Қазақстанда Ерлан Еспенбетов бастаған топ тәңіршілдікті ресми дін ретінде тіркеу үшін қол жинап жатыр. Жуырда «Turk Tengri» көне түркі руникалық жазуы, мәдениеті мен тарихын зерттеу орталығының негізін қалаушы Ерлан Еспенбетов тәңіршілдікті елімізде ресми дін ретінде тіркеу туралы мәселе көтерді. Оның пікірінше, көне түркі жазуын дамыту үшін алдымен Қазақстанда тәңіршілдік ресми дін ретінде танылуы керек.
Осы ретте бастама авторына сұрақ жолдап, бірқатар сұраққа жауап алдық.
– Сіз «руна жазуы даму үшін тәңіршілдік дін ретінде ресми мәртебе алуы керек» деген пікірдесіз. Жалпы бұл жазуды дінмен байланыстырмай-ақ дамытудың балама жолдары жоқ па? Әлде руна жазуын насихаттау – тәңіршілдікті жаңғыртудың құралы ғана ма?
– Түркі руникасынан (көнетөрік Бітіг жазуы) сабақ бергеніме 4 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 20 мың адамды оқытып шығарғанда ұққаным: Бітіг жазуы біздің азаматтарымызда Тәңрілігтің (Тәңіршілдік – авт.) негізгі бір символы ретінде қабылданады. Бәлкім, тіпті ресми деңгейдің өзінде оған аз көңіл бөлінетін себебі де осыдан шығар. Әрине, бітіг жазуы көне түркілердің жазуы ретінде қызықтыратыны сөзсіз, алайда біздің сабаққа келушілердің дені ол арқылы ең алдымен Тәңрілігтің қайнар көзін іздеп танығысы келді. Егер біз Күлтегін мен Білге Каған ескерткіштерін және Ырық бітігті түпнұсқада оқысақ, түркілірдің Тәңрі Құдайына сенгенін аңғарамыз. Оның есімі 200-ден астам рет кездеседі.
Тарихқа сүйенсек, кез келген жазу ешқашан кездейсоқ пайда болмаған. Көбіне ол патша жарлықтарынан бастап діни уағыздар мен дұғаларға дейін әртүрлі мазмұндағы ақпаратты беру тәсілі ретінде қызмет атқарған. Мәселен, латын және кириллица – католиктер мен православтардың қасиетті хаты екендігі бүгінде ешкімге құпия емес. Дәл солай араб жазуы – мұсылмандар үшін қасиетті болса, иудаизмнің ізбасарлары үшін – ол еврей жазуы және индуизмде – санскрит. Осы тұста, түркілердің бітіг жазуы Тәңрілігтің маңызды рәміздерінің бірі болмаса, не болғаны? Осындай заңды сұрақ туады.
Өкінішке қарай, тарихшы және түркологтардың басым көпшілігі өзінің діни-идеологиялық сипаттағы сеніміне байланысты немесе терең білімнің жоқтығынан болар, олар қағанаттар кезіндегі болсын, сондай-ақ Шыңғыс хан империясының бірінші жүз жылдығында, тегі әртүрлі тайпалардың тек Бір Тәңріге сыйынған дереккөздерін елемейді. Мәселен, Төрүк (Түрік) сөзінің өзі шығу тегінде діни сипаттағы мағынаға ие. Ол Төрү (қаз. Төре) заңын жақтаушыларын білдіреді және бұл заңның Тәңрінің өзі оларға қағандар арқылы берілгеніне сенген. Оның үстіне Қазақстанда өзін тәңіршімін деп идентификаттайтын азаматтардың саны өсіп келеді. Сондықтан, ғалым ретінде, өзімнің әріптестеріммен бірге бастамашыл топ құрып, Қазақстанның ресми діндердің бірі ретінде «Тәңрі Елі» республикалық Тәңріліг діни бірлестігін тіркеуді ұйғардым.
– Кез келген діннің кітабы болады. Тәңіршілердің кітабы жоқ. Тәңіршілдік деген не? Оның концепциясы қандай?
– Қазақстанда 18-ден астам дін тіркелген: ислам мен христианнан бастап кришнаизмге дейін. Көпшілігі олардың сенімін дін ететін кітап немесе пайғамбардың болуы деп қате ұғынады. Мұндай логикаға сүйенсек, сонда Қазақстанда тіркелген кейбір діндер дін болып саналмай ма? Мысалы, буддизмде Құдай туралы концепция жоқ, бірақ өзін құрметтейтін кез келген дінтанушы буддизмді әлемдік діндерге жатқызады. Тәңріліг – бұл VI ғасырда қалыптасқан Ұлы Дала халықтарының монотеистік діні, ол ең алдымен дала халықтарының ашық дәстүрлі дүниетанымы мен өмірлік философиясына негізделген. Ежелгі көнетүркі ескерткіштерін зерттейтін болсақ, ол жерде: «түркілердің Тәңрі құдайы оларға Бумын қаған мен Истеми қаған арқылы Төру заңын тайпаларға берді» деп сенгенін анық көреміз. Шын мәнінде, түркілер Түркі қағанатының негізін қалаушыларды Тәңрінің өз елшілері ретінде қабылдады. Осының негізінде Шыңғыс Ханды да солай қабылдады. Сондықтан Тәңрі құдайының есімі қазіргі түркі, моңғол және тунгус-маньчжур халықтарының бәрінде кездеседі. Айтпақшы, көнетүркі грамматикасына сәйкес, Тәңрі қазіргі сөздіктерде жазылғандай «Тәңір» емес, Тәңрі боп дыбысталады. Сондай-ақ, «Тәңіршілдік» термині де дұрыс емес, себебі Тәңріге деген өз сенімін ата-бабаларымыз Тәңріліг деп атаған. Өзінің ғибадатханаларын да олар дәл осылай атаған. Қазақтың салт-дәстүрінің 90% шығу тегі Тәңрілігтен басталады. Мысалы, Наурыз (Көктем), беташар, жеті ата, жеті шелпек, 40 күн, отпен аластау, қара түн. Сондықтан, Тәңріліг ілімі – мəдениетіміздің негізі екеніне сенімдімін.
– Соңғы жылдары Қазақстанда тәңіршілдікті ұстанатындардың қатары артып келе жатқанын жаздыңыз. Бұны неге сүйеніп айтып отырсыз? Бізде тәңіршілердің көбейгенін немесе азайғанын көрсететін зерттеулер бар ма?
– Зайырлы және демократиялық республика азаматы ретінде және сенім бостандығы туралы заң бойынша мен кез келген дінге сене аламын. Расында да, Қазақстанда, әсіресе соңғы онжылдықта халық арасында Тәңріліг қайта жандана бастады. Оны әлеуметтік желілер мен телеарналардағы көптеген ақпараттан байқаймыз. Есептеулер бойынша, қазір 200 мыңнан астам тәңрішіл бар, жақын арада олардың саны 1 миллионнан астам адамға жетуі ықтимал. Көптеген сыншы «Тәңіршілдікті» шетелдік арнайы қызметтердің жобасы деп есептейді. Өз басым өздерін тәңірші (тәңріші) санайтын еліміздің көптеген азаматымен жеке таныспын. Олардың көпшілігі Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдар, мәдениет және бизнес қайраткерлері. Тәңрішілердің киелі жерлері – ол ең алдымен кіндік қаны тамған туған жері және дәл солай Тәңрі-Тау (Тянь-Шань), Хан Тәңрі шыңы, Өтүкен (Өтеген), Таңбалы тас және т.б. туған елінің географиялық нысандары. Сондықтан Қазақстанның тәңрішілері үшін ең алдымен Қазақстанның мүддесі маңызды.
– Бұрын Сәрсен Аманжолов бастаған бірқатар ғалым руниканы зерттеуге зор үлес қосқан еді. Қазір руна жазуын оқи алатын зерттеушілер бар ма?
– Түркі руникасы туралы көптеген мектеп, университет, немесе қала көшелерінде сауалнама жүргізіп көрсеңіз, біздің азаматтардың ежелгі түркілердің жазуы туралы түсінігі бұлыңғыр екеніне көзіңіз жетеді. Өкінішке қарай, көптеген түрколог бітіг руникалық жазуын қарапайым тұрғындар арасында дамыта алмады, сондықтан біздің ұжым авторлық әдістеме бойынша барлық тілек білдірушіні оқыта бастады.
– Сондай-ақ «елімізде тәңіршілдікке жеткілікті көңіл бөлінбейді» дейсіз. Сіздің ойыңызша, бұған мемлекет не үшін көңіл бөлуі керек?
– Тәңріліг – бүл тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Оның үстіне түркі тарихындағы тұлғалардың дерлігі Тәңрі ізбасарлары болған: Атилла, Бумын, Истеми, Арпад, Аспарух, Күлтегін, Тоныкөк, Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай, Өгедей, Тулуй, Бату және т.б. Демек, Тәңріліг болашақта Қазақстанды Алтын Орданың ғана емес, сонымен бірге Тәңрілікті мемлекеттік дін ретінде ұстанған Шыңғыстар империясының және тұтастай Түрік қағанатының шынайы мұрагері ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін ұлттық идеологияның қуатты негізіне айнала алатын ілімі.
– Тәңіршілдік туралы айтқанда, біз көбіне Ислам діні келгенге дейінгі наным-сенімді сөз етеміз. Одан бері тәңіршілдікке қатысты трансформация болды ма? Қазіргі заманда тәңіршілдіктің нақты белгілері қандай?
– Қазақстан тәңрішілдері басқа халықтардың дінін, дәстүрін, мәдениетін құрметтейді, өйткені Тәңрілік бойынша барлық адамдар тең. Сондықтан көптеген салт-дәстүр халқымыздың әдет-ғұрпына енген. Бірақ нақты қарасақ, біздің барлық негізгі мерекелер мен іс-шараларда Тәңрілігтің тамыры бар екеніне бірден көзіміз жетеді, мысалы, ең басты мереке – Ұлыстың ұлы күні Наурыз, 12 циклді мүшел күнтізбесі және мемлекеттік рәмізге айналған Бәйтерек (Тәңрі әлемінің құрылымы).
– Сондай-ақ тәңіршіл қауымның құлшылық ететін арнайы жері (храм) жоқ дейсіз. Сіздің ойыңызша, ол қандай жер болуы керек?
– Ежелгі түркілер өзінің ғибадатханаларын Тәңріліг деп атаған, олар көбінесе төбелер немесе қасиетті таулар мен шатқалдардың жанында орналасқан. Түркілер Еуразияның кең кеңістігінде өмір сүрді және олардың ғибадатханалары әртүрлі пішінде болды. Мысалы, Алматыда Тәңрілігті көне қорғандардың жанында, атап айтқанда Боралдай сақ қорғандарында орналастыруға болады. Қазір кәсіби сәулетшілермен бірге жобаны әзірлеп жатырмыз.
– Бізде латын әліпбиіне көшу жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселенің бірі. Сіздіңше, осы жағдайда руна жазуын дамыту мүмкін бе?
– Түркі руникасы – бұл тәңрішілер үшін қасиетті жазу, ол VI ғасырда түрлі тайпаларды біріктіру үшін және түркі тілдердің ерекшеліктерін ескеру мақсатында арнайы жасалған. Мысалы, Жок/Йоқ/Юк сөздері бітігте бірдей жазылған, бірақ әр рудың өкілі бұл сөзді өзінің диалектісінде емін-еркін оқи беретін болған. Көптеген адамдар бітіг жазуын өзінің ерекшеленетін белгілерге немесе оңнан солға қарай жазуға байланысты қазіргі қазақ тілі үшін мүлдем қолайсыз деп санайды. Алайда, мысалы, бұл араб елдері немесе Израиль тұрғындарына еш кедергі келтірмейді. Оның үстіне, олардың жазу жүйесі мәдениет пен дәстүрдің маңызды белгілерінің бірі. Қазір латын әліпбиі әзірше ресми қолданысқа енген жоқ, біз ел басшылығына қазақ әліпбиінің «Бітіг» негізіндегі жеке нұсқасын ұсынамыз. Бәлкім, біздің еліміз өз әлеуетін дамытуға тағы бір қуатты ынталандыруға ие болады.