— Тасын түртсең, тарихы сөйлей жөнелетін Баянауыл жерінде көне түркі дүниесінің ескерткіштері — балбалтастар баршылық. Тау байрауларының ең бір құйқалы жерлерінде орналасқан балбалтастар бұл жерде халқымыздың ежелгі заманда бірегей этномәдениеті болғанын білдіреді.
Осыдан біраз жыл бұрын Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі, руханият жанашыры Қорабай Шәкіров пен жергілікті өлкетанушы Алтынбек Құрманов бастама көтеріп, өңірдің сай-саласында жатқан балбалтастардың барлығын суретке түсіртіп, өлшемін жасаған.
Бұлар — бізге белгілілері ғана. Одан соң жергілікті ағайынды шеберлер Балта, Балға Жәмінов деген азаматтарға тарихи ескерткіштердің көшірмесін айна-қатесіз қашатып, аудан орталығына жиып қояды.
Бүгінде бұл көшірмелер Баянауыл кентінің орталығындағы баққа қойылып, түпнұсқаларының орналасқан жері туралы тақтайшалар орнатылған.
Қазақстандағы балбалтас тарихы туралы алғашқы зерттеуді әйгілі жерлесіміз, академик Әлкей Марғұлан жүргізгені мәлім. Ғалым «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған.
«Ежелгі түркі ғұрыптық кешенінің құрамы арнайы барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктастан және оның тұғыртасынан (немесе тасбақасы), сондай-ақ бәдіздер — Балбалдардан тұрды (саны 10-600 данадан астамға дейін барады). Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерініңжәне атақты бекзадаларының құрметіне арналып жасалды. Қарапайым халықтарға арналғандары да бар. Осы кешендерде аза тұту, ас беру немесе аруаққа бағышталған „жоқтау“ сияқты этностың тіршілік циклының аса маңызды ғұрыптық жосындары атқарылған», -деп баяндалады еңбекте.
Баянауыл төңірегінен Әлкей Марғұлан 50-ге жуық балбастасты санап шыққан екен.
— Бұл төңіректе Күркелі, Қызылтау, Торайғыр, Қаратомар ауылдық округтерінің аумағында балбалтастар жиі кездеседі. Өкінішке қарай, олардың көбін кезінде кеңестік археологтар тонап, сындырып, Ресейдегі музейлерге алып кеткен. Бізге жеткендері шамалы ғана. Аман қалғандарының жағдайы да оңып тұрған жоқ. Әр жерде шашылып, елеусіз жатыр. Мал сүйкеніп, құлап жатқандары да бар. Оларды орнынан қозғамай, тек көшірмелерін жасауды жөн деп шешкен едік. Сол ойымыздың дұрыс болып шыққанына көзіміз жетіп отыр, — дейді еліміздегі үздік өлкетанушы, ҚР туризм саласының үздігі, «Елім-ай» тұңғыш сыйлығының иегері Алтынбек Құрманов.
Баянауылдағы балбалтастар шамамен VI–VIII ғасырларға тиесілі. Осыдан бірер жыл жыл бұрын Алтынбек аға кейбір тарихи ескерткіштерді арнайы іздеп барып, басына белгітастар қоюға атсалысқан.
Соның бірі – Қызылтаудағы сыры ғалымдарға әлі күнге беймәлім «Жұмбақ қыз» тасы мен «Құлан әулие үңгірі».
— Балбалтастар көне түркі дәуірінде бабалардың рухына деген құрметтің нышаны ретінде қойылған. Екіншіден, халқымыз көшіп бара жатқанда ата-бабасы желеп-жебеп жүрсін деп, бұл жерде құрбандықтар шалған. Яғни, кейбір орындар кәдімгі Тәңіршілдік сенімінің ғибадатханасы іспетті болған. Атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: «Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім». Яғни, балбал тас деген көбіне қабір басына тұрғызылатын, тастан қашап жасалған адам мүсіні. Көсемдер мен абыздар дүниеден өткенде ерекше әспеттеліп жасалған. Анау Қалмаққырған, Күркелі аймақтарында менің бала кезімде балбалтастар жиі кездесетін. Жоғарыда айтқанымдай, олардың көбі тоналды. Өзім куә болған бір келеңсіз жайт, Ресейдегі Омбының өлкетану музейінде болғанымда кезінде Баянауылдан көрген балбалтастарды ұшырастырдым. Қайбір жылдары көрші елдің ғалымдары алып кеткен ғой. Кеңес өкіметі тұсында біздің тарихымызды қолдан құртқаны белгілі. Осындай тарихи ескерткіштерімізді тонап әкетіп, түркі халықтарында ешқандай өркениет болмаған деген сыңаржақ пікірлер айтылып келді, – деп қынжылады өлкетанушы.
Алтынбек Жұматұлы Баянауылдағы тарихи көне ескерткіштерді қорғауға жергілікті билік әрекетсіздік танытып отыр деп есептейді. Мәселен, Жасыбай демалыс аймағы орналасқан жерде ежелгі сақ заманынан қалған ескерткіштер мен 17-18-ғасырларда қазақ-жоңғар соғысында қаза болған батырларымыздың зираттары баршылық. Ол аумақтар анау бір жылдары ресми құжаттарда айрықша қорғалатын жер ретінде көрсетілген екен.
Алайда Баянауыл ұлттық паркінің басшылығы мен аудан әкімдері ауыса-ауыса, тарихи ескерткіштерді қорғауға алу мәселесі ұмыт қалған. Салдарынан тарихымызды баяндайтын ескерткіштер кейінгі жылдары тып-типыл етіп бұзылып, орнына демалыс үйлері салынған. Бұл жерлерде бүгінде «Кең дала», «Золотые пески» деген демалыс үйлері пайда болыпты.
Өлкетанушы аудан орталығындағы балбалтастар көшірмесінің орналасқан жеріне де көңілі толмайтынын жеткізді. «Алдында Мемлекеттік ту алаңында, көзге түсетін, биіктеу жерде тұрған еді. Кейін орталықтағы балалар ойнайтын баққа әкеп тастапты. Енді елеусіз жатыр. Осыны Баянауыл билігі назарына алса екен», -деген тілегін жеткізді.
Еске сала кетейік, әлемде Қоңыр әулиенің сегіз мекені бар, соның бірі — Баянауылда.