Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданының А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин ауылдарын газ желісіне қосу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.
«Бүгін Сырдария ауданының ынтымағы мен бірлігі жарасқан Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағанбетов атындағы ауылдары «көгілдір отынға» қосылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деп атап өтті.
Бүгінде өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 75 пайыз, биыл 30 млрд. теңгеден астам қаржыға 306 шақырым газ желілері тартылуда. Осы жобалардың арқасында аймақ халқының 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылады. Келесі жылы 10-нан астам елді мекенді газдандыру жоспарланған. Осындай игілікті істер ауыл тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады.
Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 12 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 16 млрд. 108 млн. теңгеге жетті, 33 пайызға өсім бар. Бұл қаржы аудан халқының өзекті мәселелерін шешуге бағытталуда.
Бүгін ауыл халқы от жағып, күл шығару бейнетінен арылып, шынайы қуанышқа бөленуде. «Көгілдір отыннан» тараған жылу барлық үйді бақыт пен шаттыққа кенелтсін!», – деді Н.Нәлібаев.
Іс-шараларда ел ағалары Сұлтанбек Тәуіпбаев пен Әбдіғаппар Әмірғалиев құттықтау лебіздерін жеткізіп, батасын берді. Ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы екі ауылдың тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға тоқталды, кездесуге келушілердің ой-пікірлерін тыңдады.
фото:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі