Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмалары, осы саланың маманы болғандықтан, мені де бейжай қалдырмады. Қолыма қалам алып, өз көрген-білгенімді ой елегінен өткізіп, ортаға салғым келді. Кеңес одағы тарағаннан кейінгі дағдарысты біздің Тарбағатай ауданы да бастан кешті. Облыстар мен аудандар қысқарды. 1997 жылы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауданына қосылды. Бұл жағдай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соқты.
Ол кезде Ақжар мен Ақсуаттың арасы 160 шақырым, басқа ауылдар арасы 200 шақырымнан асып кетеді. Мұндай қашықтықты еңсеру шаруаларға оңай тимейтін. Тарбағатай ауданы экономикасы артта қалған 30 ауданның бірі болатын әрі облыс орталығы Өскемен қаласынан 430 шақырым қашықта. Территориясы шөлейт аймақта орналасқандықтан, жазы ыстық, қысы суық еді. Жылдық жауын-шашын мөлшері шамамен 100-140 мм-ден аспайтын. Топырағы ашық каштан, сұр және қоңыр болып келеді. Құнары аз болса да суарылатын жер көлемі 20 500 га бар еді. Міне, осы жерге егін егіп, көпжылдық шөп егіп, астық дақылынан 25-30 центнерден өнім алып, диірменге тартып ұн шығардық. Халық жермен жұмыс істеп, ризығын көрді, бала-шағасын асырады. Ауданда 100-ден астам шаруа қожалығы пайда болды. Жұмыстары жүрді. Таулы жайылымда малын өсірді, саудалады. Ұсақ шаруа қожалықтары ірі кооперативтер мен ірі шаруа қожалықтарының техникасын алып жерін жыртты, олардың комбайнын жалдап егінін бастырды, яғни көп жұмысты солардың күшімен бітірді. Бірақ ол кезде кооперативтерге қолдау аз болды да, олар түгелдей банкротқа ұшырап, техникалары сатылып кетті. Осыдан соң егін егу түгел тоқтады десе де болғандай.
Ұсақ шаруа қожалықтары бастарына түскен іспен өздері жеке-дара күресіп келе жатыр. Осы орайда ұсақ шаруа қожалықтарына қызмет көрсететін мекеме – МТС-терді ашу дұрыс болар еді. МТС базасының негізінде шаруалардың тұқымын тазалап, тіпті тұқым қорын ұйымдастырса, елдің артық астығын сатып алып, оны өткізу, жақсы тұқымға айырбастау мәселесін шешкен болар едік. Қазір бізде не жоңышқаның, не бидай мен арпаның тұқымы жоқ, ел қолға түскенін егеді. Тұқым қорын құрсақ, бұл олқылықтың орнын толтырамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суармалы жердің аумағын көбейту, оның берерін арттыру жөнінде үлкен міндет қойып отыр. Кезінде тек бұрынғы Тарбағатай ауданы көлемінде (Ақжар өңірі) 20 547 га егістік алқап болды. Оның ішінде көл жағасындағы 2 100 га алқап толық механикалық тәсілмен суарылды, яғни «Днепр» агрегатын пайдаланды. Оның үстіне 1990 жылдары 5 дана «Фрегат» суарғышының қондырғысы қойылған. Алайда аумалы-төкпелі заман орнап, басталған шаруа аяқсыз қалды. 2 100 га жердің қондырғылары талапайға түсті. Суармалы жердің 8 мыңнан астам жеріне астық дақылы, 5 800 гектарға жүгері сүрлемі, 700 гектардай жерге монокорм егіліп, мол өнім алынатын. Көпжылдық шөптің өнімін екі рет шауып алатын. Әр кеңшарда 2-3 бульдозер тек қана каналға су салумен айналысатын. Жылма-жыл тоғанды скрепермен тазалайтын, бұралаң жерлерін мектеп оқушыларының күшімен тазалайтын. Ауданда суландыру жүйесімен айналысатын үлкен мекеме болды, онда 150 адам қызмет жасады. Қазір соның бәрі көрген түс сияқты.
Соңғы жылдары гидротехникалық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. 1983 салынған, 43,7 млн текше метр сыятын су қоймасы – «Қандысу» су торабы қазір де істеп тұр. «Қандысуда» 43,7 млн текше метр су сақталғанның өзінде оны өнім өндірушілерге жеткізіп беру мәселесі мүлдем шешілмеген. 7 200 га жер суарылуға тиіс болса, жылма-жыл суарылатын алқап көлемі 12-13 пайыз ғана. Су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жыл өткен сайын сезіледі. Әлі күнге дейін «Қандысу» су қоймасына күрделі жөндеу жүргізбек тұрмақ, жобалық-сметалық құжаты жасалмай-ақ келеді.
Облыстық әкімдіктің жанынан 2012 жылы құрылған «Шығыс» су қоймалары мекемесі облыс көлеміндегі иесіз қалған су қоймалары мен каналдарын есепке алып, мемлекеттік акті мен техпаспорттары, күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Мекеме басшысының орынбасары Сансызбай Мұңғалбаевтың тікелей араласуымен Орта Ласты өзенінен су қоймасын салу үшін оның техника-экономикалық негіздемесін жасау үшін 40 млн теңге қаржы бөлініп, техника-экономикалық сараптама жасалды. Ол 2014 жылы 28 қаңтарда мемлекеттік сараптамадан өтті. Су қоймасының құны 5 млрд 397,5 млн теңге болды. Сол сияқты Орта Ласты өзеніндегі «Қаратоғам» Сасан су тоспасы магистралды каналына да техника-экономикалық негіздеме жасалған. Ол 2013 жылы 30 сәуірдегі №060128/13 нөмірімен мемлекеттік сараптамадан өткен. Бұған да 2 млрд 096 млн теңгелік жобалық-сметалық құжат жасау ұсынылған. Бұл жұмыс та қазір аяқсыз қалып тұр. 40 млн қаржы желге ұшқанмен бірдей.
Тап осындай проблема Маңырақ округіне қарасты «Қаратоғам» каналына, «Қандысу» су тоспасына қарасты «Қазақбай», «Қараша» каналдарына, Тұғыл ауылдық округіне қарасты «Құсты» су қоймасына да қатысты. Жаңаауыл ауылдық округіндегі Терісайырық өзенінің бойындағы 1957 жылы салынған «Терісайрық» су тоспасын да қайта жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат жасау міндеті іске асса, 1 300 га суармалы жер айналымға қосылар еді.
Республикалық су ресурстары комитеті «Қазсушар» мекемесінің бізге көңіл бөліп, көл жағалауындағы ол жерлерді жергілікті органикалық тыңайтқыштарды сіңіру арқылы өнім молшылығын еселеп арттыру мүмкіндігі бар. Көл жағалауынан немесе Тұғыл ауылынан жем тартатын цех жасалса, тек Тарбағатай ауданы емес, көршілес аудандарды да жеммен қамтамасыз етуге болады.
Тарбағатай ауданын артта қалған 30 ауданның бірі деп қарау қазіргі кезеңге жарамайды. Ауыл шаруашылығы дамыған индустриялық ауданға айналу мүмкіндігі өте жоғары. Тек шенділер мүмкіндіктерді ғылыми тұрғыдан зерделеп, көмек қолдарын созуы керек-ақ.
Мақсат Тырнақбаев,
ауылшаруашылық маманы