Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова бастаған ведомство өкілдері Павлодар облысындағы Корюковка көліне барды.
Министрлік қызметкерлері, әкімдік өкілдері, экологтар және жергілікті тұрғындар көлді аралау кезінде мұнда тұз өндірілгенін атап өтті. Бірақ тұз өнеркәсіптік көлемде өндірілмеген. Негізінен, халық өз қажеттілігі үшін тұз жинаған.
Коряковка көлі жазық ойпатта орналасқан. Көлдің ауданы шамамен 11 км2, ұзындығы 5,6 км, ені 1,5 км. Су айдынының ауданы 4,1 км2, тереңдігі 0,3-0,7 м. Көл тұзды шөгіндіден құралған. Тұз қабатының тығыздығы өзгермелі: 0,42-ден 0,76 м аралығында, орташа 0,61 м. Көл Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан. Көлге ең жақын орналаскан елді мекендер: Коряковка (батысқа қарай) және Кемеңгер (солтүстік-шығысқа қарай) ауылдары. Аудан жер бедері жазық құрғақ дала аймағында орналасқан.
Коряковка ағынсыз көлге жатады. Сондықтан негізінен күзгі және қысқы жауын-шашын мөлшері есебінен толып отырады. Ол Павлодар облысының балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне кірмейді.
Көлдің таяздануы туралы айтатын болсақ, Коряковка көлінің тартылуы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты. Биыл су шаруашылығы үшін қолайсыз климаттық жағдай туындағанын атап өту керек. Қыста қар аз жауды және жыл басынан бері ағын судың болмауына байланысты көлдің су деңгейі төмендеп кетті. Ал өзендер мен салалар түрінде көлге құятын табиғи қоректену көзі жоқ. Сонымен қатар, биыл өңірде су аз, құрғақшылық пен ауа райының жоғары температурасы байқалады, – деп атап өтті Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Е.Омаров.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар соңғы төрт жылда ауа-райына байланысты көл шынымен де тартылып кеткенін, бірақ бұл циклдік, климаттық жағдайлармен байланысты екенін атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша көл аумағын көлік шиналарынан тазарту, учаскелік инспекторларға көлдің аумағына автокөлікпен кіруді бақылауды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.
Дереккөз: Халық үні сайтынан алынды