Notice: Trying to get property 'child' of non-object in /var/www/altyalash.kz/data/www/altyalash.kz/wp-content/themes/caspian_life_kz/class/ContentTag.php on line 45
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаражатты қысқартқанын сынға алып, жаман аурудан жыл сайын 13 мың адам қайтыс болатынын, науқастарды ерте анықтау деңгейі, өкінішке қарай, өте төмен болып тұрғанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Ересек адамдарға онкологиялық көмекті «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» республикалық ұйымдары және аймақтарда 15 онкологиялық диспансер (Орталық), көпбейінді стационарлар жанындағы 5 онкологиялық бөлімше жүзеге асырады.
Онкологиялық көмектің бірінші деңгейін 2 378 қарау бөлмесі, сондай-ақ 499 онкологиялық кабинет жұмыс істейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары (МСАК) көрсетеді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша, барлығы 218 213 онкологиялық пациент динамикалық бақылауда тұр (2022 жылы 205 822 пациент), өсім 5,7% құрады. Әйелдер (56,9%, 23 613 жағдай) ер адамдарға қарағанда жиі ауырады (43,1%, 17 902 жағдай), бұл қатерлі ісік ауруының құрылымымен түсіндіріледі. Науқастардың ішінде 55,6% – 18 жастан 64 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Қазақстандағы онкологиялық аурулардың статистикасына үңілер болсақ (2010-2023 жж), 2010 жылдан бастап онкологиялық ұйымдарда есепте тұрған пациенттер саны 50,6%-ға, 144 899-дан 218 186 науқасқа дейін өсті. Қатерлі ісіктері бар бастапқы науқастардың саны 2010 жылы 29 574-тен 2023 жылы 41 515-ке дейін өсті, бүкіл кезеңде 28,8%-ға өсті. Қатерлі ісік түрлерімен сырқаттанушылық дәстүрлі түрде ШҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында ең жоғары деңгейде болып отыр.
Қазір қатерлі ісікті уақытылы диагностикалау көрсеткіші де жақсарды. Ал қатерлі ісік ауыруынан қайтыс болған науқастардың саны 30,9%-ға немесе 4 002 адамға қысқарды (2010 жылғы 16 960-тан 2023 жылы 12 958-ге дейін қысқарды). 2019 жылдан 2023 жылға дейін қайтыс болғандар саны 8,6%-ға төмендеді. 5 жыл және одан да көп өмір сүретін қатерлі ісік аурулары бар пациенттердің саны 2010 жылдан бастап 58,6%-ға, 74 177-ден 117 616 адамға дейін артты.
Біздің басты міндетіміз – қатерлі ісіктің ең көп тараған түрінің деңгейін төмендету. Локализация тұрғысынан қиын ісіктерде (бауыр обыры, ұйқы безі обыры, бүйрек обыры және т.б) диагностикалау және тіркеу проблемасы әлі де бар, аталған қатерлі ісіктерді диагностикалау әдістері соңғы бірнеше жылда жетілдірілуде, ПЭТ/КТ диагностикасы және ядролық медицина (сцинтиография) әдістері кеңінен қолданылады.
– Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға арналған скрининг зерттеулері қаншалықты тиімді? Азаматтардың скринингтен өту мәдениеті қалыптасты ма? Бұл тәжірибе енгізілгелі бері онкологиялық ауруларды анықтау, оны емдеу мәселелері қаншалықты шешімін тапты?
– Қазір МӘМС шеңберінде Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтердің 3 түрі қолжетімді: сүт безі обырына скрининг (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет), жатыр мойны обырына скрининг (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет), колоректальды обырға скрининг (ерлер мен әйелдер 50 жастан 70 жасқа дейін, 2 жылда 1 рет).
Уақытылы диагностиканың арқасында 2022 жылы сүт безі обыры бар науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 71,6%-ға дейін, жатыр мойны обыры 67,5%-ға дейін, колоректальды обыры 52,9%-ға дейін өсті.
2021 жылы «Қазақстан Республикасының халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты» әзірленіп, бекітілді. Осы стандартқа сәйкес бірінші деңгейдегі МСАК ұйымдарында қатерлі ісікке күдікті пациенттерді тексеру «жасыл дәліз» шеңберінде жүргізіледі және 18 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Облыстық онкологиялық орталықтар деңгейінде диагнозды тексеру және процестің таралуын анықтау жүргізіледі. Үшінші деңгейдегі онкологиялық орталықтарда (ҚазОжРҒЗИ, ҰҒОО) емдеу тәсілдерін дербестендіру үшін тереңдетілген диагностика жүргізіледі.
Қазақстанда онкологиялық көмек көрсету стандарты үнемі жетілдіріліп отырады, оның ішінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ сараптамалық қоғамдастығының қатысуымен клиникалық хаттамаларды өзектендіру жүргізілуде. Сондай-ақ онкологиялық оңалту бойынша стандартты әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Саланы заманауи құрал-жабдықтармен қамту толық шешімін тапты ма? Олармен жұмыс істейтін, техника «тілін білетін» білікті мамандар жеткілікті ме?
– 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарда Алматыда және Қазақстанның басқа өңірлерінде ПЭТ-орталықтарды ұйымдастыру көзделген болатын. Бүгінде Қазақстанда 9 аппараты бар кемінде 7 ПЭТ-орталық жұмыс істейді. Қазақстанның басқа өңірлерінде ПЭТ-орталықтардың құрылысы пысықталуда.
Қазір Қазақстанның онкологиялық ұйымдарында пациенттерге қашықтықтан жоғары технологиялық сәулелік терапия (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT), интраоперациялық сәулелік терапия, аз инвазивті хирургия жүргізіледі. Клиникалық тәжірибеде әртүрлі биологиялық маркерді (иммуногистохимия, молекулалық-генетикалық зерттеулер) анықтау бойынша қызметтер ұсынылады, бұл онкологиялық науқастарды дербестендірілген емдеуге мүмкіндік береді және қатерлі ісіктердің молекулалық-биологиялық ерекшеліктерін неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сонымен қатар ісікке қарсы препараттардың тізімі ұлғайды. Осылайша, 2022 жылы 197 препаратты (23 мақсатты 4 иммуно-онкологиялық препарат) ТМККК шеңберінде онкологиялық науқастарға мемлекет қамтамасыз етеді.
– Ауылдық жерлерде онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар мәселесі шешімін тапты ма? Ауыл медицинасын дамытуға, тұрғындардың заманауи ем алуына қаншалықты жағдай жасалды?
– Ауылдық жерлерде тексерулерге қолжетімділік 2023 жылы профилактикалық тексерулер бағдарламасын жүргізу есебінен, атап айтсақ: «Жастар» 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек-1» 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек-2» 45 жастан 65 жасқа дейін және «Зейнеткер» 66 жас және үлкен адамдарға жүргізілді.
«Қазақстан халқына» әлеуметтік қорымен бірлесіп Қазақстанның 3 өңірінде, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды қамтамасыз ету және тұтастай алғанда ауыл тұрғындары арасында аурулардың алдын алуға бейімділік мәдениетін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер іске қосылды. Бұл «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасының аясында іске асырылып отыр. Жоба аясында үш өңірлік онкологиялық орталыққа жылжымалы медициналық кешендер сатып алынды. OPTIMA жылжымалы медициналық кешені томосинтез функциясы бар цифрлық маммографиялық жабдықпен, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйе және ауруды егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік беретін жоғары сападағы компьютерлік томографпен жабдықталған.
Жылжымалы медициналық кешендер жоғары технологиялық консультациялық-диагностикалық көмекке, әсіресе онкологиялық ауру күдігі бар науқастар үшін қолжетімділікті арттырады және төмен дозалы компьютерлік томографияның көмегімен скринингтік тексерулерді уақытылы жүргізуге көмектеседі.
Ақтөбе, Алматы және Қызылорда облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасын іске асыру арқылы халықты түгел дерлік қамтуды және науқастарда онкологиялық ауруларды, әсіресе ерте сатыларда (0-1 сатыда) анықтауды арттыруға мүмкіндік береді. Жоба арқылы пилоттық өңірлерде халықты онкологиялық скринингпен қамтуды 50-ден 70%-ға дейін ұлғайту көзделуде.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау және әрі қарай сауығып кетуі мүмкін емдеу шараларын жүргізу нәтижесінде қазақстандықтар арасында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бірігіп, пилоттық өңірлердің әкімдіктерімен және өңірлік онкологиялық орталықтармен серіктестікте іске асыруда.
– Еліміздегі жалпы онко-клиникаларға ортақ қандай проблемалар бар? Сіздің ойыңызша, оларды шешу жолдары қандай?
– Соңғы жылдары онкологиялық көмекте қол жеткізілген белгілі бір жетістіктермен қатар, оны көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін негізгі мәселелер: мамандардың біліктілігін арттыруға және жергілікті жерлерде жабдықтар паркін жаңартуға байланысты бірқатар және басқа да мәселелерді шешуіміз керек. Онкологиялық көмекті жетілдіру – өзекті міндет: жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандық азаматта «қатерлі ісік» диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады.
Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарға диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігі атап көрсетілген.
Қазіргі проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар – қатерлі ісіктің пайда болу жиілігін төмендету, онкологиялық науқастардың өмір сүруін ұлғайту үшін қажетті негізгі өзгерістерді жүргізуге қабілетті бес жылдық стратегия ретінде әзірленді.
Бұл онкожоспардың шеңберінде үздік халықаралық практикалардың озық тәжірибесі пайдаланылатын болады. 2023 жылдан бастап онкологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар желісін жаңғырту, көпдеңгейлі жүйе негізінде көпбейінді медициналық көмек көрсету қағидаттарын іске асыра отырып, онкологиялық ұйымдар желісін реформалау жоспарлануда. Жоспарды іске асыру – азаматтарымыздың ерте кезеңдерде қатерлі ісік диагностикасының заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрон-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында тексерілу мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.
Онкологиялық пациенттер Қазақстанның әрбір өңірінде әлемдік стандарттар деңгейінде заманауи сәулелік ем алуға тиіс деп санаймыз. Өңірлік онкологиялық орталықтарында ем алған кезде пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалатын болады. Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер жылжымалы медициналық кешендердің мобильді қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады, паллиативтік көмек пен оңалту сапасы артады. Онкологиялық жоспарда медициналық кадрларды даярлауға үлкен мән беріледі. Еліміздің онкологтары әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіледі.
Ұлттық технологияларға да баса назар аудара отырып, кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру, онкологиялық арулардың алдын алу, диагностикалау және емдеудегі Қазақстан мен әлемнің жетекші елдері арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.
– Онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінген бюджетті 20 пайызға қысқарту туралы шешімге көзқарасыңыз қандай? Депутат Асхат Аймағамбетов айтқандай, қаражатты қысқартуға қандай да бір ғылыми себеп бар ма?
– Біз жұмыс тобын құрдық және ол мәселе шешімін табуы керек. Ал біз онкологтар қандай тарифтерді төмендетуге болатынын және қайсысын төмендетуге болмайтынын көрсетуіміз керек, яғни бұл жағдайда бірде-бір онкологиялық науқас зардап шекпейді. Біз қазір осы тарифтерді қайта қарауды және әр тарифті жекелей қарауды сұрап отырмыз. Депутаттар дұрыс шешім қабылдайтынына сенеміз.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет