«Негізгі қызмет қорытындылары тұжырымдалды. Ендігі кезекте алдымызға қойған өзекті әрі жүйелі шараларымыз туралы айта кетуге рұқсат етіңіздер! Заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес және лудоманияға қарсы іс-қимыл салаларын жетілдіруде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Халық арасында құмар ойындарға қатысудан шектеу жұмыстары жалғасуы керек.
Өткен жылы арнайы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылғанын жақсы білесіздер. Комитет бұл бағытта азаматтардың құмар ойындары мен бәс тігуге жол беруінің себептері мен ұлғаю ауқымы туралы әлеуметтанулық зерттеуді аяқтауға тиіс».
«Ел абыройын асқақтатар елеулі саланы дамыту, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру – әрқайсымыздың басты міндетіміз. Мемлекет басшысы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деп ерекше атап өткен болатын.
Президентіміз спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екеніне баса назар аударып, саланың стратегиялық дамуының басым бағыттарын белгілеп берді. Министрлік алдында балалар және бұқаралық спортын дамыту және жоғары жетістіктер спортын жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт жан саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады».
Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын сапалы орындау мақсатында Министрлік түбегейлі кешенді реформа жүргізу үшін нақты шараларды жүзеге асыруы қажет екенін айтты.
«Басқару вертикалін қалпына келтіру мақсатында өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау тәртібі өзгергені өздеріңізге мәлім. Оларды тағайындау Министрлік жанынан құрылған арнайы комиссияның келісімімен жүзеге асырылуда. Ұсынылған кандидаттар нақты талаптар бойынша бағаланады. Үміткерлердің саладағы тәжірибесі мен даму жоспарының болуы, сондай-ақ олардың спорт ғылымының негізі мен менеджментін меңгергені ескеріледі. Бүгінгі таңда комиссия Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ұлытау және Ақтөбе облыстары бойынша кандидатураларға келісім беріп, 6 басқарма басшылары тағайындалды. Бұдан бөлек, спорт федерациялары президенттерінің тағайындалуына бастамашы болып, кандидатураларды ұсынып, олардың қызметінің негізгі көрсеткіштерін (KPI) айқындаймыз. Сонымен бірге құрама командалар үшін спортшыларды даярлайтын өңірлік дене шынықтыру-спорт ұйымдарын Министрліктің қарамағына беру бойынша жұмыстар жүргізілуде».
Туризм және спорт министрі Париж Олимпиадасы алдында спортшыларға қолдау көрсететін, спорт түрлеріне бағыт-бағдар беретін Performance Hub ғылыми топ құрылғанын айтты.
«Қазіргі таңда ғылыми топ қысқы Азия ойындарына баратын спортшылардың дайындық барысын пысықтауда. Сонымен бірге спорт саласында бейінді мамандарды даярлау жұмыстары да назардан тыс қалмауда.
Біздің Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының бастамасы бойынша Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен алғаш рет «спорттық медицина», «нутрициология» мамандықтары бойынша кәсіби стандарттар енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Астана қаласында салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталған соң, аталған оқу орны аясында спорттық ғылымды дамытуды одан әрі қолға алмақпыз».
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саланы цифрландыру аясында пилоттық режимде e-Sport платформасының 3 модулін жүзеге асырдық. Федерациялармен бірлесіп деректер базасын толтыру жұмыстары жүргізілуде. Платформада 81 федерация және 6 ұйым жұмыс істейді. Қазіргі таңда сондай-ақ 17 мыңнан астам спортшының мәліметтері енгізілді. Жылдың соңына дейін спорттың цифрлық платформасын толыққанды енгізу бойынша барлық қажетті шаралау қабылдау қажет».
Министр өңірлердегі спорттың дамуы мен жай-күйін айқындау үшін құрылған мониторингтік жұмыс тобының нәтижелеріне тоқталды.
«Мониторинг барысында өңірлерде біршама жүйелі проблемалық мәселелер анықталды. Атап айтқанда:
-спорттық резерв пен жоғары санаттағы спортшыларды даярлауда вертикальді сабақтастықты сақтамау;
-олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытудағы теңсіздік;
-кәсіби клубтардың лимиттерінің артуы, легионерлерді тарту;
-адами ресурстарды, спорт инфрақұрылымын тиімсіз басқару;
– саралау міндеттерін сақтамау, тізілімге енбеген спорт түрлерін дамыту және басқалар.
Аталған жүйелі мәселелерді жедел шешу бойынша тиісті ұсынымдарберілді. Ел спортын өркендету жолында өздеріңізбен бірге жұмыла жұмыс жасауға біз әрқашан да дайынбыз. Жалпы, қорыта келгенде, Министрліктің алдына қойған міндеттері осындай. Бұл мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз».