фото:ашықдереккөз
Америкалық психолог, новатор Марк Рунконың «Кез келген адам шығармашылықпен айналыса алуы мүмкін. Бірақ оның барлығы бірдей өз мүмкіндіктерін уақытында танымауы, таныта алмауы мүмкін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, елімізде бір іспен айналыса отырып, оны қоғамға тарата алмау мәселесі өзекті. Өйткені, бірінің уақыты пен энергиясы, бірінің білімі мен талабы жетпеуі мүмкін. Бірақ бұл мынадай дамыған жаһандану заманында айтатын сылтау емес. Ғаламның ғаламатын көрсететін ғаламтор да жұмыс істеп тұр. Креативті индустрияға жол ашатын еңбектер мен білім орталықтары да жетіп артылады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», деген еді. Креативті индустрия мәдениет, ғылым, экономиа, сәулет өнері және тағы да басқа маңызды салаларда ерекше рөл атқарады.
Креативті индустрияны қалай дамытуға болады? Әрбір сала өнер, контент үлгісін жасап қана қоймай, оны сатуға да іскерлік білім мен дағдыларға үйренуі қажет. Ол үшін өз салаңыз бойынша арнайы курстар мен конфереренция, мастер-класстарға қатысуға болады. Мәселен, суретші өз картиналарын сатуды үйренуі үшін маркетинг курстарын, сонымен қатар әлеуметтік желілерде белсенді болуды үйренуі керек. Қазақстан осы бағытқа бет бұрып келеді. Еліміздегі ірі мегаполистерде креативті индустрия орталықтары жұмыс істеп келеді. Алайда басқа өңірлер назардан тыс қалғаны жасырын емес. Оны мемлекет басшысының өзі өткен жылы Алматыға барған сапарында айтқан еді. Демек, Қазақстандағы әрбір қала креативті экономиканы дамытуға тиіс. Ол үшін алдымен орталықтар ашуды, саланы бес саусағындай білетін аналитика мамандар жинаудың қажеттілігі туындап тұр. Креативті адамдар өзінің жұмысын комерциялай алса, бұл ел эконмикасын дамытып қана қоймай, әрбір азаматымыздың әлеуметтік жағдайын түземек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын», деген еді. Айтылған сөзді жерге тастамай, оны жүзеге асырып жатқан министрліктер да бар. Олардың қатарында Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері. «Креативті адамдардың шоғырланған ортасы» десек қателеспейміз. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдетіп берді. Олар жеке табыс салығы, қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салықтарынан босатылды.
«Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2 пайыздан 4 пайызға дейін, ЖШС үшін 8 пайызға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді. Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдағанымызды атап өткім келеді. Ең озық елдердің яғни, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея тәжірибелерін креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұмыс – саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл осы саладағы игілікті бастамалардың бірі деп білеміз», дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
2022 жылы креативті индустрия жұлдыздарының тартымдылығы бойынша жетекші елдердің рейтингінде үздік 5 орынды АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия және Жапония елдері алды. Әлем елдерінде шығармашылық секторда ең дамыған бағыттары – музыка, сән өнері, кино индустриясы. Америка – музыка және кино, Франция мен Италия сән және киноиндустрия, Оңтүстік Корея – K-pop жанрының танымал. Ал Жапония әдебиет, сән және сәулет өнерінде креативті сәтті пайдаланып келеді. Соның арқасында әлемде бұл сала түрлеріне деген сұраныс жоғары. Тұтыну нарығы белсенді дамып келе жатқан дамушы елдер Перу мен Түркия өздерін жарнама және PR саласында айқын көрсетеді.
Әлем елдері, соның ішінде АҚШ-та бұрын қабылданған креативті экономиканы дамыту бағдарламасы табысты жұмыс істеуде. Канадада –Канаданың креативті индустрияларын экспорттау стратегиясы, Ұлыбританияда – креативті индустриялар, Жапонияда — Жапонияның алтын даму стратегиясы, Сингапурда – креативті экономиканы дамыту стратегиясы, Дубайда-креативті секторға көмек көрсету жоспары және т. б. бағдардамалар жүзеге асып келеді.
Қазақстанда 2021 жылы креативті экономиканы дамыту тұжырымдамасын қабылданды. Елімізде креативті экономикамен микро және шағын бизнес айналысады. Бұл ретте креативті индустрия субъектілерінің 82%-ы жеке меншік иелері. Қазақстанда креативті индустрия саласын дамыту шараларын көптеп әзірлеу қажеттілігі бар. Ол үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өз өнімдерімізді ел ішінде ғана емес, экспортқа шығаруды, жарнамалауды үйренуіміз қажет. Бұл аз уақыт алмайды. Бірақ ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосады. Қай сала болмасын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатының анық. Қарапайым тауар сатудан бастап, оны интернет арқылы жарнамалау мен саудалауды, отандық фильмдерімізді әлем назарына ұсынуды, әнші, биші, күйшілерімізді әлем тыңдайтындай мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар Қазақстанда өндірілетін тауарларды экспорттауға үлес қосу әркімнің қолынан келеді. Қазақстанды әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің арқасында қазақ тіліне деген қызуғышылық пайда болды. Алыс-жақын елдерде қазазқ тілі курстары ашылып, тіпті шетелдіктердің өзі ана тілімізді үйренуге ұмтылыс жасап келеді. Ғаламдағы ең танымал университеттердің бірі Оксфордта қазақ тілі курстары ашылды. Сонымен қатар қазақ-ағылшын сөздігі жарық көрді. Онымен қоса, жас режиссерлердің фильмдеріне «NETFLIX» секілді ірі компаниялар қызуғышылық танытты. Жас музыкант, виолончельші Бағжан Октябрь әлеуметтік желілерде ғана емес, ел ішінде, шет елдерде өнер көрсетіп жүр. Ауылдан шыққан қазақ баласы виолончельде ойнап қана қоймай, еліміздің әсем жерлерін де таныстырып жүр. Бағжанның концерттерінде жұптар би билеп, өздеріне жақсы көңіл-күй сыйлайы. Бұл өнерпаздың тапқан жаңалығы. Бұрын Қазақстандағы өтетін концерттерде көрермендер жаппай тұрып, вальс билемейтін еді. Осылайша талантымен дүйім жұртты тәнті еткен Бағжан Түркияның бес қаласында Ыстанбұл, Бурса, Анталия, Конья және Анкара қаласында жеке концертін де беріп үлгерді. Кеш атауы да ерекше. «Жан терапиясы». Шын мәнінде әлеуметтік желіде оның концертіне барғандар мен барғысы келетін фанаттары күннен күнге көбейіп келеді. Бұл біз келтірген бірнеше мысал ғана. Ал қазақтың жерінде таланттар мен ақылды, білімді ғылым иелері көп. Дарындарымыздың өзін жан-жақты көрсетуі үшін де бар мүмкіндік жасалатыны сөзсіз. Ал Қазақстан экономикасы әрбір адамның демеуімен, қолдауымен, еңбегімен дамитыны сөзсіз.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz