фото:ашықдереккөз
Өткен жылдың статистикасына көз салсақ, еліміздегі қалалардың ауыз сумен қамтамасыз етілуі 99 пайызға жуықтапты. Ал ауыл-аймақтарда 96 пайыздан асқан. Бұл мәліметті Индустрия және құрылыс министрлігі хабарлап отыр. Елдегі 9 облыстың толық ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн.
Ал қай аймақтар су тапшылығын көріп отыр? Ауыз суға қолжетімділіктің ең төменгі деңгейі Абай, Павлодар, Қостанай облыстары мен Солтүстік Қазақстан облысында байқалады екен. Бұл өңірлер үшін бірінші кезектегі қаржылық шаралар ең маңызды мәселелердің бірі. Биыл министрліктің хабарлауынша, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 218 млрд теңге қарастырылды. Сол арқылы 324 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. 106 миллиард қалалық жобаларға жұмсалса, қалған бөлігі ауыл-аймақтарда жүзеге асырылады. 2025 жылға дейін қаланы сумен қамтамасыз ету 100 пайызға жуықтаса, ауыл-аймақта 98 пайызға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Қазақстандағы 89 қаланың 65-і сумен жабдықтау қызметіне 100% қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. 2024 жылы тағы бес қалада: Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардарада жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Қалған 19 қала келесі жылдың соңына дейін ауыз сумен толық қамтылуы тиіс.Бұл мақсатқа жету үшін 83 жобаны жүзеге асыру қажет, оның 27-сі ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
2024 жылы сумен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қалатын ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінетін болады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы 6 256 ауылдың 5 130-ы су құбырына қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың соңына дейін барлық ауылдарды сумен толық қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жоспарлануда. Тағы бір мәселе халқы 200-ден аспайтын ауылдарға жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдерін орнату жоспарлануда. Биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарланса, оның 135-і орталықтандырылған сумен қамтылса, 250-де блоктық модульдер толық орнатылады. Бүгінде 170-тен астам ауылға осындай блок модульдарын қойылып жатыр. Негізгі қадамдарды жасау арқылы елімізді толық ауыз сумен қамтамасыз ету өмір сүру сапасын жақсартатыны сөзсіз.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz