– Елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Өзбекстан атынан 120-дан астам спортшы қатысады. Бұл туралы Өзбекстан этноспорт қауымдастығының бас хатшысы Орхан Кападзе мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Өзбекстан атынан 122-125 спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Біз спорттың 14 түрінен бақ сынаймыз. Өзбекстандықтар «Теңге ілу» мен «Аударыспаққа» бірінші рет қатысады. Бұл біз үшін жаңа бағыт болып отыр. Спортшыларымыз жүлделі оралады деген үміттеміз», – деді Орхан Кападзе Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Ол атап өткендей, қазір дайындық жалғасып жатыр. Әр федерация жеке бағдарлама құрып, сайыс пен өзге де іс-шаралар ұйымдастыру арқылы спортшыларды жаттықтыруда.
«Бұл – ауқымды жарыс. Сондықтан толық әрі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырады деп сенеміз. Бұл елдің ірі спорттық іс-шараларды өткізуде тәжірибесі мол. Этноспорт, оның ішінде ат баптау, садақ ату сияқты машықтар қазақ халқының ажырамас бөлігі», – деп түйіндеді Орхан Кападзе.
Айта кетейік, көшпенділер ойынының бағдарламасына 21 спорт түрі енген. Соның ішінде күрес, көкпар, арқан тартыс сияқты бәсекелер Өзбекстанда да кең таралған. Бұған дейін Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі Шахрисабзда ауқымды этноспорт фестивалі ұйымдастырылған еді. Сол шарада көршіміздің спортшылары үздіктердің қатарынан көрінген.
Еске салайық, 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатыспақ.