Мен ол кезде Тереңөзек ауданының әкімі болатынмын. Бекеңмен жұмыс бабымен бірінші кездескеннен бастап түсіністік, әріптестік қарым-қатынас қалыптасты. Облыс басшылығына келгеннен кейін Бердібек Машбекұлы облыс аудандарын түгел аралап көріп, халқымен кездесіп, барын-жоғын, бүгінгісін, ертеңін бәрін таразылап, әр аудан жөнінде перспективалық даму жоспарларын жасады. Соның ішінде біздің ауданды алғашқылардың бірі ретінде аралап шығып, барлық мүмкіндіктерін талдап, аудан орталығында үлкен актив жиналысын өткізді. ауданның сала басшылары, тұрғындары, ауыл әкімдері, ардагерлер, басқа да қоғамдық ұйымдар жетекшілері алдағы жұмыстарға үлкен бағыт алды.
Облыстың басқа аудандарымен қатар біздің ауданның да экономикалық-әлеуметтік дамуы ол кісінің үнемі назарында болды. жиі аралап, халықпен кездесіп, ауданның өзі атқаратын жұмыстарға халықтың көзін жеткізіп, облыс, республика деңгейінде шешілетін мәселелерге көмектесіп отырды. сол кездерде барлық аудандарда кіші кәсіпкерлік дамыды, әлеуметтік құрылыстар салынды. Осындай қамқорлықтың, орынды қатаң талаптың, жүйелі бақылаудың арқасында Тереңөзек ауданы 1995-1999 жылдары әр жылдың экономикалық-әлеуметтік қорытындысы бойынша 1-2 орындарды иеленіп жүрді, 1998 жылы облыс бойынша ең озат аудан болып танылды.
Бердібек Машбекұлының ешкімге ұқсамайтын адамды бірден өзіне тартып, баурап алатын ерекше қасиеттері бар. Менің ойымша, ол қасиеттер қарапайымдылығы, биік пайым-парасаттылығы, терең білімділігі, еңбек адамына, қалың көпшілікке жақындығы, әділдігі, сөздің де, істің де байыбына баратындығы, тыңдай білетіндігі, көп басшылар сияқты менің ғана айтқаным дұрыс деп көкірек көтермейтіндігі, адалдығы, тазалығы, кадрлерге деген сенімі, қиын жағдайларда жауапкершілікті өз мойнына алатындығы, батыл шешім қабылдайтыны, адам алаламайтыны, көп ізденіп, көп оқитындығы, білетін адамнан үйренуге жалықпайтыны, уәдеге беріктігі, достыққа берілгендігі, қоғамдық пікірмен санасып отыратындығы. Осы қасиеттері үшін қай жерде жұмыс атқарса да, ол кісіні қарапайым халық өте жақсы көрді, осындай лебізді біз Бекең басқарған басқа облыстың халқынан да есіттік.
Қызылорда облысын нарықтық экономика қойып отырған қатаң талап деңгейіне жеткізу мақсатындағы қат-қабат жұмыстарға қарамастан мәдениеттің, спорттың дамуына жүйелі көңіл бөлетін, өзекті проблемаларын шешіп беріп отыратын. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен бірнеше облыстар таратылып, территориялық өзгерістер болды. Айтуларына қарағанда Қызылорда облысына да таратылу қаупі болыпты. Осы жерде облыстың қазба байлығы, мұнай мен газы, суармалы жері, басқа да потенциалының бар екенін Бердібек Сапарбаев дәлелдеп, Қызылорда облысы сақталып қалды. Қызылорда облысының бір ауданы таратылатын болды. Сол кезде осы мәселе бойынша құрылған комиссияға Тереңөзек ауданының даму перспективасын дәлелдеуге, әсіресе егін шаруашылығы бойынша мүмкіндіктерді ашып көрсетуге тура келді. Ол кезде Тереңөзек территориясындағы жалға алынған жерлер мен Тереңөзектің тарихи өзіне қарасты жерлерінен де мұнай өндіріле бастаған, оның да үлкен пайдасы болды. Осы дәлелдер мен дәйектердің барлығын назарға алып, Бердібек Машбекұлы Тереңөзек ауданын сақтап қалды, ол үшін Тереңөзек халқы осы күнге дейін ризашылықтарын білдіріп отырады. Кейін Бердібек Машбекұлы ауданның атын облысты асырап отырған жалғыз өзен Сырдарияның атымен атау жөнінде ұсыныс жасады, оны тұрғындар толық қолдады.
Қызылорда облысында әкім болған кезінде облыс экономикасының әлеуетін көтеру жөніндегі қыруар атқарған жұмысынан, келешекке белгілеген жоспарлары, жобалары бірнеше есе ауқымды еді.
Сол кезеңде атқарылған жұмыстар бүгінгі облыста жүзеге асып жатқан экономикалық-әлеуметтік жаңғыртуларға, салынып жатқан ірі құрылыстарға, ендіріліп жатқан жаңа технологияларға, индустриялық-инновациялық жобалардың орындалуына берік негіз болып қаланды.
Бердібек Машбекұлы Қызылордадан кейін бірнеше облысты басқарып, басқа қызметтерге ауысып кетсе де біздің сыйластығымыз, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Соңғы рет Бекеңмен 2023 жылдың 4 наурызында кездесіп, ойымыздағыны айтып, сұхбаттасып қалып едік, сондай көңілді, ақжарқын отырды, бұл кісіден ұзамай айырылып қаламыз деген ой санамызда болған жоқ.
Жан-жақты, айналасына, жүрген жеріне нұрын шашып жүретін Сыр елінің азаматы, республикаға ортақ үлкен тұлға еді. Өзіне жүктелген сенімді ақтап, 5 облысты да қиын-қыстау кезеңде басқарып, оларды заман талабына сәйкес қалыптастырып, дамытуға ұшан-теңіз еңбек еткен, зейнетке шықса да ел болашағы үшін ақыл-ойын, білім-білігін, күш-жігерін аямай жұмсап жүрген жаны жомарт азамат еді.
Елін, жерін, жұртын сүйген Сыр елінің талантты перзенті Бердібек Машбекұлын бір сәтте жоғалтып алу бәріміз үшін үлкен өкініш. Қолдан келер қайран жоқ! Отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Алды пейіш, арты кеніш болғай!
Алмагүл БОЖАНОВА