Елімізде пара дзюдо кенже дамыған спорттың бірі. Алғаш рет жазғы Азия пара ойындарына балуандарымыз осы спорттан 2018 жылы қатысып, күміс, қола медаль олжалады. 2014 жылдан бастап ресми қолға алынған пара дзюдодан бізге бұйырған табыс та қомақты. Қазақстанда пара дзюдо спортынан тегеурінді балуанның бірі – Ерғали Шәмей. Пара дзюдо дуына қосылған тоғыз жылдың ішінде Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды, жазғы Азия пара ойындарында жеңіске жетті. Әзірге бұйырмай тұрғаны – Паралимпиаданың алтыны. Жуырда Жапонияның Токио қаласында пара дзюдодан өткен Grand Slam додасында Ерғали Шәмей қола медаль иеленді. Токио шаһарынан келген сәтінде Астанадағы үйіне емес, бірден Түркістанға оқу-жаттығу жиынына тартқан балуанмен тілдестік.
Фото: Ашық дереккөз
− Токиода өткен Grand Slam турнирін тарқата айтсаңыз. Қола медаль үшін белдесуде отандасымызбен белдестіңіз.
– Дайындық ойдағыдай, жарыс жоғары деңгейде өтті. Алғашқы айналымда Еуропа құрлығының тегеурінді балуанын айқын басымдықпен жеңдім. Екінші белдесуде де қарсыласымды еркін еңсердім. Жартылай финалда Германия елінің үміті, физикалық тұрғыдан да өте тегеурінді, қарсыласыммен негізгі уақытта итжығыс түсіп, голден скорда есе жібердім. Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында бұл қарсыласымды жыққан едім, есесін қайтарып кетті. Қола медаль үшін белдесуде жерлесіміз Аслан Нұрдәулетовпен жолымыз түйісіп, жеңіске жеттім. Қанжығама Токиодан қола медаль байланды. Сәйкестікті қараңызшы, бір ай бұрын Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия пара ойындарының финалында да Аслан екеуміз күрестік. Алла маған алтын медальді нәсіп етті, Аслан бауырым жазғы Азия пара ойындарының күміс жүлдесін еншіледі. Арада бір айдан аса уақыт өткенде Токио төрінде тағы да белдестік.
– Ерғали, көзіңіздің сырқатын емдеп, көру қабілетіңізді сақтап қалудың мүмкіндігі болмады ма?
– Көзімнің кеселі туабітті болған екен менде. Бала күнімнен көру қабілетім әлсіз еді, алғырттықпен онша мән бермедік. Уақытында дәрігердің алдын көріп, емдеуді қолға алсам, мүмкін мұндай күйге түспейтін бе едім. Бала кезімізде алысып-жұлысып ойнап жүріп ерен санамай, ақыры міне зардабын тартып отырмын.
20 жастан бастап көзімнің көруі күрт нашарлап, жарық әлемнің дидарын көру мұңға айналды. Алғашында Жаратқанның менің пешенеме осындай сынақ жазғанына мойынсынуға күпті көңіл жібімей уайым жейтін. Бірақ бұл да бір сынақ екенін жүрегімнен өткізе сезінген соң ғана күпірлік ойдан арылдым. Осы күнде көзім мүлдем көрмейді. Аурудың асқынғаны сондай қылаудай болса да ноқатты көретін жанарым тіпті семіп қалды. Шетелде емдетуге қисыны келмеді, өз еліміздің медицинасында тексерілдім, дәрілерді қабылдадым бірақ асқынудың беті қайтқан жоқ.
– Пара дзюдо күресімен шұғылданғаныңызға 9 жылдың жүзі болған екен. Тоғыз жылдың ішінде тоғыз жолдың торабын жазбай көретін кей спортшылар жете алмаған биікке ат байлап, әлем чемпионы атандыңыз.
– Пара дзюдо спортына 2014 жылдың соңында қосылдым. Ел чемпионатына алғаш рет 2016 жылы қатыстым. Ұлттық құрама сапына алған уақыттан бері түрлі додаларда еліміздің мерейін асырып жүрмін.
– Өзіңіз жайлы деректі фильм түсірілді. Сол сұхбатыңызда көзінің жанары титтей де болса көретін қарсыласпен күресудің қаншалықты қиын екенін айттыңыз.
– Токио жазғы паралимпиадасына дейін пара дзюдо күресінде көзі көрмейтіндер мен мүлде суқараңғы спортшылар мидай араласып бірге белдесуге түсетін. Бұл енді әділеттіліктің туын жыққаны рас. Себебі қарсыласың саған қарағанда сәлде болса жарық дүниенің саңылауын көре алғаны, мүлде көрмейтін сені айламен-ақ алып соғуына мүмкіндік тудырады. Осыны ескеріп Токио паралимпиадасынан кейін пара дзюдоның ережесіне өзгеріс енгізілді. Біздің қуанғанымыз көру қабілеті нашарлағандарды мүлдем көрмейтіндерден бөлді, яғни J1 және J2 санаты болды. Біздер, көрмейтін балуандар қандай жарысқа қатыссақ та енді J1 санатында сынға түсеміз. Көзінде ақауы бар спортшылар екінші санат бойынша белдеседі. Әрине өзіңіз айтпақшы бізге қарағанда сәл де болса жарық әлемді шырамытатындардың әлеуеті үстем болатыны сөзсіз. Екі санатқа бөлгені көп спортшының екінші тынысын ашты. Солардың арасында өзім де бармын. Екі санатқа бөлгеннен кейін Grand Prix, Grand Slam сынды маңызды додаларға жүлде бұйырды. Әзірге басты жетістігім – былтырғы жылдың еншісінде иеленген әлем чемпионатының алтын медалі.
– Паралимпиада ойындарында пара дзюдошыларға алтын медаль бұйырмай тұр. Кем тұсымызды бүтіндеп, мерейімізді тасыту сіздерге аманат екенін білесіз.
– Әрине, еліңе пайдаңды тигізу асыл мұратың болғандықтан сол межеден көрінсек деп тынбай еңбектеніп келеміз. Жүзуден Зульфия Ғабидуллина 2016 жылы Рио паралимпиадасында тарихтың жылнамасын жазып, тұңғыш рет чемпион атанып, алтын медаль иеленді. 2021 жылы Токио паралимпиадасында Давид Дегтярев пауэрлифтингтен алтын медаль олжалап, мәртебемізді асырды. Бүгінгі таңда Қазақ елінің спортшыларымен кез келген ел санасады, тіпті аяғын тартып басатындары да, мысымыздан қаймығатындары да жоқ емес. Бұл нені көрсетеді? Елімізде кәсіби спортпен қатар пара спорттың да едел-жедел қарқынмен күш алып, дамып келе жатқанын айқындай түседі. Салмақтап саралайтын болсаңыз, пара спортта соңғы жылдары пара дзюдошылардың олжасы өзге спортқа қарағанда орасан. Әрине пара дзюдодан да Паралимпиада чемпионы шығатын күн, жарқын сәт алыс емес деп ойлаймын. Токио паралимпиадасында үш бірдей пара дзюдошымыз финалға жетті. Ел спортының тарихында дзюдодан Олмпиаданың финалына бір емес, үш балуанның қатар шығуы бұрын-соңды болған емес. Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина есімді батыр қызымыз да финалда сүрініп, күміс жүлде алды. Мұны аз табыс деп қомсынуға болмайды.
– Шаңырақ көтеріп отбасын құрдыңыз, бұрымды қыздарыңыз, айдарлы ұлдарыңыз өсіп келеді. Пәтерге де, Астананың маңынан жер алып үй салуға да бертінде қол жеткіздіңіз. Тепкенде темір үзетін, он екі мүшесі сау зіңгіттей азаматтың кейбірі атқара алмайтын шаруаны жарық дүниенің дидарын көрмейтін Ерғали Шәмей арқалай алды.
– Масылдық мерездік дерт дер едім. Дүние де, мүлік те, тіпті денсаулық та Алладан берілетін аманат. Біз соған тәубе етуші пендеміз тек. Пәтер сатып алу да, үй соғу да қалтамызға аз салмақ салған жоқ. Бірақ еңбектендік, спорттағы жетістігімізге сай бұйырған қаражатымызды жинақтап жеткіздік. Адамға өмірде сенім беріп, демеу жасайтын тірегі болады. Менің анам маған қорған, тіреу болып келе жатыр. Өзіміз үйде он бір ағайындымыз. Мен – сүт кенжесімін. Алдымда алты әкпем, төрт ағам бар. Бауырларым да бала күнінде күреске қатысты. Соларға еліктеп өзім де дзюдомен шұғылдандым. Ауданаралық жарыстарға қатысып жүлде алғаныммен, облыстық сайысқа өткізбейтін, себебі медициналық тексеру кезінде көзімнің көру қабілеті нашар болғандықтан рұқсат жоқ. Бірақ соған қарамай жаттығудан қол үзбедім. Маған бағдар беріп, жігерімді жанып, намысымды қайрап, сынып кетпеуіме себепкер болған – анам. Жасы ұлғайғанда көрген кенжесі болғандықтан ерекше еркелетіп өсірді. Әлі күнге жаттығу жиынынан, додалардан оралған сайын анама еркелеп, мауқымды басып аламын.
Есейіп оң мен солды айырған шақтан бастап армандаушы едім, «анамды өзім қолыма алып қарасам, бізді жеткіземін деп қалай тынбай еңбек етті, соның өтеуін титтей де болса ақтасам, сол күнге жетсем» деп. Шүкіршілік, тілегім орындалды. Өмірге деген құштарлық, талабымның бастауында анама деген құрметім тұр. Өйткені көзімнің жанары мүлдем семіп, көру мұңға айналғанда анам қатты уайымдады. «Келешегің қалай болар екен?» деп көзінің алмасын жуған жасы етегіне төгілген сәттерді сезінгенде жаныма қатты батушы еді. Содан кейін мен өзіме серт бердім. Алланың бұл пендесіне артқан сынағы, қайыспай, сынып кетпей көтерсем, сүйген құлын несібесіз қалдырмайды деген ойға бекіндім. Осылай тек алға жылжып, анамды өзімнің шаңырағымда, немерелерінің ортасында жүретін күнге жетемін деп мақсат қойдым, соған жеттім деп ойлаймын. Ата-ананың баласы үшін тілеген дұғасы қашанда қабыл болады. Біздің үнемі тілеуімізді тілеп отырады.
– Биылғы күзде Ханчжоудағы (Қытай) жазғы Азия ойындарында спортшыларымыздың жеткен биігі көңіл көншіткен жоқ. Оған аз сын да айтылмады. Есесіне, Азия пара ойындарынан спортшылар толайым табысты оралды. Алда үлкен аламан – Париж паралимпиадасы тұр. Дайындық барысын бағамдағанда бәрі жеткілікті ме, керек-жарақпен қамту, қажеттілікті өтеу жағы қалай?
– Ханчжоудағы Азия пара ойындарында спортшыларымыз 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль еншілеп, жалыпкомандалық есепте 11-сатыға тұрақтады. Оған қоса саңлақтарымыз Азияның 3, Азия пара ойындарының 4 рекордын жаңартты. Енді осы толайым табысқа пара дзюдошыларымыздың қосқан үлесін тағы бір атай кетейін. Ақмарал Науатбек, Олжас Оразалыұлы және мен Азия пара ойындарының чемпионы атандық. Аслан Нұрдәулетов, Жанбота Аманжол, Зарина Раифова, Ерлан Өтепов күміс медальға ие болды. Бауыржан Арыстанбек, Даяна Федосова, Динара Құттыжолова, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Қоңқиев, Талғат Әжіғалиев, Әнуар Сариев қола медаль олжалады. Пара дзюдодан жалпы көрсеткіш бойынша Қазақстан спортшылары 2-сатыға тұрақтап, Ханчжоудағы Азия пара ойындарынан 14 медаль алды. 2018 жылы жазғы Азия пара ойындары Индонезия елінде өткенде пара дзюдошыларымыз тек күміс пен қола медальді місе тұтқан болатын. Міне, осы нәтижеге қарап та елімізде пара дзюдо спортына мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінетінін, спортшыларымыздың артылған сенімді ақтай алғанын бағамдауға болады. Дәрумен, киім-кешек, спорттық жабдықпен қамтамасыз етуде ештеңеге көңіл алаң болмаса ғана дайындыққа еркін кірісесің. Барыңды салып белдесуге, елдің артқан үміті мен сенімін ақтауға ұмтыласың. Сондықтан да мемлекет тарапынан пара дзюдо спортына айырықша көңіл бөлініп, дамып келеді. Жетпегенін, қажетімізді сұраймыз, уақытында орындалады. Спортшы өздігінен мұндай жетістікке жете алмайды, егер оның тіреуі, тұғыры мықты елі болмаса.
– Өзегіңді өкініш буатыны біз тәуелсіздік алған 33 жылдың ішінде пара дзюдо ғана емес дзюдо күресінен де Олимпиада чемпионын шығара алмадық. Күміс, қола медаль қанжығамызға бөктерілгенімен, алтын бұйырмай келеді.
– Бізді де қинайтыны, жігерімізді жанитыны осы алтын медаль. Сөз арасында айттым, Токио төріндегі паралимпиада ойындарында үш бірдей балуанымыз финалға жетіп тоқтады. Демек, біздің спортшылардың да алтын медаль иеленуіне әлеуеті жетеді, тек тынбай еңбектену ғана қажет. Былтыр Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен әлем чемпионатының жартылай финалында әлемдік рейтингте біздің салмақтың көшін бастап тұрған румын балуанын ұттым. Финалда Германия балуанын тізерлетіп әлем чемпионы атандым. Демек, анау мықты, мынау кемел деп қаймығып, жасықтық танытуға болмайды. Елдің намысы үшін аянбай тер төгуді мұрат тұту керек. Паралимпиаданың алтын медалін еліме тарту ету басты мақсатым, соған жетуге барымды саламын.
Осы биігіме жету үшін жаттығуда аянбай тер төгіп, жылдамдықты мығымдауға ден қойып жүрмін, әлсіздігім шапшаң емеспін. Спортта әбжілдік аса маңызды. Белдесу кезінде қимылымның баяулығы көп кедергі келтіріп жүр. Осыған баса мән беріп, тактикалық жоспарды да жылдамдықты арттыруға құрып әзірлік өткіземін.
– Оқу-жаттығу жиыны кезінде күніне екі мәрте әзірлік өтесіздер ме?
– Иә, күнделікті таңғы 6:00-де ұйқымыздан оянып, 7:00-де залда физикалық қуатымызды арттыру үшін әзірлікті бастаймыз. Азанда екі сағат, кешкілік тағы екі сағат жаттығу болады. Арасында таңғы, түскі, кешкі асымызды уақытында ішіп, ауқаттанып, тынығамыз. Түнгі 22:00-де ұйқыға бас қоямыз. Түнімен ұйықтамай басқа шаруаға айналып, уақытты өткізу денсаулыққа да зиян, жаттығуымызға да кесірін тигізеді. Сондықтан жоспарлы тәртіпке сай жүреміз.
– Еншіңізде әлем чемпионатының, Азия біріншілігінің, жазғы Азия пара ойындарының алтын медалі, халықаралық айтулы додалардың күміс, қола жүлдесі және бар. Кейде төккен тердің өтеуіне бұйырған медальдарды бір көре алсам деген арман оянбай ма?
– Менің көз жанарым мүлдем семіп ештеңе көрмей қалған кездері әрине армандадым, «шіркін-ай, иеленген медальдің түсі, дизайны қандай екенін бір көрсем» деген пендеуи дәме болды. Бірақ тағдырға адам мойынсұнуы керек. Алла менің пешенеме осындай ғұмыр сүруді жазған екен, тәубе деймін. Өзім үшін қос жанарымның мүлде көрмейтіні алаңдатпайды, тек отбасымның басына осындай сынақ түспесе екен деп тілеймін. Бастысы анамның, бауырларым және төрт қызым мен екі ұлымның, жарымның басына Жаратқан осындай сынақ жазбаса екен деймін. Алланың құдіреті шексіз, сырқатты беруші де, оның емін дарытушы да өзі. Егер ғайыптан тайып көзім көрсе, мен үшін ерекше нығмет болар еді. Өйткені көзің атқаратын, көзің тарту ететін ерекше әсерді ештеңе алмастыра алмайды. Адам естіп те қуана алады, ал көрмесең, қанша қуансаң да шынайы сезіну болмайды.