– ҚР Жоғарғы Соты кезекті сот отырысын тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдады.
Сот процесі қоғамды дүрліктірген Алматы қаласындағы автобус апаты екенін атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қоғамдық көлікте кетіп бара жатқан жолаушылардың бірі жүргізушіге қол жұмсап, жүргізуші есінен танып қалған болатын. Ал автобус аялдамада тұрған 3 адамды қағып, мерт қылды.
«Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда үш адамның өліміне әкелген бұзақылық және көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтеді. Осы іс бойынша сот процесіне қоғамның қызығушылығын ескере отырып, сот отырыстарының онлайн трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», – делінген Жоғарғы соттың мәлімдемесінде.
Сот отырысы Алматы қалалық әділет сотында бүгін сағат 15:00-де басталды. Онлайн трансляцияны Жоғарғы Соттың YouTube-каналынан көруге болады.