Тарихына бей-жай қарамайтын, өткенінен өнеге алып, ұлттық құндылығы мен тілін ұлықтауды үздіксіз жалғастырып келе жатқан әлемдегі бірқатар ел мемлекеттік дәрежеде мәдени ұйымдар құрып алған. Мәселен, Германияда Гете институты, Қытайда Конфуций институты, Түркияда Юнус Эмре институты сол елдің тарихы мен әдебиетін, тілі мен мәдениетін өте белсенді насихаттап келеді.
Ал, Қазақстандағы сондай ұйымдардың бірі – Абай институты. Ол ұйымның мақсаты мен міндеті не? Институт атқарып жатқан жұмыстың нәтижесі қандай? Осы жайында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының Абай институтының жетекшісі, педагогика магистрі Айгүл Ормановамен сұқбат құрдық.
– Айгүл Әділбекқызы, жалпы Абай институты жобасы туралы айтып берсеңіз.
– Жалпы Абай институты жобасы Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасы негізінде 2020 жылы құрылды. Бүгінде жоба аясында әлем бойынша қазақ тілін насихаттау, қазақ тілінің беделін халықаралық деңгейде арттыру, қазақ мәдениетімен, руханиятымен таныстыру, шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирреденттеріне қазақ тілін үйрету бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Сонымен қатар, Ұлы Абайдың шығармашылығы мен идеясын насихаттайтын шаралар ұйымдастырылып келеді.
Осы жоба аясында АҚШ, Франция, Германия, Британия, Бельгия, Түркия, Ресей, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан елдеріндегі қандастарымыз қазақ тілін оқып, қазақ мәдениетімен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Шалғайда жүрсе де, ана тілін сағынып, оқуға құлшыныс танытып жүрген қандастарымыздың қарасы жылдан жылға артып келеді. Мысалы 2020 жылы оффлайн сыныбымызға 50 тыңдаушы келіп жүрсе, 2022 жылы қарасы 300-ге жуықтады. Қандастар ғана емес, шетелдіктердің де тілімізді оқып, білуге деген қызығушылығы жоғары болып тұр.
– Қазір әлеуметтік желіден күн сайын шет тілдерін меңгерудің заманауи курстары туралы жарнаманы жиі кездестіреміз. Абай институты осы заманауи әдістерді қаншалықты тиімді пайдаланып отыр?
– Бүгінде әлем тіл үйретудің дәстүрлі формасынан бас тартып, тілдік ортаға терең бойлауға мүмкіндік беретін интерактивті, мобильді формаға ауысуда. Бұл тіл үйретудегі бұрынғы тәжірибелердің бәрінен бас тарту деген сөз емес, қайта тіл үйрету тәжірибесінің сараланған, нәтижелі әдістемесін қазіргі заманғы ІТ саласының жетістіктерімен біріктіру дегенді білдіреді.
Біз осыны ескере отырып, Абай институты жобасы аясында Abai.institute қазақ тілін оқыту алаңын іске қостық. Әрбір тіл үйренуші өзінің жеке кабинетін ашып, қазақ тілін оқи алады. Қазір қазақ тілін орыс, ағылшын, неміс, француз, түрік, парсы тілдері арқылы оқып, үйренуге болады. Порталдың мобильді нұсқасы Android, iOS платформаларында қолжетімді.
– Әмбебап оқулықтың артықшылықтары туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен шетелдегі қазақтарға арналған «Қазақ тілі» әмбебап басылымын әзірлеп отырмыз. Бұл – Абай институты бағдарламасы іске қосылғалы атқарылған ең ауқымды жұмыстардың бірі. Қазақ тілін оқытудың бұған дейінгі жасалған әдістемесін жетілдіре отырып, әлемдік стандартқа сай қазақ тілін оқытудың бірегей нұсқасы жасалды. Тілімізді шетелдіктерге насихаттаудың алғышартын дайындап берді.
2021-2023 жылы аталған басылымның 5 деңгейін әзірлеп, порталға енгіздік. Яғни, оқулық тілді А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, В2 – ортадан жоғары, С1 – жоғары деңгейде білудің еуропалық жүйесіне негізделген.
Ағылшын, қазақ, орыс, түрік тілдерінде дайындалған оқулық 2020 жылы Абай институты бағдарламасы аясында 5 курс тыңдаушыларының жарты жылда көрсеткен нәтижесін ескере отырып әзірленді.
Яғни бұл оқу-әдістемелік құрал теорияға ғана емес, нақты практикаға негізделгенін атап өткенді жөн көремін. Сонымен қатар әр деңгейге сәйкес сөйлеу әрекеті түрлерінің (тыңдалым, оқылым, жазылым, сөйлесім) дидактикалық талаптарын қамтыған. Тыңдалым тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретін жазу дәптері QR көмегімен берілген.
Қазақ тілін тек оқулықтар арқылы емес, бейнесабақтар арқылы үйретуді де қолға алып, биыл осы бағыттағы жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Себебі бейнесабақтар арқылы тілдің грамматикасын ғана емес, лексикасын, сөйлеу мәнерін, дыбыстау ерекшеліктерін тез меңгеріп алуға болады.
Соңғы кездері «жасанды интеллект» туралы көп айтылады. Біз бұл мүмкіндікті де жіберіп алмай, тіл оқытуды заман талабына сай бейімдеп отыратын боламыз.
– Шеттегі қандастарымызға тілді кім үйретеді? Әңгімеміздің басында оффлайн сабақтар туралы атап өткен болатынсыз.
– Біз жыл сайын шетелдегі аудиторияға қазақ тілін оқытатын оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар өткізіп отырамыз. Мәселен, 2023 жылдың 28-31 тамызы аралығында «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» атты біліктілікті арттыруға бағытталған үш күндік халықаралық онлайн-семинар өткізілді. Семинарға Ресей, Польша, Моңғолия, Иран, Түркия, Франция, Аустрия, Мажарстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен ынталы адамдар қатысты. Семинар қорытындысы негізінде анықталған белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Бұндай семинарларға тек шетелде қазақ тілін оқытып жүрген оқытушылар ғана емес, өзіміздің отандық оқытушылар мен әдіскерлер де белсенді қатысуда. Бұл елдегі авторлық бағдарламалармен, тілді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен, технологиялармен тынысуға жақсы мүмкіндік.
– Қазақ диаспорасы өкілдеріне тіл үйретуде қандай да бір қиындықтар бар ма?
– Шетелдегі қазақтар өздері өмір сүретін мемлекеттерде сол елдің тілін меңгеріп, жалпы құндылықтарымен өмір сүреді. Дегенмен, қазір қазақ диаспорасы өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі басты мәселеге айналып отыр. Атап айтқанда, қазақ мектептерінің жай-күйі, қазақша оқытатын курстардың жағдайы, қазақ тілін үйрететін оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету дәрежесі, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін, жоғары оқу орындарына түскісі келетін жастардың мектеп бағдарламасынан бейхабар болуы, қазақ тіліндегі радио, теледидар бағдарламаларының жағдайы және қазақ тіліндегі отандық теле-радио өнімдерінің өзге елдерде таратылу жағдайы секілді мәселелерді атап өтуге болады.
– Өзіңіз атап өткен мәселелердің шешімі ретінде қандай жолдарды ұсынар едіңіз?
– Біз өз тарапымыздан қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін әзірлеп, оларды қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып кеңінен таратуды жөн ден санаймыз. Абай институты сияқты жобалардың санын арттыру қажет. Себебі, әр адамның талғамы әртүрлі, оларға таңдау мүмкіндігі берілуі керек.
Мысалы, ағылшын тілін оқытатын мыңдаған қосымша бар. Сол сияқты қазақ тілін оқытатын қосымшалар саны арта түссе.
Жалпы, Абай институты жобасы аясында курстар ашумен шектеліп қалмай, жобаны қазақ ұлтының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін, басқа да ерекше құндылықтарын насихаттайтын, Қытайдың Конфуций, Түріктің Юнус Эмре институттары секілді деңгейге жетуіміз керек. Сонда ғана өз құндылықтарымызды насихаттай отырып, шеттегі қандастарға және шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге сұраныс тудыра аламыз.
Мәселен, Абайдың ұлылығын әлемге таныта білсең, Абай тіліне әлемнің қызығушылығы оянады. Әнші Димаш Құдайбергеннің әлемдегі жанкүйерлері қазақ тілін үйрену үшін оффлайн курстарымызға жиі келеді. Егер қазақ елінің мәдениетіне осындай қызығушылық болса, еліміздің әлемдік аренадағы бәсі де, бағасы да артып, туристік әлеуетімізге үлкен септігін тигізеді.
Әрине, бұл шаруа үлкен қаржы мен табанды ерік-жігерге негізделген концептуалды еңбекті талап ететіні сөзсіз. Абай институтының қазіргі атқарып жатқан жұмыстары – осы үлкен мақсаттағы алғашқы қадамдар.
Сондай-ақ, шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырып, жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған «Отандастар қорына» алғыс айтқым келеді.