– Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Ардақ Темірханұлы Зебешев облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды,-деп хабарлайды altyalash.kz сайты KAZINFORM-ге сілтеме жасап..
Ардақ Зебешев 1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Халықаралық қатынастар», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Лондон Корольдік колледжі мен Англия Бизнес мектебін аяқтап, мемлекеттік саясат және қызметтерді басқару, іскерлік әкімшілендіру саласының магистрі атанған.
Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласының еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы болып бастап, әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар басқармасының жауапты лауазымдарында жұмыс істеген.
2006-2010 жылдары Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші және екінші хатшысы болған.
2010-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және протокол бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Халықаралық қатынастар департаментінің директоры, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» басқарма төрағасы хатшылығының басшысы, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған.
2019-2021 жылдары Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру басқармасының басшысы, Комитет төрағасының орынбасары лауазымдарында нәтижелі қызмет көрсетті. 2021 жылдың қыркүйек айынан осы кезге дейін Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Бақыт Жаханов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды.