Бүгінде жұрт Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. Жыл басы саналатын Наурыздың қазақ үшін орны ерекше. Екі жарым мың жылдық тарихы бар мейрамды ел қасиетті, киелі деп таниды. Бұл уақ күн мен түн теңеліп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, табиғаттың қайта түлейтін кезі. Осы орайда белгілі тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай осынау көне мейрамның тарихы мен ерекшеліктерін кеңінен түсіндіріп берген еді.
Тарихшы ғалымның айтуынша Наурыз мейрамын толыққанды атап өту үшін арнайы қағидаларды орындап, бірнеше нақты қадам жасалуы керек.
«Мейрамды қарсы алудың ең бірінші алғышарты – тазалық. Наурызды тойламас бұрын тазалық керек. Алдымен адам өзінің ақыл-ойын, түйсігін, ниетін тазартқаны ләзім. Өткен жылы біреумен ренжісіп қалмадым ба, біреуге ауыр сөйлемедім бе, туыстардың арасында көңіл түзу ма деп өзіне сұрақ қоюы керек. Ондай өкпе, реніш болса бәріне кешіріммен қарап, жаңа жылға жаңа ақыл-оймен, таза ниетпен қадам басуы шарт. Мұны рухани тазару дейді. Одан кейінгі амал – өмір сүріп жатқан аумақты, үй мен қора-қопсыны тазалау. Ескі заттардан арылу. Әркім өз үйін ретке келтірген соң, ауыл, қала, қауым болып қоршаған ортаны тазартады. Бұлақтың көзін ашып, ағаш егеді. Наурыз тойлайтын күні жақсы киім киініп, тап-таза болған абзал. Екіншіден, көрісу, елмен араласу. Адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, төс қағыстырып, хәл сұрасады. Қазақтар бұрын қытымыр қыстан шыға алмай араласудан қалатын. Наурыз айында соның орны толып, көрісіп, сағыныштары басылып, көңілденіп қалатын болған. Наурыз тойлайтын адам кемінде қырық үйге кіріп шығуы керек деген түсінік бар. «Қырықтың бірі қыдыр» деген содан шыққан. Соның біреуі Қыдыр болып жолығады деп сенген. Қыдыр Ата мифологиялық образ болғандықтан ол ақыл-ойы, пейілі таза, арамдығы жоқ, үй-іші таза адамдарға көрінеді. Сондай үйді аралайды екен. Үшіншіден, Наурыздың тағамдары. Наурыз көже – нағыз мейрамның сәні. Әр отау Наурыз көже пісіріп, тойып ішуге ұмтылады. Бұрынғы кезде бай-бағландар Наурыздың тойын жасауды өз мойындарына алған екен. Сонда соғымнан қалған сыбаға еттерді 200 литрлік үлкен-үлкен тайқазандарға салып, көже пісіретін болған. Ауылдың ортасына қойылған қазаннан кимешек киген, көпті көрген әжелердің бірі бастап дәм татып, артынан халыққа таратылған. Ортақ қазаннан дәм татқаны ынтымақ-бірлігі берік болсын дегені. Төртіншіден, мерекелік ойындар. Бұл көпке созылады. Көкпар тартылып, бәйге ұйымдастырылады. Аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге ілу, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар өткізіледі. Алтыбақан тепкен жастар ән айтып, күй тартады. Осы тұста айта кетерлігі, Кеңестің бізге енгізіп жіберген «Ғашықтар күні», «Халықаралық әйелдер күні» деген сияқты мейрамдар негізінен қазаққа жат. Оның бәрі осы Наурызнаманың ішінде тұнып тұр. Наурызды он күндеп тойлаған. Соның ішінде әлгі жас жігіттер мен қыздардың бір-бірін қонаққа шақырып, қыздардың «Ұйқыашар» жасап, жігіттердің «Селтеткізер» беретін кезеңдері осы Наурыздың аясында болатын дүниелер.
Жалпы «Наурыз» деген сөз бес ұғымды білдіреді. Наурыз – жаңа жылдың бірінші күні. Екінші – жаңа жылдың бірінші айы. Үшінші – қазақша Жаңа жыл. Төртінші – мейрамда берілетін ас тағамының аты. Бесінші – қазақ әдебиетінде Наурыз жырлары көптеп кездеседі».
Тағы да Ұлыс күні ұлы адамнан бата алсаң бақытты боласың деген наным бар. Сол сияқты Наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні бұрынғы кезде етке салатын қамырдан «қалтырауық қара кемпірдің» мүсінін әдейілеп жасап наурыз көженің сорпасына қайнатып, салып жібереді екен. Бұл «қыс кетті, мынау қалтырауық қара кемпір өлді» деп ырым қылған. Соғымнан қалған етпен бірге қамыр әбден қайнап, пісіп, жоқ болып кетеді.
Сосын бұрынғы уақта күн мен түн теңелген кезде патшалар тағынан түсіп, тағын құлға беріп қояды екен. Ал балалар түн ортасында тайынша үстіне қуыршақ байлап, көше бойы қуалап ойнайтын болған. Бұл бір балалардың ойыны.
Наурыз кезінде көршіміздің туысы болды, сол кісі терезенің алдына келіп жарапазан айтатын. Айтқанда енді дауысы керемет, не бір тілектер жыр болып төгілетін. Сол кісінің алдынан шығып үйге кіргізіп, дастарханға отырғызып дәм татырамыз. «Әлі баратын үйім көп» деп шығып кететін. Балалар да жарапазан айтатын, айта берсін. Оның да мән-мағынасы жақсы.
Наурыздың батасында «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деп жатады. Бұл бекерге емес. Өйткені Наурыздың өзіндік практикалық маңызы бар. Оны зерттеушілер де байқаған. Қазақ қысы-жазы ет жейді деп жиі айтылады. Асылында, ол – олай емес. Қыстағы бүкіл соғымның еті желініп, сыбағасы біткен соң, көктемде мал көп төлдейді де,
осы Наурыздан бастап халқымыз ет тағамдарынан ақ тағамдарға көшеді. Бұл кәдімгі маусымдық диета секілді. Мұны орыстың ғалымдары да байқаған. Асқазанға ауыр болмас үшін қыс бойы жаппай желінген ет көктем, жазда жеңіл асқа, яғни ағарғанға ауыстырылады. Көшпендінің қыстай етке толған қарны Наурыздан кейін біртіндеп демалып, күзгі соғымға дейін жалғасады. Сонда бізде маусымдық диета болған. «Ақ мол болсын» дейтіні содан».
Жазып алған: Назкен Еркін
altyalash.kz