фото:syrboyi.kz
Бұл ерекше кәсіптің түрі – қамыс саудасы. Келесі әңгімеміз Қазалы қамысын шетелге саудалаған ерлі-зайыпты Венера Тайлақбаева және Райысбек Аяпбергенов туралы болмақшы.
Өзіміз өртеп тастайтын қамыс өзге елде қадірлі деп кім ойлаған? Қамыстың қадірін біліп отырған Қытай елі қазіргі таңда осы қамыспен талай елді қамтамасыз етіп, содан қыруар пайда тауып отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Кешегі пандемияда сыртпен байланыс тоқтап, күллі Еуропа тоқтаусыз жетіп тұрған қытай қамысын таппай, жан-жаққа сұрау сала бастапты. Осы сәтте Қазалы қамысы әлем нарығына шыға келді.
Қазалы қамысын шетелге шығарған Венера Тайлақбаеваға ең әуелі ағылшын тілін жетік білетіні пайдасын тигізіпті.
«Интернетті шарлап отырып осындай бір ерекше сұранысқа көзім түсті. Сосын тауардың әр елдегі бағасына талдау жасадық. Осылайша, алғашқы өнімді Германияға сараптамаға жібердік. Немістерде сынақтан өтпеген тауар утилизацияға жіберіледі екен. Қамыс тасыған көлікті жалдау мен жарамаған жағдайда қамысты жоюды қосқандағы шығынымыз 5 млн теңгенің үстіне шықты. Нар тәуекелмен бастаған тірлігіміз оңға басып, немістер біздің қамыстың сапасы өте жоғары екенін хабарлағанда арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Осыдан кейін Германиямен қатар, Нидерланд, Дания, Франция, Польша, Беларусь мемлекеттеріне өнім жөнелте бастадық», дейді Венера.
Тағы айта кететін жайт Қазалының қамысы көп елде үй шатырын жабуға жұмсалады екен. Қалауын тапса, одан биоотын өндіруге де болады. Шағын ауылға жылу мен жарық беретін қазандық жасаудың да жолы бар екен.
Қамысты кәдеге жаратып жатқандар қатарына Түркия, Румыния, Ресей мен Украина бар. Соңғы екеуінде қазіргі жағдайға байланысты өндіріс уақытша тоқтап тұр. Ал Сыр қамысы саудаға шыққалы бері басқа мемлекеттердің өнімдеріне сұраныс азайыпты.
«Азия қамыс» серіктестігін құрып, өңірде жоқ тың кәсіпті бастаған кейіпкеріміздің арқасүйері азаматы – Райысбек Аяпбергенов. Ерлі-зайыпты екеу бұрын теміржол саласында еңбек еткен. Бар техниканың тілін білетін Венераның көксегені тепловоз машинистігі еді. Жүк кассирі болып 14 жыл жұмыс істеген келіншектің кәсібі бір күнде өзгеріп шыға келді. Қазір Райысбек қамыс шабу, жинау секілді шаруамен айналысса, Венера шетелдіктермен байланыс орнатып, өнімді жеткізу жағын қолға алған. Тынымсыз ізденістің арқасында облыстағы Жалағаш ауданы мен Балқаш, Астана мен Атырау өңірлерінен серіктестер тапты.
Венера осы кәсіптен жылына 1-2 млрд теңге табыс табуға болатынын айтады. Бірақ ол үшін жер керек. Серіктестік орналасқан Кәукей ауылының аумағынан жер алып, кәсібін кеңейткісі келеді. Қызылдың құмына қарай Қуаңдария арқылы күріштің қашыртқы суы жиналатын аумақтан жер сұрап, бизнес-жоспарын да ұсынып қойды. Алдағы жоспарында қамыстан көмір шығару бар. Шатырдан бөлек, қамыстан неміс технологиясымен жиһаз жасайтын материал шығарғысы келеді.
Аяна ТОҒАНБЕК