Қазақстан Республикасына ресми сапармен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер келді. Мәртебелі мейманды Астана халықаралық әуежайынан ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмас Әлсенов және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қарсы алды.Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі хабарлайды.
Мариус Визер елімізге сапары барысында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын, көпсалалы «Барыс Арена» спорт кешенін аралап, Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысады деп жоспарланған. Сондай-ақ еліміздің даңқты спортшыларымен, жаттықтырушыларымен кездесіп, дзюдо спортының дамуы мен болашағы туралы пікір алмасады.
М.Визердің Қазақстанға келуі отандық дзюдо үшін аса маңызды оқиға. Қазіргі таңда қазақстандық дзюдошылар халықаралық аренада көптеген жетістікке қол жеткізіп, әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарында жүлде алып жүр.