– Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысушыларды қарсы алу рәсімі аяқталды.
Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкарды қарсы алды және қол алысып, суретке түсті. Осыдан кейін Президент мәртебелі мейманды конференция залына шығарып салды.
Одан кейін Тәуелсіздік сарайына Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров келді. Бауырлас елдердің басшылары рәсім кезінде аз-кем тілдесіп үлгерді.
Сонымен бірге, ШЫҰ саммитіне Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Шахбаз Шариф келді. Қазақстан мен Пәкістан ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылын, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық ынтымақтастығын дамытып келеді. IT индустрия және қаржы саласы да перспективалы бағыттар болып саналады.
Саммит қонақтары арасында Иран Президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбара бар. Мамыр айында Иран Президенті Ибрагим Раисидің мезгілсіз қаза табуына байланысты, елде сайлау жүріп жатыр. Өткен жылы Иран ШЫҰ-дағы байқаушы-мемлекет мәртебесінен толыққанды мүшелікке ауысқан еді.
Одан кейін Тәуелсіздік сарайына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев келді.
Сондай-ақ ҚР Президенті Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен қол алысты.
Шара қонақтарының бірі – Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко. Биылғы саммитте Беларусь ШЫҰ толыққанды мүшесі болады.
Қазақстанның тату көршісі – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Тәуелсіздік сарайына өз көлігімен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суретке түсу рәсімінен кейін мейманды конференция залына шығарып салды.
Тағы бір маңызды қонақтардың бірі – Қазақстанға 2 шілде күні мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейманмен қол алысу рәсімінен кейін біраз қытай тілінде әңгімелесті.
Қарсы алу рәсімінен соң ұйымға мүше мемлекеттерден келген делегациялардың басшылары бірлесіп суретке түсті.
Айта кету керек, іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы, ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры, ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.
ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтеді.
Еске салсақ, 3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Бүгінгі отырыста ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады.
Астана саммитінен бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымы толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді. Бұл туралы Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.