— «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» депті Бұқар жырау. Абай облысы Аягөз ауданында тұратын 10-сынып оқушысы Әли Мұхтарұлы осы ең қиынды үйреніп, шешендік өнердің тереңіне бойлаған. Республикалық байқаудан жеңімпаз атанған ол мектепте үйірме ашып, оқушыларға да білгенін үйретіп жүр. Осы ретте, талабы таудай жасты әңгімеге тартып көрген едік.
— Өзіңіз шешендік өнерге қашаннан бері қызығушылық танытып келесіз?
— Шынын айту керек әу баста қызығушылығым жоқ еді. Ынтамды оятқан — Алматы қаласындағы Абай атындағы мектеп-интернаттың ұстазы Жарқын Сәленұлы. Мектепке «Шешендік сөз өнері» пәнін өз бастамасымен қосқысып, сол арқылы қаншама оқушыға шешендіктің дәмін татқызды. Білім ордасында оқып жүрген 8-сыныптан бастап осы күнге дейін бабаларымыздың тереңде жатқан шешендік өнерін зерттеп, өзімді дамытып келемін.
— Қандай жетістіктеріңіз бар?
— Биыл республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының жеңімпазы атандым. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі мен деген оқушылардың арасында өтетін сөз сайысы. Осы уақытқа дейін 5 мәрте ұйымдастырылған. Өткен жылы мектепте «Жыл шешені» байқауынан бірінші орын алған соң республикаға жолдама алғанмын. Ұзақ дайындалып, ізденісте болдым. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, тәжірибе жинап, өзіңді дамытқан сайын шеберлігің шыңдала береді. Тәжірибемен қоса, теорияның да маңызы зор. Нысанбек Төреқұлдың «Даланың дара ділмарлары» еңбегін оқуға кеңес беремін. Онда кешегі бабалардың шешендік сөздері жинақталған. Енді бұл байқауға өзімнің шәкірттерімді дайындап жатырмын. Басқа да жетістіктерім аз емес. Бірақ өз басым жетістік, марапат дегенге қатты қызыға қойғаймын. Әрине, бала күнде 20 Алғыс хат алдым, келесі жылы 25-ке жеткіземін деген сияқты мақсаттар болды. Өсе келе марапаттан бөлек, абырой деген дүниенің бар екендігін түсіндім. Сол абыройың асқақтаса жетістіктер де келе береді. Сондықтан марапат іздемей, өзіңді дамыта түскен жөн.
— Шәкірт демекші, мектепте «Аягөз-Ділмар» шешендік өнер үйірмесін ашыпсыз. Сол жайлы айтып өтсеңіз.
— Иә. Бірақ мектепте емес, жалпы Аягөз ауданында деген дұрыс болар. Себебі оған тек № 10 қазақ-мектеп гимназиясынан ғана емес, ауданның басқа да білім ордаларынан балалар келеді. Ашығын айтсақ, осындай үйірмені талай жылғы тәжірибесі бар, мықты деген ұстаздар ашпады. Сондықтан олардың құлағына алтын сырға. Бұл сұхбатты оқыған ұстаздар келешекте бір-бір үйірмеден ашса қазақтың сөз өнерін дамытуға зор пайдасын тигізеді деген сенімдемін. Ал өзіме идея қалай келгенін айта кетсем, Алматыдағы мектеп-интернаттан Аягөзге оралар шағымда Жарқын Сәленұлы жібергісі келмеп еді. Десе де Мәулана Румидің «Сен жолға шық, жол өзі апарады» деген сөзі бар. Расыменде барғаным қайырлы болды. Аягөзде бәрі «Алматыда оқып келген бала» деп ерекше көзқараспен қарады. Осындағы ұстазым Рысгүл Төкенқызы түрлі жиындарға алып барып жүрді. Абайдың жолын зерттеген Қайым Мұхамедхановтың төл шәкірті болған ол кісіге мың алғыс! Былтыр қыркүйекте ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай дөңгелек үстел өткен еді. Соған қатысып, үйірме ашу туралы бастама көтердім. Бастамам қолдау көрген соң үйірме де өз жұмысын бастады.
— Сабақты қалай өткізесіз?
— Үйірмеге аудандағы 45 баланың ішінен іріктелген 12 оқушы қатысады. Сабақ аптасына екі рет өтеді. Бірі мектепте, екіншісі кітапханада болады. Руханият ошағында біз кітап оқып, әр түрлі шығармаларды талдасақ, мектепте сөйлеуді үйреніп, тәжірибе жинаймыз.
— Шешендік өнердің адамға күнделікті өмірде берер пайдасы қандай?
— Пайдасы зор. 15 млн-нан астам кітабы сатылған жазушы Дейл Карнеги шешендік өнердің күнделікті өмірдегі пайдасы туралы талай еңбек қалдырған. Өзім балаларға «шешендік өнердің қандай пайдасын көріп жатырсың» деп жиі сұрақ қоямын. Мысалы, бір оқушы «көшеде келе жатсам бір бала ұялы телефонын таба алмай айқайлап жылап тұр екен. Сонда оған „Бас адам болса, бөрік табылады“ дедім. Сонда лезде жылауын қоя қойды» деді. Сөздің құдіретін көрдіңіз бе? Әлде ұялғаннан, бәлкім өз замандасынан сондай сөз естимін деп күтпегеннен әлгі бала сабасына түсе қалды. Шешендік өнер деген бір-бірімізге пайдалы болу, рухани хәм басқа тұрғыда да дамыту.
— Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
— Жоспар өте көп. Оқушылар арасында өзіміз сайыстар ұйымдастырып, келесі жылы болатын республикалық байқауға 1 баланы дайындаймыз. Бұдан бөлек, «Кітап ал» деген клубымыз бар. Абай облысындағы ауылдарды кітаппен қамтамасыз ету үшін қор жинап жатырмыз. Мәселен, бір елді мекенге барып, әкіммен сөйлесіп, демеушілер тапқан соң кітап жібереміз. Олар сол кітапты оқып ой түйсе, ұққанын күнделікті өмірде қолданса біздің миссиямыз орындалды.