Белгілі түріктанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы «номад» деген атаудың жақсы мағына бермейтінін айтады. Оның айтуынша, бұл атау кезінде ештеңе де өндірмейтін, кезбе халыққа бағытталып айтылған. Бұл туралы ол «Sadaq» медиа агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Бізді ғасырлар бойы көшпелі халықсыңдар деп келді. «Номадсыңдар» деді. Шын мәнінде, номад деп ештеңе де өндірмейтін, кезбе халықты айтады. Мысалы қазіргі қайыр сұрап қаңғып жүрген сығандар номад болып есептеледі. Біз сол «номад» дегенге мәз боламыз. Мейрамхана, қонақ үйімізге атын қойып даурығамыз. «Номад» деген керемет сөз екен деп, ұлықтап, істемегенді істеп, мәз болып жүрміз. Номад кезбе, тұрақты мекені жоқ, бейшара халық деген сөз, Осыны 15-20 қабат қонақ үй соғып, төбесіне апарып іліп қойдық. Мен номадпын деп кеуде қағып жүрміз. Бұл ұят тірлік. Бірнеше рет жаздым осы туралы. Ешкім қыңқ етпеді», – дейді ғалым.
Сондай-ақ ол «скиф», «сақ» деген атаудың да жақсы емес екенін айтады. Бұл сөздердің түпкі мағынасы да жабайы дегенді білдіреді.
«Қытайдың жазба деректеріндегі бізге қатысты «гуй фан», «туй фаню и», «хуни», «куни», «жун», «дун и» деген сөздердің барлығының мағынасы жабайы, ақымақ, қанішер, жыртқыш аң дегенді білдірген. Өңкей кемсіткен атаулар», – дейді Қаржаубай Сартқожаұлы.