AIQYN жастардың жүрегінен орын алды. 20 жылдық тарихында басылым беттерінде жастардың көптеген өзекті мәселесі көтерілді, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт және басқа да салалардағы дарынды жастардың жетістігі арнайы айдарлармен оқырманға ұсынылып келеді.
Төл газетіміздің мерейтойы қарсаңында қазіргі жастар мен тағы да олардың көкейінде жүрген мәселелері, бүгіні мен болашағы жайлы AIQYN-ды 2008-2019 жылдары басқарған публицист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіппен сұхбат өрбіттік.
– AIQYN негізінен жастардың жүрегінен орын алған басылым деуге болады. Сіз бірнеше жыл осы газетте басшылық қызметте болдыңыз. Жастарға қатысты көптеген өзекті мәселені көтердіңіздер. Бүгінгі жас толқынды не толғандырады?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында өкілді билік тармағына жас саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатқанын атап өтті. Олар қоғамда жаңа құндылықтардың кеңінен дәріптелуіне әсер етуге тиіс. Соңғы жылдары жастарды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және олардың азаматтық әлеуетін арттыру үшін бірқатар жоба қолға алынып, тиісті заңға түзету енгізілді. Сенат жанында заң жобаларын сараптауға және Парламент функцияларын іске асыруға жас сарапшыларды тартуға арналған қоғамдық жобалар қолға алынған. Солардың қатарында Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебі де бар.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5,7 миллионнан астам жас адам бар. Парламент «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңға елеулі толықтырулар енгізді. Мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша 1 кодекске, 12 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Жастардың жасы 35-ке ұлғайды. Осыған байланысты Салалық министрлік NEET санатындағы жастардың нақты картасын жасау (олардың нақты жас мөлшері, әлеуметтік статусы, гендерлік бөлінісі және тағы басқа) бойынша әлемдік тәжірибені пайдаланып, жаңа методологиялық әдістерді енгізетінін айтқан болатын. Қазір NEET жастардың саны біршама өсіп отыр. Бір реттік гранттар беру, жастар практикаларын ұйымдастыру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу сияқты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазір Қазақстан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын құрайды.
– Осы жастарға не керек? Білім бе? Бизнес пе? Дағды ма?
– Ең алдымен терең білім мен мықты тәрбие керек. Кәсіби дағды да артық болмайды. Құқықтық сауаттылық. Біліктілік. Бәсекеге қабілеттілік. Заң жастарға жол ашу үшін жасалды. Елімізде азаматтарға сапалы жоғарғы білім беру, техникалық және кәсіптік дағдыларды оқытып-үйрету, оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бермей отыр. Саясатқа, экономикаға жас толқын келуі керек. Президенттің көздеп отырғаны осы. Осы жастардың бойында мемлекетшілдік көзқарас, азаматтық ұстаным орнығуы тиіс. Елімізде 200-ден астам жастар ресурс орталығы бар. Жастарды не толғандырады? Осыны өзектендіру керек-ақ. Әр өңірден жастар арасындағы идеяларды электронды түрде жинақтап, сосын оның бәрін жүйелеп, Үкіметке ұсынса!
– Республикада жастар мәселесімен айналысатын ұйым көп. Өзбекстан сондай ұйымдардың бәрін біріктіріп, Өзбекстан Жастар одағы деген құрылым құрған. Бізге де солай жасауға болмай ма?
– Елімізде жастар ісімен айналысатын ұйым да, бірлестік те, орталық та аз емес. Бірақ нәтижелі жұмыс шамалы. Жастар ісін үйлестіру, ұйымдастыру, бағдарлау ісімен тұрақты айналысу үшін Өзбекстан тәжірибесін зерттеп көрген артық болмас.
– Жақында демография мәселесіне қатысты Үкімет сағатын өткіздіңіздер. Бұл – өте өзекті мәселе. Көші-қонға қатысты сауал қояйын. Мықты мамандар тізбесін жасап, шетелдерден алдырту көзделеді. Неге осыны оңтүстік өңір жастарынан жасамасқа?
– Жастарға не қажет? Бірінші кезекте баспана, жұмыс, әлеуметтік жағдай. Баспанасы мен жұмысы болса өз жағдайын жасап алады. Осы мәселеге кешенді көзқарас жетіспей тұр. «Еңбек», «Серпін», «Жас кәсіпкер», «Жас патриот» бағдарламалары бар. Солардың орындалу барысына терең талдау жасалды ма? «Еңбек» бағдарламасына 5 жылда 695 миллиард қаржы жұмсалған. Нәтиже қайда? Жыл сайын жас мамандардың 30 пайызы жұмыссыздар қатарына қосылады. Неге? 2022 жылы Ұлттық қордан кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде түлектерге арналған «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар шарты» жобаларын іске асыруға және жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтардың азаматтарына гранттар беруге 69,2 млрд теңге бағытталған болса, оның 6,9 млрд теңгесі игерілмегені анықталды.
– «Жер аманаты» деген бар. Пәлен гектар мемлекетке қайтарылды дейміз. Қайтарылған жерлерді қолынан іс келетін жастарға неге бермеске?
– Бұл мәселеде ашықтық керек. Мемлекетке қайтарылған жерлер электронды базада ашық көрсетіліп, соны әділ бөлудің механизмдері жасалуға тиіс. Сізге бір нәрсені айтайын. Жоғары аудиторлық палата «Жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру» және «Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға гранттар беру» іс-шаралары бойынша көрсеткіштерді игеру және оларға қол жеткізу дәрежесін бағалау мүмкін емес деп отыр. Қол жеткізетін нәтижені көру мүмкін болмаса, ол жұмыстарды қалай жүргізіп отырмыз? Сондай-ақ грант алған тұлғалар санында және сандық көрсеткіштерге қол жеткізуді бағалауда деректердің сәйкессіздігі бар. Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, жоғары білім дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді, түлектердің 30 пайыздан астамы бірден жұмыс таба алмайды деген дерек те бар. Бұлардың ішінде мемлекеттік тапсырыспен оқығандары да жетерлік. Осының бәрі бізді ойлантуға тиіс.
– Қазақстан суицид деректері бойынша, әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы орында. Осының себебіне үңілдіңіздер ме?
– Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде миллиондаған қаржы профилактикаға бөлінеді. Сонда да суицид азаймай тұр. Неге? Психологиялық, құқықтық көмек қаншалықты? Мұндай тосын әрекетке ықпал ететін факторлар – тұрақты жұмыстың, ақшаның, баспананың болмауы, мазасыздық, депрессия, адамдық қарым-қатынас пен отбасындағы проблемалар. Бұдан бөлек, шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың көпшілігі жасөспірім. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456-сы – 18-35 жас аралығындағы азаматтар.
Қазақстанда синтетикалық жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өскені байқалды. Ресми статистикалық деректерге сай, Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан 108 851 адам, оның ішінде алкогольге тәуелділігі бар 90 608 адам, есірткіге тәуелділігі бар 18 243 адам динамикалық бақылауда тұрады. 1 498 әйел мен 97 кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелді.
Синтетикалық жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өсу тенденциясы байқалады. Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ұзақ ремиссиямен динамикалық бақылаудан алынған адамдардың үлесін 15 пайыздан 15,4 пайызға дейін ұлғайту, Медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерінің санын 11-ден 20-ға дейін арттыру жолымен нашақор адамдарға медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігін кеңейту, апиындық агонистері бар қолдаушы терапиямен апиынға тәуелді пациенттерді қамтуды 370-тен 500 адамға дейін ұлғайту болжанып отыр.
– Елімізде 1 384 елді мекенде мектеп жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, 34 644 оқушы өзге елді мекендерден қатынап, білім алып жүр екен. ХХІ ғасырда осындай жағдайда жүргеніміз дұрыс па?
– Ведомство мәліметі бойынша, 2022-2023 оқу жылының басында 1 384 ауылдық елді мекенде мектеп жоқ болған. Бұл ауылдарда мектеп жасындағы 34 644 бала тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тасымалдау қызметі ұйымдастырылған. Осылайша, 31 741 бала (91,6%) күнделікті қатынап оқыса, 2 903 бала (8,4 пайыз) апта сайын қатынап оқиды. Оларды тасымалдауға 1 013 автобус бөлінген. «Балалар жылы аясында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2022 жылы ауыл мектептерінің автобус паркін (515 автобус) жаңарту жобасын іске қосты. Бүгінде өңірлерге 200-ден астам автобус жеткізілген көрінеді. Жағдай біртіндеп реттелетін болар деп ойлаймын.
– Президент спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуды ұсынды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін үйірмеге баруға тиіс орта мектепте оқитын 3,6 млн баланың 9,8 пайызды ғана қамтылған. Ауылдық жердегі жағдай белгілі. Жергілікті әкімдіктер 82,0 млрд теңгені кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға жұмсайды. Бұл қалай?
– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту туралы нақты тапсырма берді. Нақты жағдай қалай? Қазір жалпы Мемлекеттік спорттық тапсырысты 64 спорттың түрі бойынша қаржыландыру жүргізілуде. Егер осы тізімге үңілер болсақ, оның ішінде балалардың дені сау болып қалыптасуына емес, керісінше баланың денсаулығына зиян келтіретін спорт түрлері көп. Салалық министрліктің спорт түрлері бойынша баланың жас шамасы белгіленген бұйрығы бар. Бірақ осы тізілімде балалардың бұғанасы бекіп, қабырғасының қатаю кезеңдері мүлде ескерілмеген. Мәселен, ауыр атлетикамен (штанга) айналысуға 8 жастан бастап, бокс секілді басқа зақым келтіретін спорт түрлерімен 10 жастан айналысуға рұқсат етіледі. Бұл бұйрыққа Денсаулық сақтау министрлігі қалай келісім бергеніне таңымыз бар. Осы бұйрықтың талаптарын мүлдем сақтамайтын жекеменшік спорт клубтары өте көп. «Балам өзін-өзі қорғайтын болсын» деген тілектегі ата-аналар баршылық. Бұл дұрыс ниет шығар. Бірақ бізге ұрдажық, тек білек күшіне сенетін емес, дені сау, басы істейтін, білімді, ақылды ұрпақ керек. Ұлттың рухынан күшті нәрсе жоқ! Соны ескерсек деймін.
– Білім жағынан жылт еткен жаңалыққа қуанамыз. Қазақ баласы қай нәрсеге де қабілетті. Бір сұхбатыңызда «Жарып шығатын жерді іздеу керек» деген екенсіз. Қай жерден «жарып» шыға аламыз?
– Ұлтымыздың ілім-білімге деген ұмтылысы ерекше. Қазіргі жас ұрпақ технологиялық жетістіктерді игеруде талай талпыныс жасап жатыр. Мәселен, Үндістандағы робототехника жарысында Қазақстан оқушылары жоғары үш марапатқа ие болды. Үндістанның Пуна қаласында өткен FIRST Tech challenge India Championship 2023 робототехника жарысына 5 елден 70 команда жиналған екен. Қазақстан, Үндістан, Израиль, Ресей және Румыния мемлекеттерінің оқушылары арасынан үздіктер анықталды. Осы робототехника жарысында Қазақстан атынан Алматы қаласының №81 мамандандырылған мектеп оқушылары USTEM Robotics қоғамдық қорының хабарлауынша, екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша іріктеу матчтарында жеңіліссіз өнер көрсетіп, жоғары үш марапатқа ие болғаны туралы ақпаратты ұшыраттым. Балалар Израильдің ең мықты командасын жеңіп шықты. Әлемдік аренаға алғаш рет шыққан команда үшін бұл үлкен жетістік.
Қазақстанда Байқоңыр кешені тұр. Бізге ғарыш саласын игерудің, осы салада ізденістер жасаудың мүмкіндіктері бар. «Жарып» шығатын жердің бірі – осы сала.
– Сенатта аштық тақырыбына қатысты жеті томдық еңбекті жинақтауға үлес қостыңыз. Ұлт қасіреті ретінде жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында 1 минут үнсіздік жариялап, еске алу, тағзым ету туралы ұсыныс жасаған едіңіз. Осыншалық қиын нәрсе ме осы?
– Жеті томға тағы үш том қосылады. Осылайша, біз аштық тақырыбына қатысты 10 томдық жинақ әзірлеп, тақырыпты бір тиянақтап қоймақшымыз. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне сәйкес кезінде 31 мамыр күні – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып белгіленгенін білесіз. Осы атаулы күн аясында республика бойынша еске алу шаралары мен экскурсиялар ұйымдастырылып, телеарналарда Алаш қайраткерлерінің мұрасы дәріптеледі. Ақпараттық жұмыс аясында мемлекеттік телеарналарда тақырыптық сериалдар мен деректі фильмдер көрсетіледі. Мәдениет және спорт министрлігі «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» архивтік жинағын басып шығарды. Сонымен қатар Алаш қайраткерлерінің мұрасын жастарымызға жеткізу мақсатында 2023 жылы жалпы білім беру мектептерінде арнайы сынып сағаттары өткізілді. Осындай шаралар жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жоспарланғаны құптарлық. Реті келгенде бүкіл ел болып, 1 минут үнсіздікпен Тағзым ету шарасын өткізуге болатын шығар деп үміттенемін.
– Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, Алғыс айту шаралары өтті. Сіз ел бірлігін нығайту туралы «Айқында» талай мақала жаздыңыз. Осы тарапта тыңнан тағы не ұсынар едіңіз?
– Бір ұсынысты айтып жүрмін. Басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің Қазаққа деген құрметі мен ықыласын тек ДӘМ арқылы қалыптастыруға болады! Қазақ халқы зұлмат жылдары да, оның арғы және бергі кезеңдерінде елімізге қуғын-сүргін тақсыретімен келген өзге ұлт өкілдеріне дастарқанындағы бір үзім нанды бөліп бергені белгілі.
Өскеменде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға барған тұрғындарға бір тонна бауырсақ таратылды. Наурыз мерекесімен қатар келген саяси науқан барысында қаладағы бірқатар сайлау учаскесінде мерекелік дастарқан жайылған. Таңнан дауыс беруге асыққан сайлаушылар ұлттық киім киіп, елге үлгі көрсеткен. Тұрғындарға бауырсақ таратып, мерекелік дастарқан жасау өте керемет идея. Еліміз үшін осындай айтулы күнде де біздің дәстүрлеріміз ұмыт қалмайтыны анық.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан шыққан танымал тұлғаларды ұлтына қарамастан, шетелде қазақ деп атайтынын атап өтті. Осы пікірді қуаттайсыз ба?
– Бәріміз – қазақпыз! Мемлекет басшысы «Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде қазақ ұлтының мүшесі сезінеді», – деді. Ел ортақ. Мүдде де ортақ болуға тиіс.
– AIQYN-ның ұжымы мен оқырмандарына не тілейсіз?
– AIQYN-да 12 жыл қызмет атқарыппын. Мазмұнды да мағыналы жылдар. Міне, төл газетіміз 20 жылдық мерейтойына жетті. Кезінде газеттің шығуына күмәнмен қарағандар болды. AIQYN Қазақстанның ақпарат кеңістігінде өз орнын тапқан басылым. Газет ұжымы – ынтымағы жарасқан, таза шығармашыл орта. Бәсекеге жіберсе қай бәйгенің де алдынан келер қабілеті үлкен. Оқырмансыз газет ормансыз алқап секілді ғой. Қандай жағдайда да AIQYN-ды жан серік еткен оқырмандарыңыздың қатары сиремесін! AIQYN-дықтар үлкен асуларды ала берсін! Қазаққа қорған басылым болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Наурызбек САРША