2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қазақстандықтарға әлеуметтік-еңбек саласында 16,5 млн түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 15 млн-ы немесе 90,75% – ы электрондық форматта болды. Оның 818 мыңы проактивті түрде көрсетілді.
Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 51 түрі көзделген, оның ішінде 48 түрі электрондық түрде («Электрондық үкімет» порталы, EGOV mobile мобильдік қосымшалары және екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) арқылы) көрсетіледі, оның ішінде 28 қызмет проактивті форматта қолжетімді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдерін кеңейту бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде.
Мәселен, биыл «Электрондық үкімет» порталында «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметі автоматтандырылды (осы қызметтің 3 кіші түрі).
Сондай-ақ биыл ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметі іске асырылды. Осылайша, қазіргі уақытта ЕДБ мобильді қосымшаларына әлеуметтік-еңбек саласының 10 танымал қызметі біріктірілген.
Бұдан басқа, «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалатын шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі проактивті форматқа шығарылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру бағыттарының бірі – шешім қабылдау кезінде адами факторды алып тастау және қызмет көрсету мерзімін қысқарту.
Мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжиниринг шеңберінде жыл басынан бері проактивті қызмет көрсету кезінде 4 мемлекеттік көрсетілетін қызмет автоматтандырылды: «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау», «Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау», «Жерлеуге берілетін біржолғы төлем тағайындау», «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау» (1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдарға). Осылайша, бұл қызметтер адамның қатысуынсыз автоматты түрде ақпараттық жүйемен көрсетіледі, бұл жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылдау мерзімін 8-ден 1 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Басқа қызметтер бойынша көрсету тәртібі де жеңілдетілді – алгоритмнен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкерлерінің өтінішті қарауы алып тасталды. Бұл сонымен қатар қызмет көрсету мерзіміне оң әсер етіп, оны 8-ден 4 жұмыс күніне дейін қысқартты.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуға байланысты қызметтер («Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу», «Жұмыссыздарды тіркеу», «Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау») «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz) платформасында іске асырылды.