Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанда жыл сайын көлік апатынан 2 мыңға жуық адам көз жұматынын, мәселеге назар аударатын уақыт жеткенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Елімізде жыл сайын жол апатынан 2 мыңға жуық қазақстандық ажал құшып отыр. Соңғы 5 жылда 1 100-ден аса жасөспірім қайтыс болған. 2023 жылғы 10 айда 11 618 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1 942 адам қаза тапты. Өткен жұмада Алматы қаласында 3 адам өмірін қиған көлік апаты еліміздің мегаполистеріндегі шешілмей келе жатқан бірқатар өткір мәселелерді көрсетті, – деді Бибигүл Жексенбай.
Оның айтуынша, ірі қалаларда халықтың саны өсіп жатыр.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығынының мәліметінше, 2030 жылға қарай халық саны Астанада 33%, яғни 1,7 млн адамға, Алматыда 20%, 2 млн 466 мың адамға, Шымкентте 32% немесе 1,5 млн адамға артады. Бұл – ел халқының төрттен біріне жуығы осы мегаполистерде шоғырланады деген сөз.
Қазір бұл қалалардағы халықтың едәуір бөлігі шет аймақтарда, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады. Мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін қаншама шақырым жеке көлікпен жүруге мәжбүр. Сондықтан бұл қалалардағы өзге мәселелермен қатар, қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен проблемаға айналды, – деді сенатор.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 5 млн 216,1 мың көлік тіркелген.
«Оның 88%-ы – жеңіл автомобиль, 9,9%-ы – жүк көлігі және тек 2,1%-ы – автобус. Жеңіл автокөліктер саны күн сайын еселеп көбейіп жатыр. Жол апатына қатысты тағы бір фактор, біздің жан басына шаққандағы жол-көлік оқиғаларының саны әлем бойынша орташа болғанымен, автокөліктердің ескі болуы, тіпті көп жағдайда қауіпсіздік жастықтарының да жоқтығы, өлім-жітімнің жоғары болуына әкеліп отыр», – деді депутат.
Сондай-ақ Бибігүл Жексенбай көлік кептелісінен жүргізушілер де зардап шегіп жатқанын атап өтті.
Мамандардың есебіне қарағанда кез келген елде кептелістен зардап шегетін – көлік жүргізушілері. Олар жылына жол кептелістеріне 360 сағат немесе 45 жұмыс күнге дейін құртады екен. Онымен қоса кептелісте жиі әрі ұзақ тұру жанармай шығыны ғана емес, бөлінетін улы газдан өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады. Қазақстандық автокөліктердің 82,1%-ы бензинмен жүреді. Сондықтан мегаполистердегі қазіргі жол кептелістері қатардағы жергілікті мәселелер деңгейінен шығып кетті, – деді сенатор.
Ол мәселені шешу үшін төмендегі шараларды ұсынды:
- Халқы жылдам өсіп жатқан қалалардың орталықтары мен шеткері аймақтары бойынша үйлестіру және сауда-қызмет, демалыс орындарын біркелкі орналастыруды қатаң бақылау;
- Қала қозғалысын басқарудың бірыңғай орталықтан автоматты басқару және «ақылды» бағдаршамдар жүйесін енгізу;
- Маршруттардың, қоғамдық көлік бөлімшелерінің санын, оларға арнайы жолақтарды көбейту және қоғамдық көлік сапасы мен қауіпсіздігін күшейту;
- Автопарктердің көмегімен қызмет көрсетудің жоғары деңгейлі стандарттарын белгілеу;
- Транзиттік ағынды қаланың ішкі көлік ағынынан ажырату үшін жолдарды жеке деңгейде салу;
- Сарапшылар пікіріне сәйкес, белгілі бір уақытта кептеліс аймақтарында ақы алуды да қарастыру;
- Көлік кептелісі проблемаларын шешуде жол қозғалысын реттеу жөніндегі жергілікті уәкілетті органның рөлі және жеке компаниялардың жауапкершілігін күшейту.