Бүгін Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Су кодексін және оған ілеспе заңдарды қарады. Сондай-ақ халықаралық келісімді ратификациялады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Су кодексі» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдар екі оқылымда қаралды. Аталған Кодекс пен заңдар елдің су ресурстарын тиімді пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған.
«Су ресурстарын тиімді басқару – еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Бұл сала мемлекеттің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, азық-түлік және энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы су ресурстары саласындағы заңнамалық базаны түбегейлі қайта қарау және институционалдық ортаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгін қаралған Су кодексі және оған ілеспе заңдар осы тапсырмаларды орындау мақсатымен әзірленді», – деді Палата Төрағасы.
Сенаторлар қараған заңдар азаматтарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері болып саналатын иесіз су шаруашылығы құрылысжайларын сот оларды коммуналдық меншікке түскен деп танығанға дейін уақытша пайдалануды көздейді. Сонымен қатар су тасқыны, құрғақшылық және олардың теріс әсерінің алдын алумен қоса, ел экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі норма енгізілді.
«Үкімет су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен тәсілдерді айқындайтын ұзақ мерзімді арнайы интеграцияланған бас жоспар қабылдайды. Заңдарда салаға жаңа технологиялар мен цифрландыруды енгізуді ынталандыруға арналған ережелер топтамасы да бар. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныстар айтты. Сол арқылы суды пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, осы саладағы рұқсат беру ережелері және кейбір мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды. Алдағы уақытта жаңа Кодекс су ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ, жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Заңдарды талқылау нәтижесінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Су кодексін» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды концептуальды тұрғыда мақұлдап, оларға бірқатар түзетулер енгізді және Мәжіліске қайтарды.
Нақты айтқанда, Сенат депутаттары қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларымен сәйкестендіруге және су ресурстарын қорғау мен пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізді. Осыған байланысты бірқатар заңдар мен кодекстер өзгертулер мен толықтыруларға ұшырайды.
Ал, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қалған ілеспе заңдар екі оқылымда мақұлданды.
Бұл заңдар Каспий теңізінің қазақстандық секторында көмірсутектерді барлау және өндіру, жерасты суларын барлау және тарту, сондай-ақ, кен іздестіру, тұз және емдік балшық өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге рұқсат беруді көздейді. Одан бөлек, Арал өңірінің ерекше экологиялық мәртебесін ескере отырып, Арал теңізі шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салу белгіленді.
Палата отырысында сенаторлар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Депутаттар атап өткендей, келісімді ратификациялау заңсыз сатып алынған және елден шығарылған активтерді қайтару бойынша қосымша халықаралық құқықтық тетіктің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келісім сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздестіру және қайтару саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды ұстау және ұстап беруді, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысатын жеке тұлғалар мен ұйымдарды құқықтық қорғауды және қолдауды қамтамасыз етуді көздейтін ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен нысандарын айқындайды.
Сенат Спикері отырысқа қатысушыларды жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз мейрамымен құттықтап, елімізге амандық, барша қазақстандыққа зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Бибигүл Жексенбай қазақ тазысының тұқымын сақтау және қорғау жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау, соның ішінде оны экспорттауға тыйым салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ сенатор Тазы мен Тобет күнін атап өтуді қарашаның бірінші жексенбісіне ауыстыруды ұсынып, бұл дата аңшылық маусымның ашылуына сәйкес келетінін тілге тиек етті.
Ләззат Рысбекова шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктерінің ескіргеніне, сондықтан бұл саланы кешенді қайта қарау қажет екеніне назар аударды. Сенатордың айтуынша, мемлекеттік қолдау рәсімдерінің тармақталған әрі күрделі жүйесі және ведомствоаралық үйлестірудің болмауы қаржы құралдарының шашырауына әкеліп соғады, сондай-ақ, нарықтағы бәсекелестікті төмендетеді.
Жанна Асанова «Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж қымбат инновациялық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Алайда, бүгінде «Білім туралы» заңдағы және Үкіметтің тиісті қаулысындағы сәйкессіздіктерге байланысты бұл бастама толық көлемде пайдаланылмай отыр. Осыған байланысты депутат аталған құжаттарға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Алишер Сатвалдиев онкологиялық және травматологиялық операциялардан кейін пациенттерді оңалтуға қажетті технологиялар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, оның ішінде 3D арқылы басып шығарылатын титаннан жасалған сүйек импланттарының жетіспеушілігін айтып, аталған мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Осыған орай сенатор оларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне енгізу керектігіне тоқталып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Суретті түсірген: Н.Байбулин