Қазақстанда ОКҚ алаңында Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясын таныстыруға арналған брифингі өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі өкілдері, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынас саласындағы сарапшылар қатысты.Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуде Мемлекет басшысының отбасы саясаты саласындағы Жолдауын жүзеге асыру шаралары, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған тапсырмаларының орындалуы талқыланды.
Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясы осы міндеттерді шешуге бағытталған. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді. Әр күн арнайы тақырыпқа арналады. Оның ішінде отбасылық дәстүрлер, неке жоспарлау, репродуктивті денсаулық, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс және басқа да тақырыптар бар. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мұндай форматтың мерекені кең ауқымда өткізуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгінгі таңда отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, балаларының қарт ата-аналарына қамқорлық жасауы – ұлттық маңызы бар міндеттер», – деді Евгений Кочетов.
Брифингте отбасы саясатының негізгі бағыттары, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында ұсынылған әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары туралы да айтылды.
Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 62,7%-ы отбасында қамқорлық, өзара құрмет көрсету және қолдау маңызды деп санайды. Одан кейін орында – махаббат (43,2%) және балалар (38,7%) мәселесі. Сондай-ақ зерттеу барысында еңбекқорлық, адалдық және үлкендерге құрмет көрсету – еліміздегі өскелең ұрпаққа үйретілетін басты құндылықтар екендігі анықталды.