Профессор Ахмет Тоқтабай Наурызды зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Ол Наурызға қатысты отыздан аса еңбекті зерделеп шыққан. Сонда байқағаны, Наурызды әр дәуірде түрлі патшалар өз ыңғайларына қарай өзгертпекші болған. Алайда табиғаттың өз қойнауынан шыққан, табиғи процес болғандықтан ешқайсысы құрылымы мен қағидаларын айтарлықтай өзгерте алмаған. Әрі кетсе датасын өзгертуге ықпалды болғанға ұқсайды. Сондықтан ғалым «Наурыз мейрамына қатысты өтірік дүниелерді қосып айтуға болмайды. Наурызға ештеңені алып-қосудың керегі жоқ. Тегінде, ғылымға жүгінген жөн. Тарихи деректерден алып, соны қайта тірілткен дұрыс» – дейді этнолог.
Наурыздың басқа мейрамдардан өзгешелігі – бұл өз алдына бір ғылым. Өйткені 2 жарым мың жылдық тарихы бар бұл мейрамның басында Заратуштра (Зердеш) тұрса, содан кейін Александр Македонский заманында да кеңінен тойланған. Ұлы Ескендір патша Орта Азияны жаулап алғанда Самарқанның стадионында Наурыздың қалай тойланатынын өзі көрген. Сонда 365 адам түн, 365 адам күн болып бір-біріне қарама-қарсы жүрді дейді. Күн мен түн сияқты тоғысып, кернейлетіп, сырнайлатып сондай үлкен мейрам болды делінген деректерде. Осындай тарихы бар мейрам. Сонымен қатар ғылым дейтініміз, Наурызды зерттеген, оны арқау ерткен мықты ғалымдар мен ойшылдар болған. Мысалы Қожа Әли Тирмизи деген ойшыл ІХ-Х ғасырда «Наурызнама» деген кітап жазған. Жоғарыда айтқан біздің заманымызға дейінгі V ғасырда жазылған Заратуштраның еңбегі бар. ХІ ғасырда Омар Хайям да «Наурызнама» кітабын жазды. Бергі орта ғасырды алатын болсақ, Әбу Райхан Бируни, Низами, Науаи, Түркменстанның Мақтымқұлы, түріктердің ғалымдары, өзіміздің Абай мен Алаш арыстары Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, С. Дөнентаев, Х. Досмұхамедовтердің бәрі Наурыз тақырыбына қалам тартқан. Қазақ зиялыларының Наурыз туралы жазудағы мақсаттары – қазақ халқын патшалық Ресейдің құлдығынан алып шығу болатын. Наурызда көктем шығып, жер түлегені сияқты қазақ халқы да түлеп осындай бостандыққа жетеміз деген идеясы болған. 1926 жылы қызыл империя бұл мейрамды діни мереке деген желеумен атап өтуге тыйым салды. Бұл ешқандай діни мейрам емес. Бұл табиғаттың өзіне тән, күн мен түннің теңелуіне байланысты шыққан мейрам».
Тарихшы, этнолог Ахмет Тоқтабай:«Бүгінде Наурыздың тарихын бұрмалап, негізсіз түрлі деректі беталды қоса беретіндер көбейген» -дейді.
«Мәселен қазір біреулер наурыздың шығу тарихы 5-6 мың жыл бұрын дейтіндер шыққан. Ол қисынға келмейді. 5-6 мың жыл бұрын тіпті жазу, сызу болмаған. Олар қандай дерекке сүйеніп олай айтады, түсінбеймін?! Дұрысы – Наурыздың 2 жарым мың жылдық тарихы бар. Иранда Заратуштра деген пайғамбар болған. Оны ағылшын ғалымы Мери Бойс зерттеп, 1970-ші жылдары үлкен кітап жазды. Сонда былай делінген: «Заратуштра Еділдің Каспийге құятын сағасында туған көшпендінің баласы екен. Оқу іздеп Иранға барып, сосын білімпаз болып Наурыз мейрамының қағидаларын жазған» деп айтылады. Негізінде Наурыз отырықшы халықтардың мейрамы болған. Ал біздің «Ұлыстың ұлы күні» дейтініміз Иранға да, басқаға да қатысы жоқ. Тек кейіннен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз болып айтылып кеткен. Оның мәні мынада: Жоңғар шапқыншылығы кезінде, шамамен 1723-1727 жылдары «Ақтабақ шұбырынды, Алқакөл сұламаға» байланысты халық дүркіреп көшіп, босып Орта Азия, Тәжікстан, Бұқара, Самарқанға дейін барды. Сонда жергілікті жердегі отырықшы халықтың мейрамдарын көріп, солармен мағынасы бір екенін көріп «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» деп аталып кетсе керек. Бұл 1750-ші жылдары еді. Біздің халық 30 жыл өткен соң, бір ұрпақ ауысқаннан кейін, кері отанға қайтты. Сол кезден бастап «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» дегенді ала келген. Ал Наурыз парсы тілінде «жаңа күн» дегенді білдіреді.
«Наурыз туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Үйсін Төле билердің заманында Наурыздың қадір-қасиеті барлық ас пен тойдан жоғары болушы еді» дейді. Төле би 12 жыл бойы Ташкенттің бегі болып тұрғанда Жаңа жылды үлкен, 800 жыл жасаған шынар ағашының түбінде тойлайды екен. Астына 100-150 адам сыяды екен. Сол ағаштың астында Төле би өзі батасын беріп, Наурызды атап өтетін болған. Өйткені көшпенділерде мұндай шынар ағаштар өте қасиетті, мәңгі өмір сүреді деп саналған. Сол ағаш әлі күнге тірі тұр. Ел арасында сол ағашты «Төле биді көрген тірі замандасы» деп айтады жұрт. 1956 жылға дейін ол жер біздің территорияда, яғни Оңтүстік Қазақстанның Бостандық ауданында болды. Ал қазір өзбек ағайындарда.
Бұрын қазақ жұлдызнамасы бойынша қыс пен жаздың теңелу уақыты 9 наурызға дәлме-дәл келген. Сол кезде Алаш арыстары «Қазақ газетіне» Наурыздың мән-жайын түсіндіріп, халықты құттықтап отырған. 8 күн бойы тойлаған. Кейін күнтізбе өзгеріп кетті. Ол қалай өзгерді? Қазір біз 14 наурызды көрісу күні деп атап жүрміз. Бұл парсының ескі күнтізбесі бойынша парсы патшаларының әмірімен Иранда жаңа жыл 14-15-сінде тойланған. Содан кейін, осыдан шамамен мың жыл бұрын, 1079-1085 жылдары Мәлік шаһ сол кездегі Иран мен Тұран, Хорасанның ғалымдарын жинап алады. Оларға басшы етіп Омар Хайямды қойып, сол күнтізбемен жұмыс істеп, зерттеп Мәлік шаһтың алдында 21-і мен 22-сінде күн мен түн теңеледі. Содан бері Наурыздың басы осы кез деп белгіленген. Бұл туралы Омар Хайям «Наурызнама» деген ғылыми еңбегінде жазған. Ал бүгін біз «Көрісу күні» деп белгілеп жүрген 14-15 наурыз әлгі парсы патшаларынан қалған ескі күнтізбеден қалса керек. Бұл әсіресе Батыс Қазақстанда соның бір көрінісі ретінде қалып қалған. Оның үстіне бұрын ауа райына байланысты Қазақстанның әр жерінде әр уақытта тойланды. Мысалы Оңтүстікте ерте тойланды. Өйткені олар егінді ерте салатын. Ал қазір бәріміз бір орталыққа бағынғаннан кейін бір мезгілде тойлауымыз керек. Ол дұрыс. Мысалы егіншілік пен Наурызға қатысты мынадай бір ырым іске асырылыпты. Кезінде Отырар оазисінде үлкен, алтын арық болған. Отырар қаласын сумен қамтамасыз ететін барлық арықтың атасы екен. Сонда Оңтүстік жақта сол алтын арықты тазалап, жаңа жылда бір өгізді сойып, қанын сол суға ағызып жіберетін болған. Бұл осыдан бастап «Наурыз келді, егін шүйгін, мол болсын» деген ниетпен жасалған екен. Осы сияқты Наурызға байланысты жасалатын қызық жоралғылар тарихта көптеп кездеседі.
Жазып алған: Назкен Еркін
altyalash.kz