фото:ашықдереккөз
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға сұраныс артып келеді. Күні кеше ұйымның Астанада өткен 24-саммитінде бұл тақырып нығая түсті. Өйткені ұйымға мүше елдердің өзара сауда-саттық деңгейін арттыратын құжаттарға қол қойылды.
Саммит аясында Қытай ет қауымдастығының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы «EMC Agro» өнеркәсіп кешеніне де барды. Қатысушыларға малды союдан бастап ішкі және сыртқы нарыққа жеткізу процесіне дейін көрсетілді. Автоматтандырылған жүйеден бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың барлық шарттары мен талаптарына сай екені де айтылды. Өнімнің сапасын сәт сайын қадағалап отыру үшін 24 сағат бойы жұмыс істейтін құрылғылар да таныстырылды. Қонақтар кәсіпорын жұмысмен танысқан соң ынтымақтастық, өзара сенім туралы мәселелер де талқыланды. Бұл жолы Қытайдың ет қауымдастығы жыл сайын 20 мың тонна шошқа етін импорттауға мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақстан – ауыл шаруашылығы саалсында белсенді әрі мүмкіндіктерге толы ел деуге әбден болады. Біз бүгінде ет қауымдастығына кіретін компаниялардың көбі шошқа етін сатып алуға қызығушылық танытатынын айтқымыз келеді. Иә, осылайша 20 мың тонна импорттауға дайынбыз. Сонымен қатар қой еті мен сиыр етін де алуға қызығып отырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанға мал шаруашылығын дамытуға және экспорттау көмектесуге әзірміз», – деді Қытай ет қауымдастығының сиыр етін импорттаушылар мен экспорттаушылар клубының президенті Ма Гуаншэн.
«EMC Agro» агрокомпаниясының басшысы Ержан Елеубаев та перспективалық жобаларды бірлесе атқаруға және инвесторлар тартуға мүдделі екенін жеткізді. Ол сонымен қатар қытай бизнес өкілдерінің отандық компанияның 60 пайыз өнімін жеткізуге дайын екенін айтты.
«Біз Қытайдың жеткізу мен өнім сапасына деген сұраныстары мен талаптарының жоғары екенін білеміз. Және оны толық түсінуіміз керек. Өнімді жеткізу тұрақты әрі қауіпсіз олуы да шарт. Қазақстанның еті сапалы екеніне күмәніміз жоқ. Алдағы уақытта ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Біз үшін көршілес сауда нарығына араласу және мүдделес болу маңызды», – деді Ержан Елеубаев.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz