Келесі аптада Польша сейміне (парламент) сайлау өтеді. Аталған елдегі саяси бәсекеге Еуропа ерекше назар аударып отыр. Өйткені билік басына кім келетіні қарт құрлықтың саясатына да, Украинадағы қақтығысқа да ықпал етпек.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аталған елдегі сайлауға Брюссельдегі шенеуніктердің алаңдауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, Польша халқы саны жөнінен Еуропадағы бесінші мемлекет саналады. Әрі ел тұрғындары Ұлыбритания, Германия, Франция секілді елдерге жұмыс іздеп ағылады. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші, Польшаның тұрақты дамуы Еуропалық одақтың ішкі миграция мәселесін шешуге ықпал ететіні түсінікті. Ел экономикасы кейінгі жылдары қарыштап дамып келеді. Демек Варшаваның осы бағыттан таймағаны баршаға пайдалы болмақ. Екіншіден, Польша тарапы Украинаға қару-жарақ жеткізуде негізгі хаб саналады. Бұл аз десеңіз, ресми Варшава өзінің арсеналында бар көптеген әскери техниканы көршілес елге молынан сыйға тартты. Қарт құрлықтың басты ұйымындағы әр мүшенің бір даусы бар екенін ескерсек, Украинаға халықаралық қоғамдастықтың ұжымдық көмегін жеткізуде билікке келген тараппен тілдесу маңызды. Сондықтан парламент тізгініне кімнің ие болатынының өзектілігі артады.
Қазіргі таңда Польша сейміндегі басым мандат «Біріккен оңшылдар» (ZP) коалициясына тиесілі. Соның ішінде Ярослав Качиньский басқаратын «Құқық және әділдік» (PiS) партиясы 2019 жылы өткен сайлауда жеңіске жетті. Ал басты оппозиция «Азаматтық коалиция» соңғы сайлауда 134 мандат қана иеленген. Енді, аталған тарап биылғы сайлауда қалай да жеңіске жетуді көздейді.
Сауалдамаға сүйенсек, қазіргі таңда «Құқық және әділдік» партиясының бәсі жоғары. Оған халықтың 36 пайызы қолдау көрсетіп отыр. Ал Дональд Туск басқаратын «Азаматтық коалицияны» жақтайтындар саны 30 пайыздан асады. Демек саяси бәсекеде кім жеңсе де, басқа партиялармен коалиция құруға тура келеді. Брюссельдегі шенеуніктер үшін қай партия жеңсе де, артықшылығы мен кемшілігі бар. Алда-жалда 15 қазанда PiS басым түссе, онда Еуропалық одақ Варшавамен келісімге келуде көп тер төгуді қажет етеді. Алайда оппозицияның билікке келуі мәміле жасасуды жеңілдетпек.
Саяси дода жақындаған сайын бәсекелес тараптар бір-бірін аяп жатқан жоқ. Сөзбен де, іспен де кемшілігін көрсетуге бар күш-жігерін салуға кіріскен. Мәселен, «Құқық және әділдік» партиясы оппозиция басшысы Дональд Тускті сенімсіз адам деп айыптайды. Олардың пайымдауынша, Д.Туск Польшаны әркімнің қолжаулығына айналдырмақ, әрі Германия мен Ресейдің ығына жығып береді. Оның үстіне миграция мәселесін шешуде де қауқарсыз көрінеді. Бұл аз десеңіз, зейнет жасын көтеру туралы бастамасы да сынға алынды.
«Дональд Туск Польшаны Германияға бағындырады. Демек Ресейдің де айтқанынан шыға алмайды», деген Ярослав Качиньский тек «Құқық пен әділдік» партиясы ғана Польшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін алға тартады.
Өз кезегінде «Азаматтық коалиция» да қол қусырып қарап отырған жоқ. Партияның көзқарасына сай, PiS тағы төрт жылға билікте қалса, Польшаның демократиялық мемлекет атануына үлкен қауіп төндіреді. Өйткені әйелдердің жасанды түсік жасауына тыйым салады. «Құқық пен әділдік» партиясы у секілді. Биліктегі әр күн сайын, ай сайын олар қауіпсіздігімізге басты қауіп төндіреді», дейді Д.Туск.
Сарапшылардың пайымдауынша, биылғы сайлау бұрынғылардан ерекше. Себебі сауалдама нәтижесі ешқандай тараптың нақты басымдыққа ие емесін көрсетеді. Яғни ел ішінде түрлі көзқарастағының көбейгені анық.
Брюссельдегі шенеуніктердің Польшадағы бәсекеге ерекше назар аударуының тағы бір себебі мынада. Еуропалық одақ пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін бөлген 36 миллиард еуро қаражатты әзірге бермей отыр. Басты себеп – ресми Варшава тиісті саяси реформа жүргізген жоқ. Бұған жауап ретінде PiS қарт құрлықтың кез келген бастамасына вето қоятынын айтып доқ көрсеткені есімізде. Осыған байланысты Еуропалық одақ түрлі қарарға сүйеніп, Польшаны беру құқығынан айыруды көздейді. Әлбетте, мұның ұзаққа созылатын үдеріс екені түсінікті. Алда-жалда билікке оппозиция жеңіске жетіп жатса, онда Варшава билігімен мәмілеге келу жеңілдейді де, бұған дейінгі түйткілдердің түйіні өздігінен тарқайды.
Польшаның Украинаға қару-жарақ жеткізуде үлкен көмек көрсеткенін жоғарыда айттық. Көрші елдегі қақтығыс басталғалы ел билігі миллиондаған босқынды қабылдағаны бөлек әңгіме. Бірақ сайлау үкіметтің көзқарасын өзгертіп, халыққа ұнамды пікір айтуына жол ашты. Мәселен, ресми Варшава фермерлерге зардап келтіреді деген сылтаумен шекарадан Украина астығын өткізуге тыйым салды. Қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының саммитінде Украина президенті Володимир Зеленский Польшаны осы қадамы үшін сынға алған. Іле-шала Польша тарапы да қарап қалмай, сынға сынмен жауап қатты.
«Украина билігіне айтарымыз, польшалық фермерлердің мүддесіне қарсы келетін әрекет жасамауды сұраймыз», деді премьер-министр Матеуш Моравецкий. Ал сыртқы істер министрі Збигнев Рау өткен аптада Киевте өткен саммитке бармай қалды.
Украина саясаткерлері Варшавадан шыққан ызғарлы үн сайлау аяқталған соң бәсеңдейтінінен үмітті. «Соғыс Украинаны да, Польшаны да қажытқаны рас. Сондықтан тараптар сезімге беріліп пікір білдіріп жатыр. Оның үстіне Польшадағы сайлау науқаны экономикадан бастап бәрін саясиландыруға әуестеніп кетті. Бірақ Ресейден төнген қауіп ешқайда кеткен жоқ. Сол себепті өзара мәмілеге бәрібір келуіміз керек», дейді Польшада елші қызметін атқарған Андрей Дещица.
Польша еліміз үшін де Еуропадағы маңызды серіктес. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы 6 сәуірде орнады. 2016 жылғы 6 маусымнан бастап Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім күшіне енді. Қазіргі уақытта Польшаның университеттерінде мыңнан аса отандасымыз білім алып жүр. Польшадағы Лешно қаласындағы Я.Коменский атындағы мемлекеттік университетінде Қазақ-поляк орталығы, Быдгощ қаласындағы Жоғары экономика мектебі жанындағы «Қазақ елі» қазақ мәдениеті орталығы, Свече қаласындағы «Абай» жастар мәдени-білім беру орталығы, Слупск қаласындағы Помор академиясында Абай атындағы Қазақ мәдениеті және ғылым орталығы ашылған. Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану кафедрасында қазақ тілі оқытылады. Екі елдің әдебиеті классиктерінің шығармалары қазақ және поляк тілдерінде жарық көрді.
Польша – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы сегізінші ең ірі сауда әріптесі. 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 760,4 млн доллар болған, ал 2005-2021 жылдар аралығында Польшадан еліміз экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 272,6 млн долларға жеткен.