Шиелі аудандық сотында алаяқтықпен айналысқан екі тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс құжаттарына сәйкес, сотталушы азаматтар 2022 жылдың наурызында пайдакүнемдік мақсатта алдын ала сөз байласып, аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқыруды ойластырған. 2022 жылғы 2 тамыз бен 26 тамыз аралығында аудандағы алтын бұйымдарын сататын кәсіпкерлерді алдау арқылы олардың сеніміне кіріп, алтын бұйымдарын алған. Содан кейін алған тауарды нарықтық құнынан төмен бағамен ломбардтарға өткізіп, түскен ақшаны жеке бас пайдаларына жаратқан.
Салдарынан жәбірленушілерге жалпы құны 70 млн 89 мың 970 теңге көлемінде мүліктік шығын келтірілген.
Сот үкімімен сотталушылар ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушілерге келтірілген шығынның 10 млн теңгесі қайтарылған.
Сот үкімімен жәбірленушілердің талаптары ішінара қанағаттандырылып, олардың пайдасына өкілдің көмегіне жұмсаған шығындарын қоса алғанда жалпы мөлшері 60 млн 527 мың 690 теңге өндіру туралы шешім шығарылды.