Бүгін Алматыда қоғамдық көліктің ішінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдама тұрған адамдарды қаққан.
Ал автобус жүргізушісін ұрған ер адам ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform.
«Автобус жүргізушісін ұрған ер адамға қатысты ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Алматыда аялдамада болған апаттың салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.
Үш ересек адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып, N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Автобусты жүргізген әйелге жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы диагнозы қойылды. Зардап шеккендерге психологиялық және өзге де қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.