– «Жұмыскер» – Май ауданында құрастырылып шығатын шағын трактор. Бұл – кезіндегі Павлодар трактор зауыты жойылғалы өңірде алғаш болып толық құрастырылған әрі патентке ие болған жалғыз техника.
Бүгінде сырттан келетін ауылшаруашылығы көліктерінің бағасы аспандап тұр. Оны ала беруге екінің бірінің шамасы жетпейді. Осындай уақытта бағасы қолжетімді әрі сенімді отандық техникаларға басымдық берілгені абзал. Мәселен, «Димаш» жеке кәсіпорны «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ұтып алған 5 млн теңге грантты пайдаланып, 2022 жылы шағын тракторлар өндірісін жолға қойды. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Онымен:
- шөпті шауып, жинау
- картоп отырғызу
- қыста қар күреу
сияқты тағысын тағы ауылдың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады.
Техникаға қажет тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы ашалар қосымша жасалады. Патенті бар. Бағасы Қытайда құрастырылатын шағын тракторлардан екі есеге жуық арзан. Біреуі шамамен 2,5 млн теңге тұрады.
Кәсіпорын басшысы Ерлік Тайшыбаев өндірістік базада алғашқы жылы 2 шағын трактор құрастырылып шыққанын айтады. Оның екеуі де сатылып кетіпті. Одан соң тағы 5 трактор шығарылған. «Жұмыскердің» бірі қазіргі күні облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік базарында жүр. Техника ыңғайлы әрі ұтқыр дейді ондағы қызметкерлер. «Павлодар» ӘКК» АҚ өкілі Арман Асипов фермерлік базар алғаш ашылған күннен бастап аумақтағы сауда павильондарын орналастыру, қар тазалау жұмыстары шағын трактордың көмегімен жүзеге асып жатқанын айтады.
«Құжатында жүк көтергіштігі 300 кг деп жазылған. Дейтұрғанмен, техника 360 келі жүкті қиналмай ала береді. Шағын шөміші мен қырғышы өте қолайлы. Қазір штатқа тракторист алғанбыз. Қозғалтқышы күні бойы жұмыс істегенде небәрі 5 литр бензинді жағатынын айтады. Бұл жағынан алғанда біз үшін тиімді», — дейді ол.
Павлодарлық трактордың тағы бірін Ақмола облысынан бір шаруа келіп сатып алған. Сандықтау ауданы Владимировка ауылының тұрғыны Валерий Взникин бағасы арзан әрі көпфункциялы шағын тракторға қол жеткізгеніне қуанышты. Айтуынша, бұл техниканы интернеттен іздеп, әрең тауыпты. Қытайда шығарылған баламаларын алайын десе, бағасы тым қымбат әрі ақау шықса қосымша бөлшектерін іздеп табу қиын. Қозғалтқышы мен конструкциясы қарапайым көлік қазіргі күні қора-жайдағы малды жайғауға, ауладағы қарды тазалауда таптырмас техника болып тұр. Қытайлық тракторлардағы секілді күрделі гидромотор, түрлі қымбат резеңкелер мен техникалық шлангілер мұнда жоқ, қарапайым жүйе орнатылған. Бөлшектері істен шықса, жаңасы базарда арзан тұрады.
Бұрын «Беларусь» тракторын тізгіндеген В. Взникин ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді мұндай отандық көліктерді сатуға мемлекеттің өзі мүдделі болуы керек деп есептейді. Үкімет шетелден келетін техниканы сатып алуға миллиондап субсидия төлегенше, осындай бағасы арзан отандық құралдарға басымдық бергені абзал екенін айтады.
Фермерлер павлодарлық шағын тиегіш-трактордың тиімділігіне көз жеткізіп отыр. Егер оның құнының белгілі бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатын болса, сатып алуға дайын шаруашылықтар аз емес.
Осыдан бірер жыл бұрын шетелдік әлдебір компаниямен келісімшарт негізінде облыс орталығында Қытай елінің машиналары құрастырылады деп күтілген еді. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында салынуға тиіс өндіріс жобасы сол күйі қағаз бетінде ғана қалды. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл кәсіпкерінің батыл бастамасы қошеметтеуге тұрарлық.
Ерлік Тайшыбаев бүгінде өзі құрастыратын техниканы сатуға мемлекет тарапынан көмек болса деген ниетін жеткізді. «Жұмыскер» құны субсидияланатын ауылшаруашылығы техникаларының тізбесіне енсе, соның өзі Май ауданындағы трактор өндірісіне үлкен сеп болары сөзсіз.
Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов қазіргі уақытта өңірде ауылшаруашылығы техникаларын құрастырумен 4 кәсіпорын айналысып отырғанын жеткізді. Бірақ олар қосалқы бөлшектерді және агрегат тетіктерін әзірлеумен шұғылданады. Дайын трактор құрастырып шығатын өндіріс жалғыз.
«Бұл кәсіпорынның техника құрастыру саласында 10 жыл тәжірибесі бар және тәуекелдер туындаған жағдайда өндіріс шағын блоктар өндірісіне қайта бағдарлануы мүмкін. Бұған дейін Май ауданындағы елді мекендерді абаттандыру конкурсына өз техникаларымен қатысуға ниет білдірген. Біз өз тарапымыздан көмек көрсете алмайтынымызды жеткіздік, себебі нарықта еркін бәсекелестік болуы керек. Ал ол құрастырып жатқан техникаларды сату, лизингтік бағдарламаларға, яғни құны субсидияланатын ауылшаруашылығы техникалары тізіміне енгізу — біздің құзырымызға жатпайтын шаруа. Ол үшін кәсіпкер өз өнімін мемлекеттік сатып алулар порталында тіркеп, құжаттар ресімдеуі керек. Ал құны субсидияланатын техникалардың тізбегін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынады», — дейді басқарма басшысы.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының жауабы да осыған ұқсас. Басшы орынбасары С. Шүкірова «біздің тараптан кәсіпкер еш көмек күтпей-ақ қойсын» деген сыңайда жауап қайтарды.
Мұндай трактордың бүгінде Қазақстан бойынша бірнеше үлгісі кездеседі. Дейтұрғанмен, шағын тракторды құрастырушы өз өнімінің көптеген артықшылыққа ие екенін алға тартады. Мәселен, көтергіштің жебесіне бытыра мойын тірек престеледі. Әдетте құрастырушылар ол жерге қарапайым білік қоя салатыны бар. Білік біраз уақыттан соң желініп, оны жаңартуға тура келеді. Сонымен қоса, салмағы 700 келі болатын әмбебап көлік құралы сағатына 15 шақырымға дейін жол жүруге қауқарлы екен.