АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық онколог 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салдыруға үндеді. Өйткені әйелдер арасында аурудың осы түрі көбейіп барады.
Ерте бастан салынған екпе қауіпті дерттің алдын алуға көмектеседі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы онкология орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова айтты.
«Дүниежүзілік денсаулық ұйымы 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90%-ына адам папиллома вирусына қарсы екпе егуді ұсынады. Осылайша жатыр мойны обырының жаңа жағдайларын 2045 жылға қарай 42% азайтып, 2070 жылға қарай 14 млн адамның өмірін сақтап қалуға болады. Ал, Қазақстанда аталған вакцинацияның арқасында жатыр мойны обырын 74,2% төмендетуге мүмкіндік бар», — деді дәрігер.
Сонымен қатар, ол 2024 жылдың күзінде ел мектептерінде 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы тегін вакцинация басталатынын еске салды.
Вакцина ата-аналардың рұқсатымен ғана егіледі.
«Жатыр мойны обыры – онкологиялық аурулар ішінде екінші орында тұр. Біз 20-30 жас аралығындағы қыз-келіншектерден жатыр мойны қатерлі дертін жиі тіркейміз», — дейді Райхан Болатбекова.
Айта кетейік, 27 қаңтарда Алматы онкология орталығында ашық есік күні өтеді.
Қабылдау уақыты сағат 9:30–дан 13:00–ге дейін.