Елорда Visit Astana брендін белсенді дамытуда, ол елорданы заманауи, серпінді және көп функциялы туристік орталық ретінде көрсетеді. Бұл жұмыс қазірдің өзінде өз нәтижесін көрсетті. Олар туралы және 2024 жылдың басқа да қорытындылары туралы Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаменті басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен «Astana Development Center» ЖШС Туризм және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова айтты, деп хабарлайды деп хабарлайды қала әкімдігі.
Астананың имиджін халықаралық деңгейде дамытудың негізгі бағыттары іс-шара, бизнес, медициналық, гастрономиялық туризм, туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру болып саналады.
2024 жылы Астанада 800-ден астам іс-шара өтті, оның ішінде 70-і – халықаралық. Ең маңыздыларының қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен 89 елден 250 мыңнан астам адам қатысқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болды.
Елордада 100 000 адамның басын қосқан заманауи гик-мәдениетінің Comic Con фестивалі де өтті.
2025 жылы 1200 іс-шара өткізу жоспарлануда, оның ішінде 100-ден астамы – халықаралық.
Ең жарқын жетістіктердің бірі – Қытайдағы «Қазақстан туризмінің жылы» аясында өткен іс-шараларға қатысу болды. Бұл жерде Астана туристік әлеуетін үздік көрсетуі үшін Гран-При жүлдесін және Қытай нарығында тиімді ілгерілету үшін марапатқа ие болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы елордаға 1,5 миллион турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Олардың 400 мыңы – шетелдік қонақтар, олардың басым бөлігі Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ, Чехия, Швеция, Италия елдерінен келген.
Спикерлердің айтуынша, қала инфрақұрылымы туристерді қабылдауға толық дайын: 9,9 мың нөмірі бар 286 қонақүй, 100-ден астам туристік нысан бар, соның ішінде музейлер, театрлар, спорт кешендері және саябақтар.
Астана сапалы және қолжетімді қызметтерді ұсынатын медициналық туризм орталығы ретінде белсенді түрде дамып келеді. 2024 жылы «Natforlab» ұлттық зертханалық медицина форумы, Nobel Fest ғылыми фестивалі және HTA.KZ халықаралық конференциясы сияқты бірқатар іс-шара өткізілді.
Қытайдағы роуд-шоулар, сондай-ақ медициналық мекемелерге арналған ақпараттық турлар елорданың бірегей мүмкіндіктеріне назар аударуға көмектесті.
Астанада медициналық қызмет сапасының алтын стандарты – JCI халықаралық комиссиясы аккредиттеген 7 емхана бар. Бұл қалаға Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қытай және БАӘ сияқты елдерден пациенттерді тартуға мүмкіндік береді.
2024 жылғы маңызды оқиғалардың бірі – елорданың көрікті жерлерінің иллюстрациялары бейнеленген «Астана – Бурабай курорты» жоғары жылдамдықты электр пойызының іске қосылуы болды. Мұнда әрбір вагонда жолаушылар қала мәдениеті мен тарихы жайлы арнайы аудиоэкскурсия тыңдай алады.
Гастрономиялық туризм де жұмыстың маңызды саласына айналды. Ұлттық тағамдарды танымал ету және астаналық мейрамханаларды ілгерілету үшін төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын және қытай) гастрономиялық каталог әзірленді. Оған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін 140 мекеме кіреді; оның тұсаукесері өткен жылдың желтоқсан айында өтті.
Сонымен бірге, 2025 жылы «Астана – менің Отанымның елордасы» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Бұл жоба аясында әлеуметтік осал топтардан шыққан 1 000-нан астам бала елордаға тегін саяхаттап, қаланың мәдениетімен және тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болады.