Түркістан облысында 174 ауыл әкіміне айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Түркістан облысының прокуратурасының хабарлауынша, облыста 174 ауыл әкімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 498-бабы (статистиканы қосып жазу және бұрмалау) бойынша 5 млн теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды.
Әкімдер ауыл аймақтарда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштерді «жақсарту» мақсатында статистикалық есептерге қасақана шаруа қожалықтарындағы мал санын қосып жазған, – делінген ақпаратта.
Бұрмаланған есептерді аудан әкімдері жайылымдық жерлерді басқару жобасын түзу және бекіту барысында қолданған.
Қазір бұл статистика прокурорлардың ықпалымен ретке келтіріліп, облыс бойынша нақты қажеттілік 3 есеге, яғни 2,1 миллион гектардан 652 мың гектарға дейін төмендеді.
Одан бөлек, прокурорлық актілердің негізінде қала, аудан әкімдіктерімен бұдан алдын бекітілген мағыналас Жобаларды қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр.