Алматыда «Салауатты ұрпақ-Қазақстан болашағы» атты III Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның басты оқиғаларының бірі болған Live-surgery халықаралық мастер-кластар өтті.
Форумның жұмысына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Денсаулық сақтау министрлігі аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова қатысты.
Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа жобалары іске асырылды: 2024 жылы елімізде алғаш рет феталдық хирургия, ұрықты сақтау орталығында «Бір күндік клиника» енгізілді.
Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген дәрігерлер мен мамандар Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында үздік сарапшылардың егжей-тегжейлі түсініктемелерімен 15 жоғары технологиялық операцияны тікелей эфирде бақылады.
Операциялардың қатарына плацентаның өсуі кезінде жатырды сақтау бойынша сирек араласулар, V-NOTES аз инвазивті технологиялары, 18 апта мерзімінде ұрық-акардиустағы тамырлардың фетоскопиялық лазерлік коагуляциясы, сондай-ақ итальяндық әріптестерімен бірлесіп жүргізілген балалардағы туа біткен жүрек кемістіктері хирургиясының аса күрделі жағдайлары жатады.
Мұндай мастер-кластар қазақстандық мамандарды практикалық оқытудың және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасудың маңызды элементіне айналуда.
Конференция Қазақстаннан, Ресейден, Үндістаннан, Италиядан, Қытайдан, Израилден және басқа елдерден үздік дәрігерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың қатарынан 600-ден астам қатысушыны біріктірді.
Конференцияның құрметті спикерлерінің арасында медицина саласындағы үздік мамандар сөз сөйледі.
Форум алаңында Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнар Нұрланова негізгі баяндама жасады. ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин репродуктологияда жасанды интеллектті қолдану туралы баяндама жасады.
РҒА профессоры Роман Шмаков (МОАГҒЗИ, Мәскеу) акушерліктегі тромбоэмболиялық асқынулар тақырыбына, ал профессор Рена Зинченко (Бочков атындағы ММҒО, Мәскеу) – педиатриядағы тұқым қуалайтын ауруларды диагностикалау мәселелеріне баяндама жасады. Медицина ғылымдарының кандидаты Елена Андреева (МОАГҒЗИ) ұрықтың ауытқуларын ерте анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеу мүмкіндіктері туралы айтты. Валье-де-Лили клиникасының (Колумбия) профессоры Альбаро босанғаннан кейінгі қан кетуді тоқтату әдістері туралы, ал Шарбель Саэд (Agilent Technologies, Франция) заманауи геномдық технологиялар туралы баяндама жасады.
Конференция медициналық біліммен алмасу алаңына ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы дамудың жоғары деңгейін растауға айналды.