Таяуда Павлодардағы мектептердің бірінде оқушы ұстазы мен қатарласын пышақпен жарақаттады. Ақпарат ағынының әсерінен бе, кейінгі жылдары мектеп оқушылары ауыр қылмыстарға жақындағандай көрінеді. Осы оқиға оқушылардың психологиялық ахуалын күн тәртібіне қайта шығарды. Ал мамандар келеңсіз құбылыстың себебін қалай түсіндіреді? Балаларға қатысты жаңа заңнан не күтеміз, мектеп психологтарының жетіспеушілігі қалай шешілмек?
Өтпелі кезеңнің өтуі қиын
Бір дәйек, елдегі оқиғаның алдында ғана Түркияда жоғары сынып оқушысы мектеп директорын атып өлтіргені туралы ақпарат көпшілікті үрейлендірген еді. Екі оқиғаның арасындағы жақын кезең мамандарды елеусіз қалдырмапты. Психология ғылымының докторы Балабек Кеніштайұлы алдымен бір мәселеге зер салу керек екенін айтады.
– Көктемде және күз мезгілінде психологиялық тұрғыда әлсіз адамдарда қосымша агрессия пайда болады. Дәл осы мезгілдерде кейбір ересек адамдардың өзі әрекетін бақылай алмай жататынын білеміз. Менің ойымша, аталған уақыттарда білім беру ұйымдары балалардың жүріс-тұрысын, тәртібін, өзгелермен қарым-қатынасын қадағалап отырғаны абзал. Алайда бір дүниені ескерген жөн, бақылауды тек мектеп ұжымы мен психологқа артып қоюға болмайды, бірінші кезекте ата-ана ықпал етіп, әрекет етуге тиіс, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, ата-аналар баланың әр жаста әртүрлі дамитынын ескергені дұрыс. Мысалы, мектепке барғанға дейін балада қиялдау дағдысы қатты дамиды. Ал 1-5 сынып аралығында, яғни, 12 жасқа дейін логикалық ойлау, түйсіну жағы басымырақ болады. 12 жастан 17 жасқа дейін көпшілігі білетін өтпелі кезең аралығы психологияда ерекше сипатталады.
– Мәселен, ересек адам теріс қадам жасар алдында оның нәтижесін ойлайды, зардабы қандай боларын сарапқа салып барып, іске көшеді. Ал өтпелі кезеңдегі бала үшін жасағалы отырған ісінің салдары емес, процестің орындалуы ғана қызық. Бала бірнәрсені қате істесе, ата-аналар бас сала дауыс көтеріп, ескерту айтып жатады. Бірақ олардың нәтиже деген дүниені түсінуге қабілеті жетпейтінін есепке алмаймыз. Яғни, оларды «жазалаудың» нәтижесі аз, – деп түйіндеді Б.Кеніштайұлы.
Қатаң заң қадағалауды күшейтпек
Оқушылардың қылмысқа баруынан бөлек, өз кезегінде олардың да жақындарынан немесе қатарластарынан қысым көріп, физикалық және психологиялық соққы алатын оқиғалар кезігеді. Қысымның әсерінен өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдер де жоқ емес. Ұлттық статистика бюросы осыған дейін Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда өз-өзіне қол жұмсағандардың жасы бойынша жіктелген деректерді ұсынған болатын. 5-9 жас арасында – 0,51, 10-14 жас арасында – 1,56, 15-19 жас арасында – 5,16. Әрі қарай жалғаса береді. Бұның себептерімен күресу үшін ақыры заңды қатаңдатуға тура келді.
Биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді заң аясында адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, суицидке көндіру немесе соған ықпал ету де ауыр жазаға тартылады. Құжат абьюзерлерге де, буллерлерге де қатысты. Аталған заңның 105-бабына сәйкес, «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе ықпал ету» қылмыскердің 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектейді, не 3 жылға бас бостандығынан айырады.
Ал бұл қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса және жәбірленуші дәрменсiз күйде болса, не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгеше түрде тәуелдi болса, сондай-ақ осы қылмыс 18-ге толмаған екі немесе одан көп адамға қатысты жасалса, онда жаза ауырлайды. Айыпты 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Мектептерге 200-ден астам психолог жетіспейді
Оқушылардың қылмысқа баруы, немесе өз-өзіне қол жұмсауы болсын – жасөспірімдердің психологиялық ахуалына барып тіреледі. Үкімет осыған дейін бұл мәселелерді шешудің бір жолы ретінде білім ұйымдарындағы педагог-психологтардың санын көбейту жолын қарастырған.
– Білім ордаларында педагог-психологтардың штат санын ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар» аясында әрбір 500 шәкіртке 1 педагог-психологтан келуін қамтамасыз ету талабы бекітілді, – деген еді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.
Оның мәліметінше, еліміздің орта білім беру ұйымдарында жалпы саны 12 417 педагог-психолог жұмыс істейді. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда, балабақшаларда – 3 526, мектептерде – 8 236, колледждерде – 655. Кейінгі 3 жылда психологтардың саны 403-ке ұлғайса да, маман тапшылығы жойылмаған. Ірі қалалардағы кей мектептерде мың балаға 1 педагог-психолог көмек көрсетеді. Бұндай жағдайда балалардың санасындағы өзгерісті бақылау мүмкін емес іспетті. Ұлттық білім беру деректер қорының ақпараты бойынша, мектептерге 229 психолог жетіспейді. Сан өз алдына, олардың біліктілік деңгейі қай межеде екені тағы бір мәселе туындатады.
Былтырдан бастап «Педагогика және психология», «Психология» мамандығы бойынша 36 жоғары оқу орны маман даярлайтынын жеткізіп, 2023-2024 оқу жылына аталған салалар бойынша 8 723 мемлекеттік грант бөлінген. Келешекте олардың бәрі саласы бойынша жұмыс істей ме, әзірге белгісіз, егер білім ордаларына барса, маман тапшылығы жойылары анық.