Нұрәлі Советханов көз жанарының кінәратына байланысты мүмкіндігі шектелсе де мойымай, спорт жолында биік белестерді бағындырып келеді. Жүзуден Қазақстан бойынша алдына жан салмаған С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті биыл Қытайда өткен Азия паралимпиада ойындарында қола медаль иеленді. Енді Парижде өнер көрсетуге қызу дайындалып жүрген Нұрәлімен Kazinform агенттігінің тілшісі сұхбат құрған еді.
– Спорттың осы түрімен неше жастан бастап шұғылданып келесіз?
– 2003 жылы Өскемен қаласында тудым. 6 жасымнан бері жүзумен айналысамын. Бұл спортқа бет бұруыма әке-шешем себепкер болды. «Денсаулыққа өте пайдалы, суда жүзген адам шымыр болады» деп апта сайын бассейнге алып баратын. Бапкер де жалдады. Бірден ұнап кетті дей алмаймын. Себебі, бала күннен судан қорқатынмын. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым артып, суда жүзетін күндерді асыға күтетін болдым.
– Бірден жүзіп кеттіңіз бе, әлде басында ауырға соқты ма?
– Оңай болмады. Екі рет батып кете жаздадым. Бапкерлер судан алып шықты. «Барғым келмейді» деп жыладым. Сонда да ата-анам мәжбүрлеп апарды. Сол кезде ренжісем де кейін олардың дұрыс істегенін, менің қамымды ойлағандарын түсіндім. Әйтпесе осындай жетістіктерге жетпес едім ғой.
– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме?
– Бірінші рет 7 жасымда жарысқа бардым. Өскемен қаласы бойынша өткен сол жарыста жолым болмай қалды. Десе де бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Алғашқы жетістігіме 2 жылдан кейін жеттім. Қалалық додада 2-орынды қанжығама байладым. Бұған дейінгі жарыстарда орын алып, мойнына медаль ілген балаларды көргенде қатты қызығатынмын. Әйтеуір, еңбектің арқасында өзіме де медаль бұйырды. Ата-анам риза болып, туған-туысқандарым, жақындарым құттықтады. Одан кейін шабытыма шабыт қосылып, жыл сайын турнирлерде 1-орын ала бастадым. Тек облыс бойынша емес республикада жүлделі болдым. Бұл кезде параспортқа әлі қадам баспағанмын. Тек 15 жасымнан бастап паражүзуге ауыстым. Менің көзім дұрыс көрмейді. Бұл туабітті емес. Анам перзентханада мені босанып жатқанда дәрігердің қателігінен солай болып қалған. Негізі кәсіби спортта да Қазақстан бойынша өз жасымда үздік үштікте болдым. Ал параспортта әлемдік деңгейдегі дүбірлі додаларда бақ сынауға мүмкіндік алдым.
– Сол халықаралық жарыстар жайлы айтып берсеңіз…
– 2017 жылы Дубайда өткен әлем кубогында топ жарып, алтын медаль алғаннан кейін бір жыл өте облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клубында жаттыға бастадым. 2019 жылы Германияда өткен әлем кубогында төрт адамнан қатысатын эстафета сынында 50 метр қашықтықта жарыс жолына түстім. S13 тәртібінде брасс әдісімен жүзуде алтын жүлде бұйырды. Мұндай жетістікке жетуіме бапкерім Максим Филимонов зор еңбек сіңірді. Білгенін үйретуден жалықпайтын ол әрдайым қолдап, қанаттандырып отырды. Сол үшін оған алғысым шексіз! Спорттың арқасында әлемнің көптеген елін шарладым. Атап айтқанда, Италия, Белорусь, Индонезия, АҚШ, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Жапония және тағы басқа.
– 2020 жылы Жапониядағы паралимпиада ойындарында өнер көрсеттіңіз…
– Токиода өткен паралимпиада ойындарында жүлде ала алмай қалдым, себебі артық жаттығып жібердім. Мен ешбір жарыс алдында уайымдамаймын. Әрдайым салқынқандылық танытып, өзімді сабырлы ұстаймын. Жапонияға жол тартарда да еш уайым болмады. Тек жаттығуға тым берілгендіктен дене салмағым түсіп кетті. Күшім азайып, төзімділігім жоғалды. Соның салдарынан орын ала алмадым.
– Сонда күніне неше рет жаттықтыңыз?
– Күніне 3-4 рет. Әр жаттығу 2 сағатқа созылды.
– Жарыс жолында санаңызды уайым торламайтынын айтып қалдыңыз. Мұның құпиясы неде?
– Спортшының тек физикасы ғана емес, психикасы да мықты болуы керек. Егер уайымға салынсаң қол-аяғың дірілдеп, өз өнеріңді көрсете алмай қаласың. Сондықтан бапкерлер бізге психологиялық тұрғыда да жол нұсқайды. Өзімізге деген сенімділікті арттырып, сәтсіздікке мойымауды үйретеді.
– Тамақ ішу жағы қалай, арнайы диета ұстайсыз ба?
– Бізде ондай жоқ. Диета ұстамаймыз. Бірақ әрине, денсаулыққа зиянды тағамдарды жемейміз. Күніне 1 жаттығуда 6-7 шақырым жүзіп өтеміз. Ал егер күніне 2 жаттығу болса 5 шақырымнан.
– 2023 жылы Қытайда өткен Азия паралимпиада ойындарында елімізге қола медаль алып келдіңіз. Сол жайлы сөз қозғасақ…
– Шынымды айтсам, орын аламын деп ойламадым. Өзімді барынша сабырлы ұстадым. Еш қобалжусыз, бір қалыпты жүздім. «Брасс» әдісімен 100 метр қашықтықты 1:11:72 уақытта жүзіп өттім. Сөйтіп, қола медаль иелендім. Елге оралғанда жерлестерім қарсы алды. Бұл да маған шабыт сыйлады.
– Жас спортшыларға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ең бірінші өзің таңдаған бағытқа адал болу керек. Жаттығуға келдің бе, әр қимылыңды сапалы істе. Қателіктерден сабақ алып, бапкердің ескертулерін мұқият тыңда. Ерінбей еңбектеніп, алдыңа биік мақсат қойсаң міндетті түрде нәтиже болады. Қандай жағдай болмасын сенімді жоғалтпа!
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жүзу спортымен айналысып жүргеніме 14 жыл болыпты. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғай берсем деймін. 2024 жылы Париж қаласында өтетін паралимпиада ойындарына қатысу үшін дайындалып жатырмын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!