдалану лимиті бар. Құжатта 2016-2025 жылдары Ертіс-Баян аумағында 3,6 шаршы шақырым су (Ертіс өзеніндегі барлық су ресурстарының 10 пайызы) пайдаланылуы тиістігі көрсетілген. Алайда жыл санап өзеннің кемеріне жетпей, суы азайып бара жатқанын ескерсек, алдағы уақытта өңірде тапшылық туындауы ғажап емес. Бұдан 11 жыл бұрын биылғыдай жағдай қайталанып, жайылмалардың небәрі 5 пайызы ғана суға қаныққан. Ал Бұқтырмада судың жеткілікті жиналмауы соңғы жылдары проблемаға айналғандай.
Мамандар бұл түйткіл айсбергтің ұшы ғана деп есептейді. Жалпы, Бұқтырма су қоймасы 50 млрд шаршы метр су жинай алатын қабілетке ие екен. Ертіс бассейндік инспекциясы Семей бөлімшесінің бас маманы Жасұлан Әлібековтің түсіндіруінше, Бұқтырмада қазіргі уақытта судың аз жиналу циклі байқалады. Барлық жағдайды назарға алатын болсақ, қоймадағы судың деңгейі төмендеп келеді. «Су қоймасындағы көп жылғы мәліметтерді талдай келіп, судың мұндай циклді өзгеруі бұған дейін де болғанын анықтадым. 1992 және 2009 жылдары осындай төмен деңгей тіркеліпті. Мұнда қазіргі күні 28,2 шаршы шақырымдай ғана су бар. Бұл бүйірлік ағыс арқылы ағып келетін судың, жауын-шашынның аз болуынан туындап отыр. 2014-2019 жылдары қоймада 45 млн шаршы метрге дейін су жиналды. Су, тіпті Өскемен қаласының шетіне шығып кетіп, жағалауларға қауіп төндірген. Негізгі су ресурстары таудағы мұздықтардан келетіні мәлім. Ол үдеріс қазір де жүруде және күн сайын қоймаға 80 млн шаршы метрдей су түседі. Аталған көлем қоймадағы судың деңгейін шамамен 2 сантиметрге көтереді. Алайда 2020 жылдан бастап шын мәнінде, Бұқтырмада жиналатын судың деңгейі төмендеп келе жатқанын айтпасқа болмас», дейді мекеме өкілі.
Шын мәнінде, Бұқтырмадағы жағдай су саласындағы мамандарды айрықша алаңдатып отыр. Себебі Ертіс өзеніне жетпеген суды толықтырып келген қойма алдағы жылдары өз қуатынан айрылса, Орталық Қазақстанда су тапшылығы туындайды. Ал оның салдары отандық энергетика саласы үшін де үлкен соққы. Себебі Ертіс өзенінен басталатын Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына Екібастұз, Ақсу, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы алып өндірістер байлаулы. Олардың дені қуат өндіретінін ескерсек, электр энергиясын өндіру саласында белгілі бір межеде проблемалар пайда болып, өндірістік технологияны судың күшімен суыту үдерісінде қиындықтар орын алуы мүмкін деп есептейді сарапшылар.
Үшінші мәселе, судың жайылмаларға аз шығуы балықтардың уылдырық шаша алмауына апарып соқтырған. Жыл сайын көктемде су жайылғанда өзен балықтары таяз жерге шығып, уылдырық шашады. Жайылмадағы су тез жылынатындықтан ондай жерде шабақтар да жылдам дамиды әрі балық қорегі мол. Ал екі-үш аптадан кейін су қайтып, Ертіс өз кемеріне түскенде су мақұлықтары өзенге үйір-үйір болып қайтып оралады. Осы бір табиғи үдерістің бұзылуы да өзендегі балық қорының азайып кетуіне себеп болады.
Бір жылдары дәл жаздың ортасында Бұқтырманы ұстап отырған инвесторлар екінші мәрте су босатып, Ертіс өзенін қарық қылғаны бар. Жергілікті халық биылғы жазда сондай жағдай қайталанып қала ма деген үмітте жүр. Алайда Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Шалмағанбетованың сөзіне сүйенсек, биыл Бұқтырмадан екінші рет су жіберілетін болса, ауыз сумен жабдықтау және электр энергиясын өндіру саласында мәселелер туындайды екен.
«Себебі су қоймасы негізінен электр қуатын өндіретін мақсатта пайдаланылады. Энергетиктер егер Бұқтырмада кемі 22 млрд текше метр су болмаса, жеткілікті көлемде қуат өндіру мүмкін еместігін айтып отыр. Әрі біз Ертіс өзенінің келесі жылғы ахуалын да қазірден ойлауымыз керек. Қ.Сәтбаев су арнасы жеткілікті көлемде су алуы үшін келер көктемде босатылатын тіршілік нәрі де бекіткен деңгеймен шамалас болуға тиіс», дейді ол.
Қалыптасқан жағдайдың Ертіс өзенінің флорасы мен фаунасына адам айтқысыз шығын алып келетінін ескере келе, Павлодар облысының басшылығы жақын жылдары аумақта жеке су қоймасын салуды ойластырып отыр. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаңа су қоймасы қазіргі қиындықтан құтқарарына сенімді. Ол шамамен Ертістің жоғарғы ағысы тұсында орналасып, көктемде жайылымдарға жеткілікті су жіберетіндей көлемде жобаланады. Су қоймасының құрылысын жоспарлау мен жобалауға шамамен 3-4 жылдай уақыт керек екен. Әуелі гидрогеологтер мен гидротехниктер болашақ су қоймасының орнын анықтауы керек. Ол жердің бос тұрғаны да маңызды. Су ресурстары бойынша өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін жоба жақын арада Үкіметке ұсынылып қалуы ғажап емес. Су ресурстары саласындағы мамандар жобаның өміршең екеніне сенімді. Сондықтан Үкімет тарапынан қолдау табуға тиіс. Есесіне Ертіс өзенінің жыл сайынғы табиғи тасуы қазіргідей Бұқтырмаға байлаулы болмайды.
Марат ҚАПАНҰЛЫ