Фото: kaz.inform.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы әрі Мальтаның Сыртқы, еуропалық істер және сауда министрі Иан Борчпен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар төңірегінде жан-жақты пікір алмасып, келіссөздер жүргізді. Келіссөздерден кейін қос елдің Сыртқы істер министрі журналистер алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Астанаға еліміздегі жауапты кезеңде келіп отыр. Еліміз айтарлықтай демократиялық жетістіктерге қол жеткізіп, Әділетті Қазақстан құру жолында келеді. Біз бүгінгі сапарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен іргелі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларымызды қолдаудың айқын көрінісі деп есептейміз. Тұғыры берік, экономикасы мығым, халықаралық саяси аренадағы беделі барынша мойындалған Мальта бүгінде Еуропалық одақтағы Қазақстанның маңызды да сенімді серіктесі болып отыр. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастар осыдан отыз бір жыл бұрын орнатылған. Кейінгі кезде Астана мен Валлетта арасындағы саяси диалогтің дамуы қарқын ала бастады», деген М.Нұртілеу экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да болашағы орасан зор екеніне тоқталды.
«Сауда-экономикалық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында министр Борчпен туризм, өңдеу, жер қойнауын барлау, теңіз логистикасы сияқты перспективалы секторлар бойынша жұмысты жандандыруды уағдаластық. Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақтың визалық режімін жеңілдету мәселесіне бөлек тоқталдық. Біздің ойымызша, оның оң шешілуі сан қырлы байланыстардың белсенді дамуына зор септігін тигізер еді», деді М.Нұртілеу.
Мұрат Әбуғалиұлы сондай-ақ ЕҚЫҰ төрағасымен өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша жан-жақты пікір алмасқанын жеткізді. Оған қоса көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас әрі жақын екенін атап өтті.
«Еліміздің биылғы бірқатар ірі халықаралық ұйымдағы төрағалығы барысын ортаға салдық. Сондай-ақ Хельсинки Қорытынды актісі қабылданғанының 50 жылдығы қарсаңында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының рөлі мен беделін арттыру жолдарын қарастырдық. Қазіргі қалыптасқан геосаяси ахуал кезіндегі Ұйымда болған институционалды дағдарысқа қарамастан, біз оның әсерін бәсеңдету мақсатында кешенді жұмыс жүргізіп отырмыз. Осыдан он төрт жыл бұрын қабылданған Астана декларациясының қағидаттары өз өзектілігін жоғалтпай, жылдан-жылға маңыздылығын сақтап келеді. Бүгін де Валлетта ұйымға төрағалық етіп, осы жауапты міндетті үлкен абыроймен атқарып отыр», деді М.Нұртілеу.
Кездесу барысында мальталық әріптесімен диалогке арналған бірегей платформаны Хельсинки актісі мен Астана декларациясы рухында одан әрі дамыту жайында келіскендерін атап өтті.
Иан Борч алдымен еліміздегі тасқын су салдарынан болған қиын жағдайға байланысты біздің халыққа көңілін білдірді.
«Адам шығыны болып, тұрғын үйлерді жермен-жексен қылған және мал-мүліктің қырылуына әкелген көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына шын жүректен көңіл айтамын. Сабырлылық, шыдамдылық пен төзімділік танытқан қазақ халқын жоғары бағалаймыз. ЕҚЫҰ сіздермен ынтымақтастықты қалайды және Қазақстанды қолдауға ниетті», деді ЕҚЫҰ төрағасы.
Сондай-ақ ол Астананың мерейтойлық декларациясы қашанда ЕҚЫҰ тарихындағы іргетас болып қала беретінін ерекше атап өтті. 2010 жылғы Астана саммитінің сәтті өткенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның қауіпсіздіктің үш өлшемінде маңызды орын алатынын, белсенді рөл атқаратынын атап өтті. Жер дауымен әскери қақтығысқа дейін барып, әуре-сарсаңға түскен Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдердің орнығуына жәрдем беріп, арағайындық танытқан еліміздің халықаралық беделіне де жоғары баға берді.