Президенттің агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында 34 млрд теңге көлеміндегі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Петропавл қаласында «Масло-Дел» ЖШС майлы дақылдарды қайта өңдейтін май экстракциялау зауыты салынды. Кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаты 400 мың тоннаға дейін жетеді, ол заманауи еуропалық жабдықтармен жабдықталған және толық автоматтандырылған.
Зауытта күнбағыс, рапс және зығыр майы, сондай-ақ жоғары ақуызды мал азықтық қоспалар – күнжара мен шрот өндіріледі.
Көктемде экстракция желісін іске қосу жоспарланса, 2025 жылдың соңына дейін тамақ өнеркәсібінде сұранысқа ие лецитин өндіруге арналған өсімдік майын терең қайта өңдеу цехы ашылады. Өндірісте жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шикізаты пайдаланылады.
Май экстракциялау зауытының іске қосылуының арқасында өңір өз өнімін толықтай қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. 2024 жылы СҚО-да 780 мың тонна майлы дақыл жиналды, ал өңдеу кәсіпорындарының жалпы қуаты енді 813 мың тоннаға жетті.
Биылғы жылы егістік алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егістік көлемі 85 мың гектарға ұлғайып, 760 мың гектарға жетті.