Үкіметте Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады.
Іс-әрекет алгоритмі:
- материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ЖАО-ға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
- ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.
- Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер әзірлейді.
Су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабты премьер-министр Олжас Бектенов (штаб басшысы) басқарады, ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды. Штаб құрамына Президент әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.