— Ұлы далада өмір сүрген халқымыздың дәстүрлі тіршілік дағдысы, өмір салты табиғатпен тығыз байланысты. Ал Қазіргі адамдар да денсаулыққа пайдалы осындай табиғат аясында демалып, серуендеуді ұнатады.
Қарағайлы орманда таза ауамен тыныстап, шипалы тұнық судан қуат алып, құстары сайраған тауда серуен-сейіл құратын ондай жайлы мекенді ҚР Президент Іс басқармасы медициналық орталығына қарайтын «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінен көресіз. Жыл өткен сайын кеңейіп, кемелденіп, алыс-жақынға даңқы шығып жатқан теңдесіз курорт Бурабайда орналасқан «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басқарушы директоры Аян Ақмұрзиннен отандық шипажайдың қазіргі жай-күйі, жұмыс бағыты, болашақ жоспарлары туралы кеңірек кеңесіп білдік.
— Аян мырза, «Оқжетпес» шипажайы қонақтарына қандай ем жасап сергітіп, денсаулығын оңалтуға көмектеседі?
— «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланғанына биыл 60 жыл толады. «Оқжетпес» кешеніндегі қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық базамен толықтырылған табиғи бірегей факторлар: қарағай орманының экологиялық таза ауасы, Балпаш сор көлінің емдік балшығы және Май Балық көлінің минералды суы, радонды терапия, «Құлагер — Арасан» минералды суы жүрек-тамыр жүйесі, тыныс алу мүшелері, тірек-қимыл аппараты, асқорыту, қан айналымы және жүйке жүйесі ауруларын, урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Балпаш сор көлінің балшығы тірек-қимыл жүйесі ауруларын, артрозды, артритті, омыртқа остеохондрозын емдеуге көмектесетін биологиялық белсенді балшық болып есептеледі. Бұл тірек-қимыл аппаратының ауруларын емдеп қана қоймай, қабынуға қарсы әсер етеді. Шипажайдың су емханасында ваннаның бес түрі су массажы, қылқан жапырақты ванна, төрт камералы ванна мен минералды ванна бар. Сонымен бірге минералды су ингаляциясы, дәрілік заттар ингаляциясы және шөп тұнбалар ингаляциясы секілді түрлі ингаляциялар да жасалады. Дәрігердің нұсқауы бойынша келушілер шөп тұнбаларынан бұқтырылған шәй түрлерін, оттегі коктейльдерін іше алады.
Сондай-ақ, келушілер арасында бұғы мүйізінен алынатын панта терапиясына сұраныс жоғары. Жалпы әлемде бұғының мүйізі мен қаны емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Сол пантотерапияның арқасында иммунитет жақсарып, дененің әртүрлі инфекцияларға төзімділігі артады.
— Қазақтың ұлы даласындағы «Оқжетпес» кешені қонақтарға ұлттың салт-дәстүрін, болмысын насихаттауға бағытталған «Qazaq nomad» жобасын да жасап шығыпты…
— Біз қазақ мәдениетін, дәстүрлерін қызметімізге, тамақ мәзіріне, бөлмелерді нақыштауға пайдаландық. Көл жағасында, орман ішімен серуендейтін жаяу жүргіншілер сүрлеуі бар. Сол жолмен жүрген демалушылар 100 метр сайын орнатылған әр тақтайшалардан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырының үзінділерін оқып немесе аудио нұсқасын да тыңдай алады. Сондай-ақ, тамақ мәзіріне де қымыз, бауырсақ, жент секілді денсаулыққа пайдалы ұлттық тағамдар қосылған. Сонымен бірге келушілер киіз үйдің шипалы ауасымен тыныстап, тәтті, сырлы сарынды қазақ күйлерін тыңдап санасын сергітіп, рахаттанып демалады. Бұдан бөлек арнайы дайындалған алаңда садақ атып, қазақтың жауынгерлік рухын сезініп, серпіліп, сергиді. Осылардың барлығы біздің ем алушылардың, әсіресе шетелдік қонақтардың ерекше ықыласын оятып, қызғушылығын тудырды. Біз осылайша алыс-жақынан келген қонақтарымызға халқымыздың салт-дәстүрін, болмысын насихаттай отырып, денсаулықтарының да оңалуына көмектесеміз.
— Енді «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің жетістіктері, болашақ жоспарлары туралы айтсаңыз?
— Бурабайдағы бұл шипажайдың 1965 жылы жұмысын бастағаннан бергі шежіресіне қарасаңыз үздіксіз дамып, кемелденіп, өсіп отырғанын көресіз. Ал, соңғы жылдардағы жетістіктеріне шолу жасасақ, 2006 жылы Андоррда Дүние жүзілік сумен және климатпен емдеу федерациясының Бас Ассамблеясымен санаториялық-курорттық емдеуді ұйымдастырудағы жетістіктері және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының арасында белсенді ғылыми жұмыстары үшін «Оқжетпес» ЕСК-не «Әлемдегі ең үздік курорт» марапаты табыс етілді.
2011 жылы санаторий меншікті бұлақтың радонды суын пайдалану арқылы жаңа медициналық қызмет көрсету — радонды терапияны енгізді. 2012 жылы мамырда Лондонда (Ұлыбритания) Британ институты директорларының шешімімен біздің емдеу-сауықтыру кешені «Еуропалық сапа» халықаралық марапатқа ие болды. 2019 жылы «Үздік шипажай» марапатына ие болып, Қазақстан шипажайлары арасында алғаш EuroSpa сертификатына ие болды. «Оқжетпесте» халықаралық стандарттарға сәйкес сапа менеджментінің жүйесі бар. 2014 жылы жыл сайын растайтын «4 жұлдызды қонақ үй» және «Жоғары сапалы мейрамхана» санатына сәйкестік сертификатын алды.
2017 жылдың 27 шілдесінен бастап, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының емдеу-сауықтыру кешендері «Оқжетпес» брендімен бірыңғай желіге бірігіп, құрамына Бурабай курорттық аймағындағы «Оқжетпес», Алматы қаласындағы «Almaty Resort» және РФ Ессентуки курорт-қаласындағы «Қазақстан» шипажайы кірді.
Қазіргі уақытта ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы біздің еліміздің ең жақсы курорттарын біріктіру үрдісін одан ары жалғастырып Қырғызстанның Ыстық көліндегі «Қазақстан» шипажайын жаңарту бойынша жұмыстарды бастап кетті. Осы орталық алдағы 4-5 жылда толық жасалып, жабдықталып, ең жаңа кемелді кешенге айналады деп отырмыз. Сонымен бірге, Сарыағашта шипажай салу немесе жаңарту жобасы жоспарланған. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай тауларының қойнауындағы шипажайды да біздің баланысқа өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан басқа Бурабай тауларында осыдан 4 жыл бұрын салынған «Ақ бура» кешені де жыл соңына дейін біздің орталықтың құрамына кіреді деп отырмыз. Болашақта осындай 6-7 емдеу-сауықтыру кешенін біріктіріп үлкен орталыққа айналып, ұлт денсаулығы үшін сапалы жұмыс жасап, «Оқжетпес» брендімен әлемге танылсақ деген ниетіміз бар.
— Осындай ауқымды жұмыстың барысын баяндап әңгіме өрбіткеніңізге рақмет! Болашақтағы іргелі істеріңіз жемісті болсын!