Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Кітапхана ісін дамытудың заманауи тенденциялары» тақырыбына арналған дөңгелек отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп отырысты аша келіп, кітапханалардың білім, мәдениет және қоғамдық диалог орталығы ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол жас ұрпақтың сұранысы мен цифрлық технологияны ескере отырып, оларды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ оқырман мәдениетін қалыптастыру мен білім беру үдерістерін қолдаудағы кітапхананың рөліне назар аударды.
«Технологиялық қарқынды даму жағдайында кітапхана жүйесін жаңғырту, оны цифрлық тұрғыда және жастардың жаңа сұранысына бейімдеу аса маңызды. Бұқараның білімге теңдей қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін аймақтық және мамандандырылған кітапханаларды дамытуға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қамтуға ерекше назар аудару керек. Кітапхана қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және күшті кадр әлеуетін қалыптастыру – осы саладағы тұрақтылықтың кепілі. Мекемеаралық өзара іс-қимылды өрістету және жүйелі мемлекеттік қолдау арқылы біз қоғамның зияткерлік және рухани дамуының негізі ретінде оқу мәдениетін қалыптастыра аламыз», – деді Нұртөре Жүсіп.
Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов өз кезегінде бүгінгі таңда Қазақстанда кітап пен оқырман арасындағы маңызды мәдени көпір ретінде қызмет ететін 3 890 қоғамдық кітапхана бар екенін атап өтті. Олардың қоры 72 миллион данадан асады. Қазіргі кезде жылына 5 миллионнан астам тұтынушы және 55 миллион келуші тіркелді. Әйтсе де кітапхана жүйесінде бірқатар қиындықтар байқалып отыр. Олардың ішінде нормативтік-құқықтық базаның ескіруі, өңірлердегі кітапханалар санының азаюы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және мамандар жалақысының төмендігі бар. Соңғы жылдары ондаған кітапхана жабылды, әсіресе тұрғындар аз қоныстанған ауылдарда ақпарат пен мәдениетке қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі болып отыр.
Сондай-ақ, ұлттық және өңірлік кітапханалардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, білім және мәдениет саласындағы сарапшылар баяндама жасады.