Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуіне қатысу үшін Астанаға келді. Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ильхам Әлиевті елорда әуежайында күтіп алды.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 14,3%-ға артып, $529,4 млн-ды құрады, биылғы қаңтар-маусым айларында $280,6 млн-ға жетті.
Үкіметтер мұнай-газ, көлік-логистика, цифрлық коммуникация және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін және терең су электр кабелін тарту жобалары бар. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық әлеуетін ашу мақсатында бірлескен тікелей инвестиция қоры құрылды.
Анықтама: Аймақтық ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге бағытталған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Соңғы бес жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда көлемі $5,7 млрд-тан $11 млрд-қа дейін өсті. Қазақстанның ОА елдерімен сауда-саттық көлемі өткен жылы 26,8%-ға өсіп, $8 млрд-қа жетті.