Көрмеде көшпенділер әлемімен қайта қауышқандай әсерге бөлейтін керемет пейзаждар мен портреттер, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен таңғаларлық фотосуреттер ұсынылған.
«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесі көшпенділер мәдениетінің әлеміне терең үңілуге мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктер шоғырын жасағандардың қатарында отандық танымал фотографтар мен қолөнер шеберлерінің жұмысы бар. Айта кету керек, көрмені Creative & Innovation Institute Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қоры ұйымдастырды. Қоғамдық қордың басшысы Ирина Харитонованың айтуынша, көрмеге барлығы 22 туынды ұсынылған және олар көшпенділер мәдениетінің тереңдігі мен әртүрлілігін жеткізіп, тамашалаған адамның бәріне шабыт беруді жалғастырып келеді. Ұйымдастырушыдан дәл осы суреттерді таңдап алуының мәнін сұрағанымызда, қойылған фотосуреттер көшпелі халықтардың рухын бейнелейді деп жауап берді.
– Біз бұл суреттерді көшпелілердің өміріне, табиғатпен өзара үндесуіне байланысты таңдап алдық. Фотосуреттер тамашалаған адамға ерекше әсер беруі үшін орналасқан жерінің де маңызын ескеріп, оны Абу Даби плазаның ішіне орнатуды жөн деп таптық. Мұнда Қазақстандағы танымал фотографтар Анзор Гасаев пен Александр Кузнецевтің жұмыстары қойылды. Одан бөлек, ұлыбританиялық шебер Коннор Мак-Ниллдің туындылары мен венгриялық режиссер Карачонь Шандордың деректі фотосуреттері келушілердің көңілінен шығады деп айта аламын. Өйткені мұнда айта кету керек, олардың шығармашылық жұмыстары бұған дейін еш жерде қойылмаған, яғни осы көрмеде алғаш рет келушілердің назарына ұсынылып отыр. Көрменің ашылуына Ұлыбритания елшісі қатысты, біз Коннордың өзін келіп, қазақ даласы мен тұмса табиғатымен танысады деп жоспарлаған едік, – деді ол.
Көшпенділер ойыны қарсаңында ұйымдастырылған көрме бірнеше тақырыптық бөлімнен тұрады. Келушілер әр бөлімнен көшпенділер мәдениетін, күнделікті тұрмыстағы аспектілерді және олардың табиғатпен үйлесімін ұғады. Мәселен, «Көшпенділер әлеміне кіріспе» деп аталатын көрменің алғашқы бөлімінде тек Қазақстан көшпенділер табиғаты мен тұрмысынан дерек беретін авторлардың түсірген фотосуреттері қойылған. Ал көрменің екінші бөлімі – «Көшпенділер рухы». Мұнда қазақ халқының ғана емес, барлық көшпелілердің дәстүрі, рәсімі мен көзтартарлық пейзаждар орналасқан. Олардың қатарына шетелдік Коннор МакНилл мен Карачонь Шандордың шығармашылық жұмысындағы деректі фотосуреттер қойылған. «Көшпенділер және табиғат» бөлімінде көшпенді халықтардың табиғат аясындағы суреттер тамашалаушының көзіне бірден шалынады. Өйткені табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік осы фотосуреттер арқылы түсіндіріледі.
«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектердің» мазмұнын толықтыра түскен – қолөнер бұйымдары. Яғни, көрме қонақтары қазақтың киіз үйінің инновациялық эко-жобасын, дәстүрлі және заманауи технологияларды қатар қолдану арқылы киіз бен жүннен жасалған бірегей бұйымдарды тамашалай алады. Ирина Харитонованың айтуынша, фотосуреттерден бөлек екі дизайнердің, Камила Сүлейменова мен Алтынай Тәңірбергеннің аса шеберлікпен жасаған бұйымдары бағзы заманның көрінісін суреттейді.
– Көрмеге екі нағыз шебер қыздың жұмыстарын да орнаттық. Камила Сүлейменова – Қазақстанда ғана емес, шетелде де өз брендін қалыптастырып үлгерген дизайнер. Лондонда, Шанхайда өзінің көрмесін қойған. Ал «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесіне сақ дәуіріндегі ақ жаулықты әйелдің киімін ұсынды. Алтынай Тәңірбергенова қазір заманауи технологияларды пайдалана отырып киіз үйлердің инновациялық эко-жобасын жасаумен айналысады. Көрмеге дәл осындай жұмысын таңдап алдық. Бір жағынан Алтынай жасаған киіз үйлер этнотуризмнің дамуына үлес қосады деп айта аламын. Жұбайы екеуі осындай жұмыстармен айналысатын отбасылық жұптардың бірі. Білесіздер, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында Астанадан 20 шақырым жерде этноауыл құрылып жатыр. Сол жерге отбасылық жұп жасаған қазақтың киіз үйі де орнатылды, – дейді И.Харитонова.
Creative & Innovation Institute Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қорының басшысы «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесінен көшпенділердің өткені мен бүгінін, дәстүрін айқын көру мүмкін емес екенін айтты. Өйткені қазақ халқының мәдениеті ертеректе басталғанын, ұлттық көзқарасының аясы өте кең екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ тарихтан тарыдай болса да тағылым беретін көрменің жастарды тарихы бір халықтардың болмысын тануға, құндылықтарымызды бағалауға шақыратынын атап өтті және осы сынды көрмелер республика көлемінде кеңейтуге ниетті екенін білдірді.
– Біздің көрме – бұл көшпенділер әлеміне бойлаудың, табиғат, еркіндік және жаңа көкжиектерге деген ұмтылыстың үйлесімін көрсететін бірегей мүмкіндік. Оның ерекшелігі – алдағы уақытта өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын қазақстандық спортшылардың фотосуреттерінің қойылуы. Осындай артықшылықтар дүбірлі додаға қатысатын спортшыларымызға халқының тарапынан рухани қолдау білдіріп, демеу болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Көшпенділер рухы дәріптелетін көрме 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтарына тарту-таралғы, кәдесыйларын ұсынуға әзір. Осыған орай көрме есігі келушілер үшін қыркүйек айының соңына дейін ашық тұрады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ