Қанша заман дамыды, түсініктер мен көзқарастар өзгерді дегенімізбен өзімізге тән ұлттық құндылықтар, дәстүр сақталып қалуы маңызды. Соның ара-жігін ажыратып, мән-мағынасына ден қойып жатқанымыз шамалы. Керісінше шет елдің түрлі «патилары» мен «презенттерін» өзімізге таңып, соған барынша ұқсап жатқан жайымыз бар. Асылында, мұндай сауық-кештері мен жоралғылар, түрлі кәде-сый өзіміздің төл дүниетанымымызда толып жатыр. Бірақ соны қаншалықты орнымен қолданып, мән-мағынасына үңіліп жүрміз? Бүгінгі атқарылатын жоралғылармен қандай ұқсастықтары бар? Қазір кең тараған думан, томалақтарды шолып көруге тырыстық.
Бүгінде екі жас отау құрған соң көп ұзамай сәбилі болуы заңды. Алайда қазіргі қоғамда нәрестелі болуға асықпайтын, балаға масыл деп қарайтын, тіпті балалы болуды мүлде қаламайтындар қатары көбейіп келеді. Бұл заман талабына сай шығар, бірақ қазаққа жат екені анық. Қазақ ұрпақ десе жанған отым сөнбейтін болды, түтін түтетер өмір жалғасым келді деп қуанған. Бірақ айтпағымыз ол емес еді. Қазір сәби күтіп жүргендер «Гендер пати» өткізуді әдетке айналдырған. Соны қызық көріп, жасы да, жасамысы да, ұлы да, ері де келіннің ішіндегісі ұл ма, қыз ба деп болжам жасайды. Осы үшін арнайы жиналып, дастархан жайып, шар жарып, түтіндетіп, атой салады. Әрине, бұл зор қуаныш. Бірақ осыған ұқсас жоралғы қазақта да бар және ол әйелдің көтергені кім деп бөліп-жаруға арналмаған. Мәселен, тарихшы Мәкен Молдабаеваның «Қазақы ұлттық руханият» кітабында «Құрсақ шашар» дәстүрі туралы: «ертеде екі жастың сәбилі болуына орай «Құрсақ шашар» жасалынған. Келінінің жүкті болғанын білген тәжірибелі ене ауылдың әйелдерін шақырып кішігірім тойын жасаған. Осы арқылы «келінім ақ алғысты болды» деп қуанышын білдірсе, бір жағынан құрсақтағы баланың бекем өсіп, сау болып тууына тілектестік ниетпен атқарылған. Томалаққа жиылатын аналар келіннің «жерік асын» табамыз деп түрлі дәм әкелген» делінген.
Бұдан бөлек қазір қыз ұзатылар кезде құрбылары жиналып «Хен пати» ұйымдастырып беретін болды. Бұл әдет тағы сол батыстың ықпалынан қалыптасып кеткенге ұқсайды. Атауы да, сол думан үшін жасалатын арнайы реквизиттер де америкалық әйелдер бас қосып жасайтын кештің көшірмесіне айналған. Ұзатылатын қызға арналған сауық-кештері қазақта да болған. Мысалы «Қызойнақ» ұлттық ойын-сауығын айтсақ болады. Бұл туралы профессор Аюбай Құралұлы өзінің «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі» атты еңбегінде жазады. Думан кеші екі түрлі жағдайда жасалса керек. Бірі, ауыл қыздары ата-анасы мен үлкендерінен рұқсат алып өткізеді. Көбіне ши тартып, жүн сабағанда, киіз басқанда ұйымдастырылады екен. Ал екінші жағдайда осы қыз ұзатылар алдында ауыл жастарымен қоштасу ретінде атап өтілген. Әрі оны қыздың аға-жеңгесі ұйымдастырған.
Негізі салт-дәстүр ұғымына елдің рухани өзегі, ұлттың діңгегі деп қараған дұрыс. Айналып келгенде, қай халық болмасын өзіне тән салт, жоралғыларға арқа сүйейді, содан мән табады. Олай болса барынша өз салтымызды танып, оны сақтап, қажет жерінде жаңғыртып отырсақ игі.
Н.Еркін